-->

Сайлау БАЙЗАҚОВ, халықаралық басқару академиясының академигі: ӨЛШЕМІ БАР ЭКОНОМИКА ҒАНА РЕТТЕУГЕ КӨНЕДІ

Саналы ғұмырын ел экономикасын дамыту мен оны терең зерттеуге арнап келе жатқан көрнекті ғалым Сайлау Байзақовтың туған халқы үшін атқарған еңбегі зор. Биыл ардақты азамат сеңгірлі сексенге толады. Сонда да қажырлы қайратынан таймай, ел игілігінің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Таяуда ағамызбен жүз­десіп, өмір жолынан ой тартып, экономикалық тақырыпта әңгіме өрбіткен едік.

erm_0853

ЭКОНОМИКАНЫҢ ДАМУЫН ИННОВАЦИЯЛАУДЫ ҮШ ТҮРЛІ БАҒЫТТА ЖҮРГІЗГЕН ДҰРЫС

– Өткен жылы тәуелсіз­дік­тің ширек ғасыр тойын атап өттік. Әрине, 25 жыл деген аз мерзім емес, біраз қиыншылықтар да болды. Бүгінгі күнмен сараптап қарағанда ел экономикасы қандай табыстарға қол жеткізді, олқы тұстарымыз қайсы? Осыған тереңдеп тоқталсаңыз?
– Өмірде өткен уақыт туралы айтудан оңай дүние жоқ. Кеңес үкіметінің тұсында жалған идеология мен саяси-әлеуметтік және экономикалық мен­шіктер мәселелерін шешу кезінде шырмалып қалған кедергілерден көз ашпадық. Бейнелеп айтқанда, қою қара түннің ішінде жүргендей күй кештік. Бір қарағанда, теория бойынша тірі, ал іс жүзінде тоқырауды бастан кешкен басқарудың социалистік принциптерінен, әзір тұрған прогрессивті және дамуға серпін беретін капиталистік бағытқа көшу күрделі емес секілді. Бірақ оны іс жүзінде жүзеге асыру, түбі тереңдеп кеткен қоғамдық меншіктегі экономикалық жүйені әлеуметтік- саяси және идеология жағынан өзгерту оңайға соқпайды.
Сөз жоқ, егемендіктің елең-алаң шағында нарықтық қатынастарға көшуде қиындықтар кездесті. Ол туралы баспасөзде жазылды. Содан кейін Қазақстанның экономикасы 2000-2010 жылдар аралығында 2007-2008 жылдардағы дағдарысқа қарамастан айтарлықтай дамыды. Одан кейінгі 2011-2015 жылдардағы еліміздің даму қарқынында менің жеке көзқарасым бойынша ептеген кемшіліктер болды. Бірақ ол нақты экономика мен қаржы экономикаларының өсу, даму қарқынына байланысты емес. Ол экономиканы басқару жүйесіндегі механизмдердің кемшілігінен болды ғой деп ойлаймын. Оған себеп, дамыған елдердің бізге келген консультанттары өз экономикаларындағы басқарудың қолданбалы механизмдерді, әдістемелерді, сол батыстан келген күйінде көшіріп алуымызды қалайды. Рас, бізге консультант та, кеңес те артық болмайды. Дегенмен, осы әдістеме мәселесі біздің елімізде әлі де болса босаңдау, ғылыми жұмыстағы кемістігіміз болып саналады. Мысалы, дамыған елден техника сатып алудан ағат жіберсек, оның зардабы бір өндіріс орнына ғана тиеді. Ал тетік, әдістеме сатып алсақ, ондағы ағаттық барлық өндіріс орындарын жайлайды. Сондықтан экономиканы басқару технологиясын батыстан алатын болсақ, оны әбден сын көзінен өткізіп, біздің болмысымызбен безбендеп, електен өткізген жөн деп ойлаймын.
Бір мысал келтірейін. Жуырда Назарбаев университетіндегі «Талдау орталығы» үлкен форум өткізді. Онда басқару технологиясы мен экономикалық қаржы жүйесін жетілдіру мәселесі сөз болды. Форумға шетелдің оқымысты­ларымен бірге, отандық ғалымдар да қатысты. Қазақстан экономикасына қатысты мәселелерді талқылады. Кеңеске қатысқан эксперттер мен ғалымдар басқаруға пайдаланатын механизмдерді жетік білетін болып шықты. Олардың ұсыныстарының ішінде іске асыруға болатын технологиялар бар. Қосылған құндардың жалғасын ұзарту жолдары, әрине, біздің басқару жұмыстарына өте қажет қолданбалы инновациялық әдістемелер қатарына жатады.
Әсіресе, мені басқару механизмдерін жетілдіру мәселесі толғантады. Мәселен, жақында Мәскеудегі экономикалық форумда орыс эксперттері «Инфляция ничего, индустриализация все» деген ұран тастады. Айтылған ұран жалаң доллардың сатып алу қабілеті деген әдістемеге қарсы айтылып отыр. Бұл маған олардың жанайқайы секілді көрінді. Оны қазір қолданып жүрген «инфляционное таргетирование» деген қолданбалы механизмге қарсы пікір деп түсінуге болады. Сондықтан жалпақ әлемге бірдей, олардың «кейбір» өзгеше көзқарастарына, идеологиясы мен діни ұстанымына бағынбайтын тек елдің нақты экономикасының өзіне ғана тән объективті заңдылықтарынан туындайтын, бизнеске де, басқару жұмыстарына да жарамды механизмдер жүйесін түбімен зерттеу, шыңдау, жетілдіру, жаңаша инновациялау менің күнделікті жұмысыма айналды. Осы мақсатыма жете аламын ба, жетпей қаламын ба деп кейде алаңдаймын.
– Қазіргі таңда әлемдік қаржы дағдарысы туралы көп айтылады. Оның мемлекетімізге тигізіп отырған зардабы көп. Осы күрделі кезеңнен шығудың жолдары бар ма?
– Әрине, бар. Қандай елде болсын қаржы саясаты мен экономика саясаты қатарласып отырады. Олардың арасын бір-бірімен жақындастыратын жоғарғы дәрежеде инновацияландырылған тех­нологиялар жүйесі болуы қажет. Айта­лық, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапония мен Германия өздерінің экономикалық басқару жүйесінің өзіндік инновациялық механизмін тыңғылықты дайындап, үлкен жетістікке қол жеткізді. Малайзия өз жолын өзі анықтайтын жаңа инновациялық механизмдер жүйесін жасады. Сингапур да солай. Бірақ біздің мемлекетіміз Елбасының 2009 жылы жазған «Бесінші жол» мақаласында көрсетілген басқарудың әлеуметтік-саяси даму жүйесін инновациялау, елдің еңбек және қаржы экономикаларының инновациялық даму дәрежесіне тәуелді.
Олай деп айтуыма негіз бар. Нарықтық қатынасқа негізделген әр мемлекеттің потенциалы өскен сайын осы үш инновациялар жүйесіне, оның ішінде: техника-технологиялау, валюталық-қаржылау және әлеуметтік-саяси басқаруды инновациялау жұмыстары бір-біріне сай, жаңғырып, жаңару керектігі, жоғарыда айтқан «Бесінші жол» деген мақалада нақты көрсетілген.
Осы үш инновациялық жүйесіне өз уақытымен жаңарту жұмыстары жүр­гізілмей, қақтың суы секілді бір орында тұрып қалса, экономика тоқырайды. Ал осы үшеуі И.Крыловтың «Аққу, шортан Һәм шаян» мысалындағыдай үш жаққа тартса, онда нағыз аласапыран басталады.
Бұл проблеманың әлем бойына ше­шілмеген тұстары көп. Оның бірі – эко­номикалық басқару механизмдерінің негізгі өлшемдерін ғылыми-техно­ло­гия­лық жетістіктер арқылы ұтымды пайдаланып, уақыт талабына сай жаңартып отыр­сақ, көптеген жетістікке жетуге болады. Бұл жайында француз ғалымы Лионель Столерю өз кітабында тереңірек жазған. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқан үш түрлі инновацияны басқару жүйесін үш көрсеткіш арқылы, яғни, нақты ішкі өнім, номиналды ішкі өнім және нақты тұтынылған ішкі өнім арқылы бір-бірімен сабақтастыру қажет.

НАРЫҚТА ТЕҢГЕНІҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫН САҚТАУ ОҢАЙ ЕМЕС
– Теңгенің құндылығын сақтап қалу үшін қандай мүмкіндіктерді қарас­тыру қажет?
– Алдымен инфляцияны анықтап алайық. Белгілі экономист Валентин Катасонов оны «простое определение инфляции – всеобщий рост цен на услуги и товары и потеря стоимости денег» деп түсіндіреді. Бұл түсінік ғылыми тұрғыдан алғанда, екіұшты ойды білдіреді. Мысалы, бірі – «қырық» деп, екіншісі – «сорок» деп таласып тұрған секілді. Әрине, бұл – бағаның қалай өскенін, ақшаның көптігі ме, әлде тауардың өзіндік құны өскенінен бе деген сұраққа жауап бере алмайды. Мәселен, тауар бағасы да, ақшаның бағасы да өсіп жатуы әбден мүмкін. Өйткені оларды басқару тетіктері әртүрлі координат жүйесінде жатыр. Оның үстіне олардан түсетін пайданың бірі – банк жүйесінің игілігіне, екіншісі – нақты еңбек экономикасының игілігіне жұмсалады. Сондықтан анықтама авторы қосымша «Наиболее вероятная причина инфляции – это общий спад экономики страны при сохранении зарплат граждан в прежнем размере» деп жазыпты.
Мұнда автор инфляцияны нақты экономиканың еңбекақысымен тікелей байланыстырады, бірақ қаржы және ақша құны туралы сөз жоқ. Мәселен, нақты экономикада биыл былтырға қарағанда ғылыми техниканың қатты дамуы арқылы еңбекпен капиталдың өнімі екі есе өсті делік. Айналымдағы өнім өсті, тауар көбейгеннен соң оны сатып алу үшін айналымдағы еңбекақы да өсуі керек. Сондықтан автор инфляцияны да, девальвацияны да инновациялармен және бәсеке әсерімен, былайша айтқанда, ғылым мен техникаға, технологияға байланыстыруы керек еді.
Алайда, нарықта теңгенің құндылығын сақтап қалу қиын. Және оны сақтау қажет деп санамаймын. Өйткені басқару жұмысындағы әлеуметтік-саяси инновациялау тек қана әлеуметтік емес, экономикалық саяси шешім қабылдау деп түсінген дұрыс. Сондықтан да теңгенің құндылығын күнделікті есептеп, оны тұрмыста реттегіш ретінде пайдаланады.
Жалпы ақшаның құны мен сол арқылы инфляцияны анықтау үшін ғылыми-технологиялық потенциалының да­муынан байқауға болады. Оның эконо­микаға тікелей байланысы бар. Елба­сының «Бесінші жол» мақаласында айтылған үш инновациялық бағытты дамыту қажет. Олар: біріншісі – валюта-қаржы экономикасындағы инновацияны дамыту, екіншісі – нақты экономикадағы технологиялық инновацияны дамыту, үшіншісі – саяси-әлеуметтік эконо­ми­калық механизмдегі инновацияны дамыту. Осы бір-бірімен тамырласып жатқан үш бағыт сапалы жүзеге асса экономиканың бойына қан жүгіріп, ілгерілейді. Егер де оның біреуінің дамуы бәсеңдесе де, қалғандарының қуаты кемиді. Сондықтан осы салада жүрген азаматтардың бәрі де инновацияны дамытудың жолын ұстанған жөн. Сонымен бірге ақша мен тауар айналымының жоғарғы жұмыс істеуіне дем беретін басқару саласы да сапалы жүргізілгені дұрыс.
Бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасы экономикамыздың даму жолындағы бірегей жобаға айналды. Онда үш инновациялар тобы бір-бірімен таласып жатыр. Менің ойымша, «Бесінші жолдағы» рецепті пайдалана отырып, нақты экономика, қаржы-қаражат және саяси-әлеуметтік салаларды инновациялау бағдарламаларына жік­теп, саралау қажет. Өйткені оларды жасаудың механизмдері өзгеше. Осы үш инновацияның меха­низмдерін түбе­гейлі зерттеп шешпей, экономикамызды толық либерализация жасап, дивер­си­фикациялық деп айта алмаймыз. Осы ойға «Бесінші жолды» оқыған сайын қайталап келе бересің, бұл жол – ел Президентінің өзі көрсеткен жол.
Аталған күрделі мәселе жайында 2009 жылғы үлкен дағдарыстың алдында Мемлекет басшысының «Дағдарыстан шығудың кілті» және «Бесінші жол» деп аталған екі мақаласында кеңірек айтылған. Онда жоғарыда келтірген үш инновациялық дамуды бізде ғана емес, жалпақ әлем экономикасында қолдану қажет делінген.
– Аға, сонда инфляциямен күресу Дон Кихоттың желдиірменімен алысқаны тәрізді болғаны ма?
– Жоқ. Инфляция индикаторы керек. Бірақ, ол жеткіліксіз. Көптеген ғалымдар мен эксперттер инфляцияны бағалау көрсеткіші «дефлятор ВВП» деген индикатормен тең болуы қажет дейді. Оның ішінде белгілі ғалымдар Дорнбуш, Сакс, Фишердің айтқан ойлары дұрыс.
Өз басым инфляция индикаторы – күрделі құбылыс, оны екіге жіктеу керек деп санаймын. Оның бір көрсеткіші – ғылыми-технологиялық потенциалдағы өзгерістер құбылысының белгісі болса, екіншісі – ақшаның құндылығындағы өзгерістердің көрсеткіші деп айтар едім.
Өйткені инфляцияның шама-шарқын ғылыми-технологиялық үдеріс пен ақшаның құндылығы арқылы анықтайды. Сондықтан инфляциямен ғана емес, ғылыми-технологиялық потенциалдың көрсеткішін есептеп, соның орасан қуатын арттыру үшін күресіп, бәсекені жандандыру қажет. Бізге «Инфляционное таргетирование» деген механизмді пайдалануға ерте деп санаймын.
Мен инфляция индикаторын «дефлятор ВВП»-ның көрсеткішіне тең екенін дәлелдеп, оны екіге жіктеу әдістемесін зерттеп, ғылымға енгіздім. Бұл тақырыпты шешуде Солоу, Ромер, Лукас, Большаков секілді ғалымдардың еңбектері бар. Бірақ олардың бәрінде экономикалық мазмұн мен математикалық дәлдік азырақ екенін көруге болады. Осы кемшілікті жою экономикалық тұрақтылықтың негізі себебі саналады. Өйткені өлшемі жоқ экономика – басқаруға көнбейтін, тұсауы жоқ экономика. Тек, өлшемі бар экономиканың ғана басқару жұмысын жүйелеуге болады.
Қазір нарықтағы бәсекенің күші қоғамдық прогресті ғылыми-техно­логиялық потенциал негізінде дамытатыны және оның қуатын толық есептеуге болатыны белгілі болып отыр. Ал осы ғылыми-технологиялық тепе-теңдіктің есебін іс жүзіне асыруға да, күнделікті тіршілікте пайдалана беруге де болады. Мысалға, қазіргі доллардың сатып алу қабілетіне байланысты тепе-теңдікті пайдаланбай-ақ, әр ел өзінің ғылыми-технологиясының паритетін анықтап, ұлттық валютасының нақты құнын есептей алады.

Елбасының «Бесінші жол» мақаласында айтылған үш иннова­циялық бағытты дамыту қажет. Олар: біріншісі – валюта-қаржы эконо­ми­касындағы инновацияны дамыту, екін­шісі – нақты эконо­микадағы техно­логиялық инновация­ны дамыту, үшіншісі – саяси-әлеуметтік экономикадағы тетіктердегі инновацияны дамыту. Осы бір-бірімен тамырласып жатқан үш бағыт сапалы жүзеге асса экономиканың бойына қан жүгіріп, ілгерІлейді

ҒЫЛЫМ МЕН БИЗНЕСТІ ТЕЗІРЕК ҰШТАСТЫРҒАН ЖӨН
– Ұлтымыздың түп негізі – ауыл. Бірақ сол қасиетті мекен көп қиын­дықты бастан кешуде. Ауыл экономикасы мен ондағы тұрғындардың тұрмысын жақсарту үшін ғалым ретінде сіз қандай жобаларды ұсынар едіңіз?
– Азаттық алған алғашқы кезеңде ауыл күрделі кезеңді бастан кешті. Кейін ауыл экономикасын көтеруге мемлекет аз қаржы бөлген жоқ. Әсіресе, менің ауылды басқару, ұйымдастыру мәсе­лесіне көңілім ауа береді.
Бүгінде ҚР Парламент Мәжілісінде ауыл экономикасына дем беретін «ҚР Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң талқыланып жатыр. Мұны мен елдегі адамдардың тұрмысы мен бастамасына сенім білдіретін инновациялық жоба деп санаймын. Осы жоба созыла бермей тезірек жүзеге асса деймін. Қазір ауыл тұрғындары қалаға көбірек қоныстануда. Әрине, ауыл тұрмысына қарағанда, шаһардың артықшылығы мол. Дегенмен, жоғарыдағы заң іске асырылса, ауылдың экономикасы жанданып, қайтадан елде тұрғысы келетін азаматтар көбейер еді.
Айта кетейік, осы заңнаманы жүзеге асырудағы негізгі күш – мемлекеттің жәрдемі ғана емес, мемлекеттік пен жеке секторлардың бірлескен күшін пайдалануға жол ашылады деп есептеу керек. Бүгінде елімізде мемлекет пен жеке секторлардың әріптестігі жақсы дамып келеді. Содан кейін ауылға қуат беретін тағы бір тетік, ол – кооперация­лау жүйесі. Мен коопе­рацияның елге пайдасы туралы аз жазған жоқпын.
– Саналы ғұмырыңыз ғылым жолы­на арналды. Қазіргі еліміздегі ғылым­ның дамуы көңіліңізден шыға ма?
– Жалпы, бүгінгі ғылым саласының дамуына екі жақты қарай­мын. Бірін­шіден, ғылымға мемлекет бюдже­ті­нен бөлініп жатқан қаржы аз емес. Ал бизнес пен ғылыми жұмыстарға келсек, олардың арасындағы байланыс жоқтың қасы. Тіпті, бізде бизнестің дамуы көңілге онша қона қоймайды. Сондықтан ғылым мен бизнесті ұш­тастырып, ғылымды коммерциялау мен оны басқару жұмы­сының компетенциясын көтеруге пайдаланған жөн. Сонда Қазақстан ғылымы жаңаша даму жолына түсіп, ел экономикасы жандана түседі. Бұл бизнес пен жеке кәсіпкерлікті әлемдік бәсекеге түсуіне жол ашады.

Сондықтан ғылым мен бизнесті ұштас­тырып, ғылымды  коммерциялау мен оны басқару жұмысының компетенциясын көтеруге пайдаланған жөн. Сонда Қазақ­стан ғылымы жаңаша даму жолына түсіп, ел экономикасы жандана түседі 

ҒЫЛЫМҒА ӨМІРДІҢ ӨЗІ ЖЕТЕЛЕДІ

– Аға, сіз қарапайым ауылдан шығып, ел ардақтасына айналған азаматсыз. Бала күніңізде ғалым болам деп алдыңызға мақсат қойдыңыз ба, әлде ғылымға кездейсоқ келдіңіз бе?
– Шындығында, ғылымға мені өмірдің өзі жетеледі. Бала күнімнен математикаға жақын болдым. Университеттің үшінші курсынан бастап ғылымға жол ашуға көмегі тиетін есептеу математика маман­дығын игере бастадым. Жоғары оқу орнында оқып жүргенімде есептеу математикасы мен ақпараттық-технологияны меңгеру арқылы есептеу машиналардың тілінде жазылатын алгоритмдермен бағдарлама әзірледім.
1968 жылы белгілі ғалым, профессор М.Исаеваның ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертациямды, 1974 жылы Мәскеуде Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешені жөнінде докторлық диссертациямды қорғадым. 1986-1991 жылдар аралығында Қазақстан бойынша «Итенсификация-90» атты бүкілодақтық бағдарламасының бір бөлімін Қаратай Тұрысов ағамыздың тікелей басшы­лығымен дайындап шықтым.
Егемендіктің алғашқы жылдарында ҚР Мемлекеттік жоспарлау біріккен институының директоры ретінде ел экономикасын нарықтық қатынастарға көшіру жөнінде ұсыныстар жасап, дағдарысқа қарсы бағдарлама жасау жөніндегі үкімет жұмысшы тобының мүшесі ретінде ірі мұнай жобаларын сараптауға қатыстым. Сол жылдары бір топ ғалымдармен бірге, банк мәліметтерін жобалау және республикалық ақпарат желісі мен жүйесін жасадық.
– Биыл үлкен мерейлі жасқа келесіз. Артыңызда ұзақ өмірдің белесі жатыр. Көңіліңіз неге алаңдайды, неге марқаяды? Еліміздің келешегін көз алдыңызға елестете аласыз ба?
– Ертеде елде сексенге толған қариялар ақ сақалын саумалап, бұрынғы өткен бабаларының ерлігі мен өнегелі іздерінен сыр шертіп, өмірдің баянсыздығы мен жалғандығын айтып, төбедей болып төрде отырушы еді. Міне, сол жасқа мен де келіп, қырдың басына шығып, қолымды күннің көзінен көлегейлеп, артымда қалған ұзақ көшке қарап, терең ойға батамын. Көптеген ағайын-туыс, жақын сыйласқан жора-жолдастардың дені дүниеден өтіп кетті. Өз басым сексенге келемін деп ойлаған емеспін. Құдайға шүкір, отбасым, балаларым, жан-жағымды қоршаған немерелерімді көріп, көңілім сүйсінеді. Ендігі қалған өмірімде солардың амандығын тілеймін. Әрине, жұмырбасты пенде болғаннан кейін алаңдайтын да, армандайтын да дүние көп. Қазақстанымыз өркениетті ел болу үшін сауатты әрі бай болу аз, жоғарыда айтқан үш инновациялық дамытуды жетілдіру қажет. Ол үшін осы салада аянбай еңбек ететін қабілетті кәсіби мамандар керек. Сондықтан орта мектептен бастап, жоғары оқу орындарындағы ұстаздардың біліктілігі талапқа сай болса деймін. Соның бәрі де тиянақты жүзеге асса еліміздің келешегі жарқын, ашық болады.
– Ойлы, салмақты әңгі­меңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*