«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Президент сайлауы 2019

0 42

ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУҒА КӨҢІЛ АУДАРДЫ

Жақында Батыс Қазақстан облысында Қазақстан кәсіподақтары қауымдастығының атынан президенттікке үміткер Амангелді Таспиховтың сенімді өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында энергетикалық сектордағы кәсіп­орындардың жұмысшыларына үміткердің сайлау алдындағы бағдарламасының мәнісі және негізгі бағыттары түсіндірілді.

Үміткердің сенімді өкілдері аталған басқосуда еңбек қатынастарының барлық талаптарын сақтауға, кәсіпорындарда еңбек адамдарының құқықтарының қатаң сақталуына ерекше көңіл аударды. Қазақстандық кәсіподақтардың мәліметтері бойынша отандық жұмыс берушілердің жылдық қарыздары 2 млрд теңгеден асып кетіпті. Амангелді Таспиховтың өкілдері осы сектордағы әкімшілік жауапкершілікті күшейту қажеттігін атап айтты.

2019 жылдың басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздегі 139 кәсіпорынның жұмысшыларға жалақы бойынша қарызы 1,97 млрд теңгеге жеткенін хабарлаған еді. «2019 жылдың 1 қаңтарындағы ахуал бойынша 139 кәсіпорынның 6203 жұмысшыға жалақы бойынша төлемеген қарызы 1,97 млрд теңгені құрайды. Соның ішінде 77 пайызы банкротқа ұшыраған 108 кәсіпорынның қарызы бар. 2018 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары отандық 1,2 мың кәсіпорындағы жалақы бойынша қарыз көлемі 3,7 млрд теңгеге жеткенін анықтаған болатын. Қолға алынған іс-шаралардың нәтижесінде 32 мыңнан аса жұмысшылардың құқықтары қорғалып, оларға 3,2 млрд теңге ақша төленді» делінген құзырлы министрліктің хабарламасында. Бұған қоса, аталған министрліктің мәліметтері бойынша 1,4 мыңнан аса материалдар құқық қорғау органдарына жіберіліп, ол бойынша 98 қылмыстық іс қозғалған.

СТУДЕНТ ЖАСТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Президенттікке үміткер Жамбыл Ахмет­бековтің Шымкент қалалық сайлауалды штабының жетекшісі Н.Қадырқұлов және партия комитетінің белсенділері индустриалды-техникалық колледжде қаланың студент жастарымен кездесті.

Н.Қадырқұлов жастарға ҚКХП-ның сайлауалды тұғырнамасын түсіндірді. Ол марксистік-лениндік ұстанымдардың маңыздылығына тоқталып, коммунистік тәрбиенің негізгі тетіктерін атап өтті. Сонымен қатар партияның батыстың кері құндылықтарына қарсы жұмысын тілге тиек етті.

Сондай-ақ қазіргі таңда жастардың мемлекеттің тағдырына алаңдаушылығы бәсең екенін, олардың түрлі оқиғаларға бейжай қарауы белең алып бара жатқанын баяндады. ҚКХП бұл жағдайды түзетуге барынша атсалысатынын жеткізді.

Ол заманауи жастардың тәрбиесіне де тоқталды. Ақшаға деген құмарлық жастарды құлақ кесті құлға айналдырып жатқанына назар аударды. Интернеттің белгілі бір контенті жастар арасында осындай олқылықтың орын алуына себеп болатынын атап өтті. «Біз, барлығымыз, «Көк киттің» деструктивті қызметінің, оның сұмдық нәтижесінің куәгері болдық» деді ол.

Қалалық штаб жетекшісі ЖОО түлектерінің еңбек нарығындағы жұмыссыздық мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, бұл мәселелерді шешу үшін жаңа тәсіл қажет, қоғамның заманауи талаптарына сүйену керек.

Үміткер жастардың өзін-өзі танытуына мүмкіндік ұсыну ҚКХП-ның басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. ҚКХП үміткері өзінің сайлауалды бағдарламасында жастар үшін алғашқы кепілденген жұмыс орнын енгізуді талап ететінін айтты.

Жиында көтерілген тақырыптар жастардың жанына жақын болды. Олар саламатты өмір салтын, шәкіртақының көлеміне, жастардың бос уақытын ұйымдастыруға қатысты мезгіл мәселелерін көтерді.

ҚОСАНОВ ҚОСТАНАЙЛЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Еліміздегі кезектен тыс президент сайлауына «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің атынан ұсынылған Әміржан Қосановтың сайлауалды штабының үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Жуырда үміткер өзінің сенімді өкілдерімен бірге Қостанай облысындағы Затабол ауылындағы «СХОС Заречное» ЖШС-тің жұмысшыларымен жүздесті.

Бұл кәсіпорын мал өсірумен және таңдаулы астық дақылдарын өндірумен айналысады. Атап айтқанда, елімізге және шетелдерге мәлім кәсіпорын бидайдың, рапстың (май және жем алынатын өсімдік), сұлының, арпаның және басқа да дақылдардың элиталық тұқымын өсіреді.

Басқосуға жиырмаға жуық адам қатысты. Олардың арасында аталған кәсіпорын жұмысшылары мен Затабол кентінің тұрғындары бар. Кездесуді үміткердің Қостанай облыстық сайлау алдындағы штабының жетекшісі Серік Сәтмұхамбетов жүргізді. Жүздесу барысында Әміржан Қосановтың сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары талқыланды. Жұмысшылар мен кенттің қарапайым тұрғындары өзінің ой-пікірлерін ортаға салды.

Сонымен қатар, жиналған жұрт президенттік сайлаудағы бақылау­шылар туралы сұрақ қойды. Алуан түрлі қоғамдық, әлеуметтік мәселелер бойынша өздерінің ашық көзқарастарымен бөлісті. Пікірталас барысында қатысушылардың өзекті сұрақтарына Әміржан Қосановтың өзі, сайлауалды штабының мүшелері жан-жақты жауап қайырды.

«АҚ ЖОЛДЫҢ» ҮМІТКЕРІ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҚТА БОЛДЫ

«Ақ жол» ҚДП атынан ҚР Президенттігіне үміткер Дәния Еспаева Ақмола облысының тұрғындарын өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстыр­ды. Шортанды ауданында республикалық штаб мүшелерімен, «Ақ жол» ҚДП сенімді өкілдерімен және өңірлік белсенділерімен үгіт-насихат кездесуін өткізді.

Шортанды ауданында «Ақ жол» партиясының атынан түскен үміткер Дәния Еспаева А.Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығында болды. Бұл жерде ауылшаруашылық дақылдарының 17 түріне селекциялық зерттеулер жүргізіледі. Кейінгі жылдары бидайдың, арпаның, тарының және басқа да дәнді дақылдардың, сондай-ақ жарманың 60-қа тарта жаңа сұрыптары өндірілді. Отандық селекция сұрыптары жылдан-жылға өзінің таралу аумағын кеңейтіп келеді.

Дәния Еспаева ғылыми орталықтың соңғы жетістіктерімен танысты. «Ақ жол» партиясының үміткері Шортанды ауданының кәсіпкерлерімен және әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті. Өңірде шамамен 1300 адам шағын және орта бизнес саласында еңбек етеді және олардың 40 пайызы – әйелдер. Қызмет көрсету саласы жақсы дамыған, мемлекеттік қолдаудың арқасында елді мекендерде кішігірім өндірістер ашылып жатыр.

Дәния Еспаева сайлаушыларға өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды, сондай-ақ экономиканың басым бағытындағы салалар, оның ішінде ауыл шаруашылығы, өңдеу, жеңіл және тағам өнеркәсібі үшін ҚҚС мөлшерлемесін төмендету туралы өз ұсыныстарын айтты. Үміткер жергілікті тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

САБАҚТАСТЫҚ ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚ ЖАЛҒАСАДЫ

Қ.Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Маңғыстау облысының активімен, «Құрық» паром кешенінің жұмысшыларымен және өңірдегі басқа да бірқатар кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті. Сондай-ақ олар аймақтағы бизнес қауымдастық пен ҮЕҰ өкілдерімен және бірқатар аудандардың тұрғындарымен кездесті.

Кездесулерде Қ.Тоқаевтың жақтастары кандидаттың инфрақұрылымды дамыту саласындағы басымдықтары туралы айтты. Сайлауалды бағдарламада Транскаспий дәлізі арқылы контейнерлер тасымалдау жүйесін әрі қарай дамыту, автомобиль жолдарының сапасын айтарлықтай арттыру және «үйге дейін жол» қағидасын жүзеге асыру тетіктері қарастырылған. Бұл басымдықтардың бәрі Елбасының еліміз бойынша инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастамаларының лайықты жалғасы болары анық.

– Өңірлерді дамыту бойынша Елбасы сая­сатын әрі қарай жүзеге асыру – біздің кандидаттың маңызды бағыты. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі бағдарламалардың жүзеге асырылуын сақтап, барлық санаттағы азаматтарға қолдау көрсетуге жағдай жасауды көздеп отыр, – деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Сонымен қатар республикалық штабтың мүшелері Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен кездесті. Мұнда халықтың әл-ауқатын арттыру және барлық әлеуметтік міндеттемелерді сақтау үшін қажетті шараларды қолға алу мәселелері сөз болды.

Сондай-ақ Қ.Тоқаевтың сенімді өкілдері облыс аумағында тағы бірқатар іс-шаралар өткізіп, кәсіпкерлермен, қоғамдық ұйым өкілдерімен және мұнай-газ саласындағы өнеркәсіп орындарының еңбек ұжымдарымен кездесті.

ҰЛТЖАНДЫ АЗАМАТТЫҢ ҰСТАНЫМЫ

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жерұйық» саябағында Сәдібек Түгелдің кандидатурасын қолдауға арналған концерт өтті. Концерт кезінде кандидат жұртқа өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, көпшіліктің көкейіндегі сауалдарына жауап берді.

«Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы ұсынған кандидат Сәдібек Түгелдің үгіт-насихат жұмыстары қазір республиканың жер-жерінде қарқынды жүріп жатыр. Саяси науқанды тек қазақ тілінде өткізіп жүрген ұлт­жанды азаматтың сайлауалды бағдарламасы да ұлттық құндылықты ұлықтауды өзек еткен. «Әрбір азамат ана тілі мен ділін, дінін, оның түп-тамыры мен тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, рухани мұраларын қастерлеуі қажет. Себебі біз жастарымызды қалай тәрбиелесек, болашағымыз да сондай болады. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрді мектеп табалдырығынан бастап жастардың бойына сіңіру керек» деді Сәдібек Түгел қолдаушыларымен кездескенде.

«Жерұйық» саябағы ашылғанына биыл 20 жыл толды. Сәдібек Түгелдің мұнда іс-шара өткізуінде де өзіндік мән бар. Себебі ол 1999 жылы Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған кезде бұл саябақтың «Жерұйық» аталуына себепкер болған. «Әлі есімде, 1999 жылдың күзінде қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде салынған саябақтың ашылуы болды. Ол кезде мен Астана әкімінің баспасөз хатшысы едім. Журналистер саябақтың атауы туралы сұрады. Мен брифинг кезінде оны «Жерұйық» деп атауды ұсындым. Елбасы менің идеямды қолдады» дейді Сәдібек Түгел саябақ туралы тоқталғанда. Айта кетейік, Сәдібек Түгел сайлауалды бағдарламасын таныстыруды елорданың кіреберісіндегі «Құлагер» ескерткішінің жанында ауыл ақсақалдарынан бата алудан бастаған болатын.

ДӘСТҮРДІ ДАМЫТУДЫ ҰСЫНДЫ

Талдықорғандықтар халық биін топ болып билеп, саяси флешмоб өткізді. Оны ҚР Президенттігіне кандидат Т.Рақымбековтің өңірлік сайлауалды штабының өкілдері ұйымдастырды. Осы іс-шара арқылы Қазақстан халқының рухани құндылықтары мен дәстүрін ұлықтауға жастардың назарын аударуды мақсат етті. Бұл туралы Төлеутай Рахымбековтің өзі де бағдарламасында мән бере айтады.

Өзіміз өмір сүріп отырған жаһандану дәуірі ұлттық мәдениеттің толыққанды келбетінің сақталуы мен дамуына қауіп-қатерін де төндіріп отырғаны рас. Сонымен қатар, ол адамдарды жасампаздыққа да бастап, экономикаға да, әр адамның өміріне де жаңа инновациялық технологияларды енгізуге мүмкіндіктер береді. Жаңа заман талабының барлық артықшылықтары мен кемшіліктерін түсіне отырып, ҚР Президенттігіне кандидат Төлеутай Рахымбеков өскелең ұрпақ арасында дәстүрлі құндылықтарды сақтап, оны дамытуды ұсынды. Өйткені өз тарихы мен салт-дәстүрлерін білу – барша қазақстандықтардың рухани бірлігінің, тұрақты дамуының өзегі. Осындай тұжырымға келген партиялықтар жүздеген адам қатысқан саяси флешмоб – «Қара жорға» биін ұйымдастырды.

– Шара біздің түп-тамырларымызға бастап, озық дәстүрлерімізді еске салады. Жастарға отбасылық, үлкенге сый-құрмет сияқты рухани құндылықтарымыздың нәрін егеді. Мұның бәрі біздің кандидатымыздың бағдарламасында қамтылған. Осы биімізді еліміздің барша тұрғындары тамашалап, қолдауын қалаймыз дейді, – «Ауыл» ХДПП Алматы облысы бойынша штабының жетекшісі Қаламқас Исаева.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды