«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сағатовтың симфониясы

0 21

«Астана» концерт залында талантты композитор, Қазақстанның халық әртісі Мансұр Сағатовтың шығармашылығына арналған концерт болды. Бұл музыкалық кешті елорданың Мемлекеттік академиялық филармониясы ұйымдастырды.

Биыл айтулы тұлғаның туғанына 80 жыл толды. Дүлдүл әншілер мен күйшілер шыққан Батыс өңірінің перзенті Мансұр ағамыз бала күнінен музыкаға жақын болып өседі. Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы рес­публикалық музыка мектебінің флейта класында оқиды. Оны бітіргеннен кейін Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерватория­сын тәмамдайды.
Композитордың шығарма­шы­лық жолы консерваторияда оқып жүргенде басталады. Ол кісі осы жылдары ішекті аспаптар квартеті үшін сюита; виолончель мен фортепианоға арналған экспромт және халық әні «Ләйлімнің» негізінде вариациялар жазды. Сағатовтың симфония­лық оркестрге арналған «Мерекелік увертюрасы», «Мерген» симфониялық күйі, «Мемориал» атты симфониялық сюитасы, «Мерекелік», «Достық елі» кантаталары ұлттық музыканың асыл қазынасына айналды. Сондай-ақ дарынды азаматтың «Туған ел», «Алматым менің», «Бақыт құсы», «Мені ізде» деген әндері де тың­дармандардың жүрегінен жол таба білді.
Бір өкініштісі, осындай классикалық шығармалар жазған композитордың есімі бұл күнде көп айтылмайды.
Кеш барысында аталған филармонияның Симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен автордың «Мерген», «Andante», ­«Диалогтар» секілді симфония­лық поэмалары мен әндері орындалып, келген жұртшы­лықты әдемі әсерге бөледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды