«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Сабаққа арнайы автобуспен барады

0 71

Қаламызда «Мектеп bus» оқушыларды тасымалдау жобасының алғашқы қадамы басталды. Астанадағы кейбір мектептің оқушылары сабаққа арнайы автобуспен қатынайды.

Балаларды сабаққа апарып, алып келу үшін қауіпсіздік талаптарына сай ыңғайлы, жаңа автобустар қолданылады.
Олардың ішінде Іveco Daily маркалы автобусқа 17 бала сыйса, ал Iveco Crossway автобусы 58 орынға арналған. Әр автобустың шығарып салушылары баланың өз орнына отырып, қауіпсіздік белгісін тағуына көмектеседі. Мектеп автобусының төлемақысы алдын ала бекітілген тариф бойынша транспорт картасы арқылы төленеді. Бұдан бөлек, автобустың қозғалысын «Astra bus» қосымшасы арқылы бақылап отыруға болады.
Мұндай ауқымды жобаны біртіндеп іске асыру үшін, алдымен, қаладағы 11 мектепті енгізу жоспарланған. Жобаны пилоттық режимде қосу үшін қаладағы ең көп көлік қозғалысы орналасқан жерлері – Қабанбай даңғылындағы №17 мектеп пен Түркістан көшесіндегі №66 мектеп таңдап алынды.
Ұйымдастырушылар мектеп автобусын енгізу жолдағы жүктемені азайтып, әсіресе, таңғы уақыттағы кептелістің азаюына оң ықпал етпек. Өйткені оқушылардың көбісін ата-­анасы мектепке көлікпен жеткізіп тас­тайды. Ал оларды осындай баламалы түрде қауіпсіз көлікпен жеткізуден кейін жолдағы кептеліс азаяды.
Қаладағы қоғамдық көлік саласының деңгейін көтеруге бағытталған жобаны жасау барысында мектеп оқушыларын тасымалдаудың стандарты енгізілді. Демек, осы жоба арқылы мектеп оқушыларын тасымалдау технологиясы мен бірегей стандарттың жоқтығы, оқушылардың қоғамдық көлікпен қатынау барысында туындайтын қауіпсіздігі сынды бірнеше мәселенің түйіні тарқатылмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды