Сайлау БАТЫРША-ҰЛЫ, дипломат: Тәуелсіздік самарқаулықты кешірмейді

Кейіпкеріміз – Сайлау Батырша-ұлы ғұмырының елу жылын мемлекеттік қызметке, оның ішінде асқан ұстамдылық пен шешімталдықты қажет ететін дипломатия саласына арнаған тұлға. Адамға мінез – болмыстан. Кеңес Одағының салтанат құрып тұрған кезінде аты-жөніне «-ов», «-ев» орысша қоcымшасын алмай, Момыш­ұлы салған дәстүрмен «ұлы» деп жазды. Мұның өзі – ерлік. Ал тәуелсіздіктің елең-алаңында Сырт­қы істер министрінің орынбасары, министрдің міндетін атқарушы ретінде әне-міне дербестікке қол жеткізгелі тұрған Қазақстанның алпауыт мемлекеттер – Америка, Қытай, Түркия, Араб елдерімен байланыс орнатуына елеулі еңбек сіңірді.
«Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» атты сұхбат кітабында ағамыз осынау қилы кезеңнің естелігін әсерлі жеткізеді. Ел мүддесіне келгенде тайсақтауды білмейтін Сайлау Батырша-ұлы жетпістің бесеуіне шықса да, әлі күнге Сыртқы істер министрінің бір мүйісінде кейінгі буын дипломаттарға бағдар беріп,
Еуразия ұлттық университетінде профессор болып жүр. Кабинетіне кіріп барғанда, сөре толы пәпкелердің сыртындағы жазуға көзіміз түсті. Болашақ кітапқа енетін тақырып­тардың картотекасы екен. Одан жоғары, қабырғада қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат Нәзір Төреқұлұлының портреті ілулі тұр. Әңгімеміздің реті де осылай басталды.

Тілімізді тойда тост айтатын деңгейге түсірмейік
– Кітабыңызда қайраткер, дипломат Нәзір Төреқұлұлының 1926 жылғы Бакуде өткен түркітанушылардың Бүкілодақтық құрылтайында сөйлеген сөзінде қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікмен әзербайжанға ортақ латын негізіндегі жаңа түркі әліпбиін жасауды қолдағаны жөнінде дерек келтіресіз. Қазақстанда латын әрпі оншақты жыл қолданыста болды да, кейін Кеңес өкіметі кириллицаға көшіріп жіберді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына қол қойды. Қалай ойлайсыз, латынға көшкеннен кейін қазақ түркі дүниесімен жақындай түсе ме? Жалпы, латын қарпі тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, ғы­лым мен білімнің тілі болатынына сенесіз бе?
– Орыс әрпінен шығып, латын әліпбиіне көшу – деколонизация үдерісіндегі батыл қадам. Нәзір Төреқұлұлы өзі арабтанушы болса да, араб графикасының заман талабына сай келмейтінін біліп, жаңа әліпбиге қолдау білдірді. Алайда, түркі халықтарына ортақ латын жазуы ұзаққа бармағанын білесіздер. Н.С.Хрущев билікке келместен бұрын одақтас республикалардағы орыс мектептерінде жергілікті халықтың тілі оқытылушы еді. Хрущев келді де: «Орыс тілін қаншалықты тез үйренсек, коммунизмге соншалықты тез жетеміз» деген жалған ұранмен жаппай орыстандыру науқанын бастады. 1965-1967 жылдар аралығында Алматыдағы жалғыз №12 қазақ мектеп жабылды. Сол уақыттағы республика басшысы осындай қиянатқа қалай жол бергенін осы күнге дейін түсіну қиын. Он бес республиканың ішінде біз ғана ел астанасында ана тілінде оқытатын мектепті жауып тастадық. Осының кесірінен өз тіліне шорқақ, мемлекеттік тілді менсінбейтін, ұлттық ұстынынан ажырап қалған бүтіндей бір ұрпақ өсіп шықты.
Ал латын қарпіне көшу осы қиянаты өткен орыс әлемімен, орыс тілімен жымдасып кеткен саясаттан ажыратады. Қарап отырсаңыз, Кеңес Одағы күйреп, тәуелсіздікке қол жеткізген сәтте әзербайжан, өзбек, түрікмендер көп ұзамай әліпбилерін латынға ауыстырып алды. Ондай ниет бізде де болды, ауық-ауық көтерілген де. Бірақ түрлі желеумен кейінге ысырып келдік. 2012 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев
«Қазақстан – 2050» Стратегиясында қазақ әліпбиін кириллицадан латын әрпіне көшіру керек екенін айтты. Қазір әлем қазақтары үш түрлі әліпби қолданамыз: Түркия мен Еуропадағылар – латынша, Қытай, Ауғанс­тан тарабындағылар араб графикасына негізделген төте жазумен, ал біз және Моңғолия қазақтары кириллицамен жазамыз. Осы тұрғыдан алғанда, бұл ұлтты біріктіруші, тарыдай шашылған қазақты бір идеяға ұйыстырушы, түркі дүниесімен табыстыратын үлкен фактор деп білейік. Рас, қабылданған алфавит нұсқасына қатысты орынды-орынсыз пікірлер айтылып жатыр. Бірақ мұның бәрі – техникалық мәселе. Жүре түзеледі. Мені қинайтыны басқа жәйт. Кезінде Кеңес Одағы қазақ тіліне жасаған қиянатын қазір дербес ел бола тұра, өз қолы­мызбен
қайталап істеп отырған сияқтымыз. Бұрын айтысып-тартысып жүріп орыс мектептерінде мемлекеттік тілді оқыту аптасына бес сағатқа ұзартылған еді. Кейінгі жылдары Білім және ғылым министрлігі оның орнын ағылшын тілі және басқа қажеті жоқ пәндермен алмастырып, үш сағатқа кемітіп тастады.
– Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтың келуімен үдеген өзгерістерді меңзеп отырсыз ғой….
– Иә, министр жасап отырған өзгеріс – реформа емес, төңкеріс. Сағадиев жеделдетіп енгізуге соншалықты құлшынып отырған үш тілді мектеп моделі дамыған елдерде, тіпті ТМД аумағында жоқ. Оның айтуынша, жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде оқытылса, дамыған елдердің деңгейіне бір-ақ шығады екенбіз. Айналайын-ау, Ұлыбританияның колониясы болған Нигерия, Гана, Зимбабве, Эфиопия, Пәкістан, Бангладеш, Шри-Ланка және басқа отарланған елдерде ағылшын тілін жаппай оқытты. Неліктен солар қарыштап дамып кетпеді? Олардың халқы шетінен білімдар, ғалым, жоғары санатты маман боп кеткен жоқ. Сол баяғы мешеу қалпында қалды. Біразы күн көру үшін бұрынғы отаршыл елдерде қара жұмыс жасап жүр. Үндістанның ұлт көсемі Махатма Ганди халқының ағылшын тіліне толық көшуін құптай қоймаған кезінде. Өйткені кез келген халық өз ана тілінде білім алып-ақ еңбек ете алады. Ағылшын тілі дипломаттарға, мемлекеттік қыз­меткерлерге, ғалымдарға, шетелмен жұмыс істейтін басқа да мамандарға ғана қажет. Елімізде 30-дан астам университет шет елмен қатынастарда ағылшын тілін білетін мамандарды дайындайды. Сондықтан өз ана тілін оқымаған алты жасар баланы шет тіліне мәжбүрлеп оқытудың қажеті жоқ. Кімде-кім «балам шет тілін білсін» десе, өз еркі. Оларға арнаулы мектептер баршылық. Ал ел ішінде қарапайым қоңыр тірлік кешіп жүрген ортаңқол маманға, қатардағы жұмысшы, малшы, құрылысшы, базарда отыр­ған сатушыға 12 жыл бойы шет тілін оқытудың қажеті шамалы.
– Қарапайым қазақ балалары ағылшын тілін үйренуіне қарсысыз ба, сонда?
– Сіз мені дұрыс түсінбей отырсыз. Айтпағым, 27 жылда Конс­титуциядағы «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген талапты орындамаған, онсыз да тілі алашұбар халыққа тағы да үшінші тілді тықпалау – қате. Біз балаларды үш тілде бірден оқытып дүмше қыламыз. Өзің ойлашы, математика, физика, химияны ана тілінде беретін мұғалім тапшы. Химия пәнінде «валенттіліктің» не екенін білмей өскен балаларды көрдік. Ал осы пәнді ағылшынша оқытатын соншама мұғалімді қайдан таппақпыз? «Жедел курстарда оқытып жатырмыз» деп көзбояушылық жасап жатыр. Апыр-ау, көзіміз көріп отыр, шетелде бес жыл тұрып келген мамандардың өзі толыққанды сауатты аудара алмайды, олар шет тілін білгенімен, пәнді білмейді. Ал бір тақырыпты ағылшын тілінде бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп беретін мұғалім, ауылда тұрмақ қалада да жоқтың қасы. Атам заманнан белгілі қағида, білімді, мамандықты қай тілді жақсы білсең, сол тілде алу керек. Ана тілінен бас тартып, шет тілінде білім, мамандық аламын дегенді мен түсінбеймін.
– Әрине, сөзіңіздің жаны бар. Менің қырықтың бесеуіне келіп қалған, орта мектепте ма­­те­матика, физикадан сабақ беретін апайым қазір жергілікті білім басқармасы ұйымдас­тырған жедел ағылшын тілі курсына барып жүр. Айтуынша, маңдытып оқытып жатқан жоқ. Әйтеуір қолдарына сертификат береді. Одан гөрі қолда барды ұқсатып, іріктеусіз-ақ кез келген ата-ана қаласа баласын бере алатын, ағылшын тіліндегі бірді-екілі мектеп ашса да жеткілікті емес пе?
– Бізде ағылшын тілінде оқы­тудың жүйесі қалыптасып қалды. Айталық, Назарбаев зият­керлік мектептері, Білім-инновациялық лицейлер (бұрынғы қазақ-түрік лицей – ред.), Назарбаев университеті, Қазақ – Британ университеті, КИМЭП, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, ұлттық һәм мемлекеттік университеттердегі халықаралық қатынастар факультеті мен шет тілдер кафедралары жеткілікті. Оның үстіне осы уақытқа дейін «Болашақ» бағдарламасы бо­йынша қаншама жас шетелдің оқу орындарын тәмамдап келді. Яғни, тіл үйренгісі келетіндерге барлық жағдай жасалған. Осылардың бәріне жұмыс тауып берейікші әуелі. «Жібекті түте алмай жүн қылып отырмыз», ал барлық орта мектептерде жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқытамыз деу – қазақ тілін білім, ғылым тілінен алшақтату, кемсіту, ән айту мен тойда тост сөйлеу деңгейіне дейін жеткізу. Бұрыннан белгілі, әлемде жыл сайын қаншама тілдің жоғалып жатқаны. Бұл бағытпен кете берсе, ғылымның, технологияның тілі болудан қалса, қазақ тілі де сол тұрмыстық «өлі» тілдердің кебін кимейтініне кім кепіл? Астана қаласы «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы ретінде талай орыс мектептерін араладым. Көпшілігі – өзіміздің
қаракөздер. Жеке отбасы жағ­дайы туралы қазақша қойылған қарапайым сұраққа жауап бере алмайды. Ал біз керісінше туған тіл есебінен шет тілдің беделін арттырғымыз келеді. Оқу, білім, мәдениет саласы революциялық жолмен дамуға көнбейді. Оған дәлел – Кеңес Одағындағы, кейін Қытайда қайталанған «мәдени төңкеріс». Ақыры интеллигенция, мәдениет, ғылым қайраткерлерінің өмірін жалмап, халықты қасіретке ұшыратты. Жаһандану заманында ағылшын тілі керек. Оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ оны науқаншылдыққа айналдырып, барлығын бірдей сайратып шығарамын деу – асырасілтеушілік. Жалғыз бір тілге жабысып қалмай, ағылшыннан басқа француз, неміс, испан, қытай, жапон, араб, корей тілдерін де үйрету керек. Осы айтылған тілдерде де әлемде озық білім, ғылым, заманауи технология дамып жатыр.

Дипломатияда құжат қазақша болсын

– Тіл тағдырына келгенде тартынып қалмайсыз. Осы орайда есімізге Марат Тәжин
сыртқы істер министрі боп тұрған кезде шетел елшіліктермен құжат айналымы қазақша жүргені есімізге түсіп отыр… Соны айтып берсеңіз.
– Иә, 2011 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун өзіне орынбасар қылып, Женевадағы бөліміне бас директор болуға шақырғанда, орнын білікті кадр Марат Тәжин алмастырды. Ол кезде мен Сыртқы істер министрінің штаттан тыс кеңесшісі едім. Марат Мұханбетқазыұлының кейбір жиындарда орысша сөйлегенін көріп жүрдік. Ол басшы боп таға­йындалды дегенде «министрліктегі қазақ тілі тағы кері кете ме екен» деп ойладым. Сыртқы істер ведомствосына жетекшілік еткен Қасым-Жомарт Кемелұлы мектеп пен университетті орысша тәмамдап, ұзақ жыл сыртта жүргеніне қарамастан, жоғары лауа­зымды қызметке келгенде ана тілін тез үйреніп алған табанды жан. Қазақ тіліне шорқақтығына түрлі сылтау айтатын намыссыз шенеуніктерге осы кісіні үлгі тұтар едім. Марат Тәжин де мен күткен үміттің үдесінен шыға білді. Келген бетте қазақша сөйлеп, баяндамаларының денін қазақ тілінде жасады. Осыған орай, министрге Астанадағы елшіліктерге нотаны қазақша жазсақ деген ұсыныс білдірдім. Бұл ойымды құптады. Елшіліктерге нотаны қазақша жібере бастадық.

Мемлекеттік мүдденің ұсақ-түйегі болмайды

– Енді әңгіме ауанын сырт­қы саясаттағы көзге көрінбей­тін жеңістерге бұрайық. Кіта­бы-
­ңыз­дың мазмұнынан аңғар­ғаным – Қазақстан СССР құрамынан шықпай тұрып-ақ, шетелдермен байланыс орнатуды бастап кетті. 1990 жылы Қазақ ССР Сыртқы істер министрінің орынбасары боп тағайындалған соң, еліміздің БҰҰ-ға мүше болу мүмкіндігі туралы ашық пікір білдіресіз. 1991 жылы қазан айында Нью-Йорктегі БҰҰ-ның Бас Ассамблеясына КСРО делегациясының құрамында барған кезде, БҰҰ төрінен Қазақстанның тәуелсіздікке ұмтылысы туралы мәлімдеп, АҚШ Конгресі депутаты, Мемлекеттік департамент өкілімен кездесіп, бізді қолдауға үндейсіз. Дербес ел атану жолындағы «мылтықсыз майдан» қалай жүрді?
– Мен 1967 жылы Дипломатия академиясын бітіріп Франция, Алжир, Конго елдерінде дипломатиялық қызмет атқардым. 1990 жылы Кеңес Одағына тықыр таянып, жағдайдың аумалы-төкпелі боп отырғанын байқап-біліп жүрмін. Балтық жағалауы елдері 1940 жылға дейін дербес мемлекет болған, олар Молотов-Рибентроп пактісінің заңсыздығын алға тартып бірден бастарын арашалап алды. Басқа елдер де көп ұзамай мемлекеттік егемендіктерін жариялағалы отыр. Ал бізде жағдай күрделілеу еді. Өйткені өзге ұлт өкілдерінің саны басым, қазақтардың көбі ауылдық жерлерде тұрады, саяси күш боп бірігу қиын. Оның үстіне М. Горбачев Министрлер Кеңесінің Төрағасына Нұрсұлтан Әбішұлын ұсынып, Орта Азия республикаларының Одақтан шығып кетпеуіне алдын ала қам жасап отыр. Сол жылы
1 маусымда Қазақ КСР Президенті Н.Назарбаевқа хат жазып, қабылдауын өтіндім. Ертесіне өзіне шақыртты. Әңгіме барысында «КСРО тарайды, сол жағдайда
тәуелсіздікке әзір болуымыз керек» дегенді айттым. Ол кісінің ойы да сол екен, ниетімді құптап әрі дипломаттық тәжірибемді ескеріп, Сыртқы істер министрі­нің жалғыз орынбасары қызме­тін ұсынды. Сөйтіп, 1990 жылы Мемлекеттік егемендік туралы декларация жарияланғаннан
кейін тәуелсіздік үшін Мәскеумен күресу, Қазақстанның сыртқы
саясатын жүргізіп, әлем елде­рімен байланыс орнату дипломаттарға жүктелді.
– Сайлау аға, енді халықаралық тақырыпқа көшсек. Кейінгі жылдары елімізге Қытайдың экономикалық ықпалы күшейді. Бұған не дейсіз?
– Әрине, қытай-қазақ мемлекеттік, дипломатиялық қатынастар соңғы жылдары жоғары деңгейге шықты. Біздің елдер Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Азия­дағы Өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше. Екі ел арасындағы сауда-
экономикалық байланыстардың белсенділігі артып келеді. Шетелдегі ең көп қазақ этносы – 2 миллионға жуық қандасымыз Қытайда тұрады. Сондықтан Шығыстағы көршімізбен тұрақты, достық қарым-қатынасты сақтау – біздің бірінші кезектегі мүдделеріміздің бірі. Қытайдың «Бір жол, бір белдеу» жобасына «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» транзиттік дәлізін салу арқылы біз де үлесімізді қосып отырмыз. Ресейге, Еуропа және Азия елдеріне тасымалданатын транзиттік жүктің 20 пайызы Достық-Алашанькоу темір жол өткелі арқылы өтеді. Жалпы «Дос­тық» стансасының маңызы зор. 2020 жылға дейін станса арқылы жүк тасымалын 20 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл – жақсы нышан.
Қазақстан өз алдына дербес мемлекет болғалы, сыртқы экономикалық байланысты Қытайдан бастаған еді. 1990 жылы 12 қыркүйекте Қазақстан мен Қытай темір жолы ашылып, «Достық» стансасында тоғысқанда, салтанатты шараға Қазақстан делегациясын Премьер-министр Ұзақбай Қараманов бастап барды. Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұхамеджан Қаратаевтың кабинетінде Алматы темір жолының басшысы Нығмет Есенғаринмен айтысып қалғанымыз есімде. Ол «Достыққа» баратын арнайы пойызға КСРО туын іліп, Қытай Халық Республикасының гимнінен кейін КСРО-ның гимнін орындауды, алғашқы сөзді Мәскеуден келетін Жол қатынас­тары министрінің орынбасарына беруді ұсынды. Ал мен оған қарсы шығып, Қазақ КСР Конс­титуциясына сәйкес арнайы баратын по­йызға Қазақстанның мемлекеттік туы мен гербін ілуді, бірінші сөз делегацияны бастап баратын Ұзақбай Қарамановқа берілу керек екенін дәлелдедім. Халықаралық хаттамада мемлекеттік мүдденің ұсақ-түйегі бол­майды. Бұл қазақ-қытай ара­сындағы жоба болған соң, өз аты­мыздан әрекет етуіміз дұрыс болды. Ұзекең мемлекетшіл адам еді. Сол табандылығыма риза болды ма, жолшыбай бас штаб вагонында бір топ шенеунік, жур­налистердің көзінше «Міне, Момышұлынан кейінгі, нағыз қазақ Батырша-ұлы келе жатыр, ал басқаларың орыс фамилиясын алып, орыс болып кеткенсіңдер» деп салғаны есімде. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы қазақ-қытай қарым-қатынасы осылай өрбіген. Ал қазір Қытай біздің экономикамыз үшін ірі инвестиция көзі болып отыр.

Қазақстанның Таяу Шығыстағы ұстанымы

– Сұхбатымызды өзіңіз жағ­дайымен жете таныс Таяу Шы­ғыстағы мұсылман елдеріндегі ахуал туралы пікіріңізбен түйіндесек. Арабтанушысыз. Ташкент мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезде Дамаск университетінде бірінші қазақ болып оқуға бардыңыз. Одан бері де дипломатиялық қызметпен Израиль және Палестинада болып, екі ортаның жағдайын іштен бақылауға мүмкіндік болды. Қазақстан Сирия қақтығысына бейбіт келіссөздер жасауға өз алаңын ұсынып отыр. Жақында Астана процесінің 7-ші кездесуі өтті. Бұл Қазақстанның дипломатиядағы беделін білдіре ме?
– Жалпы, Қазақстанға саяси-экономикалық байланысты дамыту үшін таяу жатқан елдердің тыныштығы керек. Сондықтан, Сирия қақтығысын бейбіт жолмен шешу үшін өз алаңымызды ұсынуымыздың бір себебі – Таяу Шығыс елдеріндегі тыныштықты сақтау. Өйткені Каспийдің үс­тімен, немесе Тәжікстан, Түркіменстан, Иран, Түркия арқылы Сирияға санаулы сағатта жетуге болады. Тарихқа көз салсақ, Қазақстанның оңтүстік өңірі Дамаск халифатының қарамағында болған. Әбу Насыр әл-Фараби сияқты бабамыз Шамға барып оқып, ғылыммен айналысқанының себебі осы.
Мен өткен ғасырдың 60-шы жылдары Сирияға Ташкент мемлекеттік университетінің жолдамасымен оқуға аттанғанда, Әл-Фарабидің басына барып дұға оқыған бірінші қазақпын. Ол заманда Сирия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы дамыған, мәдениеті, білімі жоғары мемлекет еді. Бүгінгі азаматтық соғыс салдарынан қираған қалаларды, баудай қырылған адамдарды көріп жаным ашиды. Кейін шығыстанушы, дипломат інім Бақытты Батырша-ұлы Мысыр архитектурасындағы мамлюктер қолтаңбасы туралы кітап құрастырды. Ондағы архитектуралық нысандарды өзі суретке түсіріп, дерегін қазып, бір жүйеге түсірген еді. Алтын Орда мен Мысыр мамлюк елінің байланысын жандандырып, кітаптың алғысөзін Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы өзі жазды. Ол уақытта Мысыр мен Сирия бір мемлекет болған. Бейбарыс өмірінің соңғы жылдары Дамаскіге келіп мекендеген. Египеттің басшысы Мүбәрак, Сирия Президенті Башар Асад та Крест жорығы мен Шыңғысхан шапқыншылығынан аман сақтап қалған, қазақ топырағынан шыққан Бейбарыс Сұлтанға алғысын білдіріп, кесенесін реконструкциялауға Қазақстан үкіметіне ресми түрде рұқсат берген. Құрылыс біте келгенде соғыс өрті лап етіп, оның салтанатты ашылуы тоқтап қалды.
Жалпы, халықаралық имперализм мен сионизм бірігіп мұсылман әлемін алатайдай бүлдіріп жатқан сияқты әсер қалдырады. Тек Сирия емес, ислам әлеміндегі ірі қақтығыстар Палестина, Джамму мен Кашмир, Ирак, Ауғанстан, Әзербайжанның Таулы Қарабағы, Йеменде де оқтын-оқтын атыс-шабыс боп жатыр. Әлемдік реакциялық күштер қолдан жасаған «Ислам мемлекетін» құрамыз деп қаншама шетелдік мұсылмандар, қазақ азаматтары адасып жүр. Осының бәрі біздің де бұл мәселеге бей-жай қарай
алмайтынымызды білдіреді. Екінші жағынан, өзіңіз айтпақшы, Қазақстанның халықаралық аренада айтарлықтай беделі бар. Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне уақытша мүшелікте. Біздің бастамамызбен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құрылды. Жиыр­ма жылдан астам уақыт ішінде АӨСШК өңірлік қауіпсіздікті нығайтуда өз өміршеңдегі мен қажеттілігін дәлелдеді. Оған қоса, Қазақстан – Ислам ынтымақтас­тық ұйымына мүше. БҰҰ-дан кейінгі ең ірі халықаралық ұйыммен алғашқы қарым-қатынас 1991 жылдың қыркүйек айында басталған. Сенегалда, Дакар қаласында өткен Ұйымның саммитіне Президент Н. Назарбаевтың шешімімен Сыртқы істер министрінің міндетін атқарып жүргенде қатыстым.
– «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» кітабыңызда ИЫҰ мүше елдердің бостандығын сақтап қалуға жәрдем береді, мұсылман елдері арасындағы жанжалдарды өзара бітімге шақырады депсіз. Бірақ, іс жүзінде, араб мемлекеттерінің өз арасында алауыздық бар…
– Өкінішке қарай, Ислам ынтымақтастық ұйымы мұсылман әлеміндегі тыныштық пен бейбітшілікті сақтауға, өзара әріптестік орнатуға мардымды ықпал жасай алмай отыр. Себебі араб мемлекеттерінің арасында алауыздық туып, бір тобы АҚШ, Еуропаға сүйенсе, екіншісі – Ресей мен Ираннан жәрдем күтеді. Сол жағдайда оларға біз сияқты бейтарап жақтың көмегі қажет. Еуропаға барып келіссөз жүргізейін десе, олар Асад режиміне қарсы. Араб елдерінде мұндай жиналыс өткізейін десе, тағы да мүдделер қақтығыс орын алады. Сондықтан келіссөздерге бейтарап позициядағы біздің ел сай келіп тұр. Халықаралық қауымдастық тарапынан Астанадағы келіссөздердің нәтижесі жақсы бағаланып жатыр. Сириядағы азаматтық соғыс әскери күшпен шешілмейді, себебі алпауыт империялар бұл стратегиялық маңызы бар аймақты өздеріне бағындыруды көздейді. Таяу Шығыс проблемасы Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы және де халықаралық қауымдас­тық күшімен ғана, барлық тарап келісімге келіп бейбіт жолмен шешілуі керек. Егер Сириядағы ахуал ретке келсе, бұл Орталық Азияның да, Қазақстанның да тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Әділбек ЖАПАҚ

Сонымен қатар

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ: ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ САБАҚ

Тәуелсіздіктің бізге берген ең үлкен жемістерінің бірі – біз еркін ойлауды үйрене бастадық. Елбасы ұсынған …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған