Сахнаның құдіретіне, қасиетіне бас ию керек

Нұрғали НҮСІПЖАНОВ, ҚР Халық әртісі: 

 – Өнердегі көп інілеріңіз сізді аға тұтады. Өзіңіз өнер жолына ден қойған жылдары кімдер қол ұшын беріп еді?

Сәбира, мұғалім
– Ол басқа заман. Соғыстан кейін­гі жылдар. Үшбу хаттар көп ке­ліп жататын. Үлкен кісілер көп бол­ды. Біз адамдардың ықыласы, пара­саты – ең бағалы қасиеті еке­нін сезініп өстік. Аллаға шүкір, жо­лым болды. Талай өнегелі жан­дардың қолына су құйып, қыз­мет еттік. Қанабек Байсейітов, Құр­манбек Жандарбеков, Кенен Әзір­баев аға­ларымыздың ақылын тыңдап өстім. Ол кісілерді пір тұттым. Ауылдың қаратабан балалары жоғары оқу орнын бітіріп шыққаннан кейін сол кісілердің ақыл-кеңесімен жетілдік. Асқар Тоқпановпен сіз-біз десіп өттік. Ахмет Жұбановтың ақыл-парасатын тыңдадық. Ол кісіден дәріс алдық. Қала бойынша түрлі үлкен іс-шараларда дәріс оқуға шақыратын. Мұқан Төлебаев ағамыздың да көзін көрдім.

– Сахнада бойыңызды тік ұс­тайсыз. 70-тің жотасына шыққан ақсақал деу қиын. Өзіңізді қалай күтесіз, аға?
Көркем, бухгалтер
– Сонша қатты күтінбеймін. Жарат­қанның бергені осы. Құрдас­тарым, құда-жегжатымның арасында да осындай әңгіме болады. Сол кезде қалжыңдап, «Үйдегі кем­­пірім тамаққа тойғызады, сосын тоңа­зыт­қышқа салып қояды. Ме­ні со­лай сақтайды. Таңертең тоңа­зыт­қыш­тан алып, шай береді» деймін. Әрине, мұның бәрі қалжың ғой. Ең бас­тысы, сахнаның құдіретіне, қасие­тіне бас ию керек. Ең асыл дүние­нің бәрі сахнаға шығады. Тіпті, ел президенттері, патшалары сахнаға шығып сәлем береді.

– Кейбір әншілер өздерінің өнер жолы жайында сыр шерте­тін кітап шығарып жатыр. Бұған қалай қарайсыз?
Айжан, медбике
– Өте дұрыс. Менің де «Өз елім» деген естелік кітабым жарық көр­ген. Қазір де ойда жүрген біраз нәр­селер бар. Ол бір кітапқа тати ма, татымай ма, оқырман баға­лай жатар. Бүгін-ертең кірісіп жатқа­ным жоқ. Оған қоса, жастарға оқу­­лық болатындай қып әндерді топ­­тас­­тырып, ретке келтірсем бе дей­­мін. Бос уақытымда осымен айна­лысамын.

– Аға, сізді туған жеріңізге бақ өсіру ісін қолға алыпты деп естідік…
Арман, кәсіпкер
– Әлі бітпедім. Бұл жағынан ұят­тымын. Біраз шаруа тоқтап тұр. 2000 жылы Елбасы Астананың маңайына ағаш отырғыза бастағанда, мен де туған ауылым аңғал-саңғалдау болмасын деп осы игі істі қолға алдым. Өйткені, бақ – болашаққа қалатын мұра. Жұмыс су тапшылығынан тоқтап тұр. Бір жағынан, облыс, аудан басшыларына өкпем қара қазандай. Өздеріне жүктелген шаруаларын кешіктіріп жатыр. Шағын ауылда ауыз су мәселесі шешімін таппай тұр. Тау суы күн ысығанда жерге сіңіп кетеді. Ауылға келген суды бұрып алсам, маған ешкім қой демейді, тек сол жерде тұратын халқымның тамшы суына ортақ болуға намысым жібермейді. Талай басшыларға хат жазып, ауыз су мәселесін шешуді өтіндім. Көп те қаражат кетпейді. Төрт-бес шақырым жерге жететін құбыр орнатса, болғаны. Жалқаулық, нем­құ­райдылық, марғаулық басым. Елге, жерге деген құрмет жоқ. Адамның адамдық қасиетін баға­ламау – бомбадан да қауіпті. Бұл менің жеке басым емес, ел үшін істелетін шаруа ғой.

– Аға, неше жасыңыздан ән айтып келесіз?
Шынар, студент
– Бала күнгі арманым суретші болу еді. Мектепке бармай тұ­рып-ақ сурет салуға әуес болдым. Жоғары сыныпқа көшкенде ғана әнге қызығушылығым арта бастады. Әке-шешем ән салмағанмен, өнерпаздарды құрмет тұтып, ерекше ықыласпен тыңдайтын. Өнерді сүйіп өсуге, құрметтеуге ата-анамнан көрген тәрбием әсер етті деп ойлаймын.

– Ізіңізді қуып келе жатқан жастарға көңіліңіз тола ма?
Игілік, қала тұрғыны
– Бізде талантты жастар көп. Олар­­­дың мүмкіншілігі мол. Ә дегеннен бар­лығы бабына келе бермейді. Өнер ада­мы елмен араласуы керек. Ел­дің сын-пікіріне құлақ асуы ке­­рек. Санасында саралау ке­­рек. Сон­да ғана таланты ұштала береді.

– Қарапайымдылығынан ай­ны­май­тын қазақы, қоңыр бол­мысыңызды ерекше құр­мет­тей­мін. Атақ-даңқыңызға қара­мас­тан осылай қалыптасуыңызға не әсер етті?
Перизат, зейнеткер
– Құлағымнан «Ұлық болсаң, кішік бол», «Халқыңнан, еліңнен биік болма», «Суды, жерді былға­ма», «Ешкімге қиянат жасама» д­еген сөздер кетпейді. Қо­раз­баевша айтсақ, бұл – «қара шалдар­дың», ауыл ақсақалдары мек­те­бінің тәрбиесі. Сол кісілердің айт­қа­нындай, кісінің жөнсіз алдын кесіп өтпеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көр­сету, тіпті, сөйлеп отырған адам­ның сөзін бөлмеу секілді жай ғана қағи­далар­дың өзі бізге үлкен өмір­лік сабақ болды. Қарт адамды та­мыр-таныс­тығына, ұлтына қара­май сыйлау, кемтар жандарға қол ұшын беру санамызға әбден сіңіп қалды. Бізді солай тәрбиеледі, солай қалыптастық.

– «Өнер қырандары» әзіл-сы­қақ театрының сізге пародия жа­сағанын көрген едім. Қалай қа­был­дадыңыз?
Толғанай, мұғалім
– (Күлді). Пародия жасамас бұ­рын «Өнер қырандарының» жігіт­тері рұқсат сұрады. Рұқсатымды бердім. «Істейтін қызметтерің, нан тауып отырған жұмыстарың сол ғой, жасаңдар» дедім. Әрі осы паро­дия арқылы өзімді сырттан қарау­ға мүмкіндік алдым. Негізі, адам өзіне бір уақ сырт көзбен қарап қойғаны дұрыс.

– Әншілік өнердегі кемшілік­терді айтып бере аласыз ба?
Зина, оқырман

– Кемшілік болып жатыр. Бірақ ол түзелмейді емес. Білместіктен, асығыстықтың кесірінен орын алып отырған кемшілік. Қазір көптеген өнер адамдары қам­қорлықтан тыс қалып жатыр. Үйсіз-күйсіз, жұ­мыс­сыз жүрген жастар көбейіп кет­­ті. Осы жағы қиын. Біз соларға жол­­да­рын дұрыс таңдауына қолға­быс жа­сауымыз керек. Мемлекет тара­пынан қамқорлық болуы тиіс. Қам­қорлықты тиісті деңгейде жасай алсақ, оларда да жауапкершілік сезімі пайда болады.

– Астана жұртшылығына қан­дай тілек айтасыз?
Самал, студент
– Астана – бүкіл мемлекетіміз­дің айнасы. Астананың үйлері сәнді, көшелері түзу болып қана қоймай, адамдары да әсем, рухани бай, ішкі мәдениеті жоғары, нағыз пат­риоттар, қайраткерлер болу керек.

Еркежан СӘТІМБЕК

Сонымен қатар

Қадірлі оқырман!

«Оқырманнан – он сұрақ» айдарының кезекті қонағы – эстрада әншісі Нұржан Керменбаев. Көкейіңізде жүрген сауалыңыз …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған