«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Сабаңа түсіретін» сауық

Крэш-рум тренді Астанаға да жетті

0 231

Егер әлденеге зығырданыңыз қайнап, бойыңызды депрессия дендеп, әне-міне жарылуға шақ жүрсеңіз, Астанада сіз баратын бір жер бар. «Razlom» деп аталатын крэш-рум – қаладағы ашуланшақ адамдарға арналған әзірге жалғыз орын.

Ашуыңызды басу 300 доллар тұра ма?

Крэш-рум термині ағылшынның «crash» (қират, ойранда) және «room» (бөлме) сөздерінің тіркесуінен туған. Оны кейбір елдерде «wrecking club», «break room», «anger room», «rage room» деп те атайды. Бірақ бәрінің де беретін мағынасы бір: адамдар әлгі жерге келіп, айналасындағы заттарды қирату арқылы агрессиясын шығарады.
Мұндай сауық түрі ең алғаш рет 2008 жылы Токиода пайда болыпты. Содан кейін жер-жерде танымал бола бастаған. Қазір АҚШ-тың өзінде 100-ден аса крэш-рум бар екен. Кіру құны әр жақта әртүрлі. Мысалы, Мэрилендтегісі 15 доллар тұрады: онда сындыратын заттарды өзіңіз ала барасыз. Сарайыңыздағы шаң басып тұрған теледидар, істен шыққан принтер, көнерген ыдыс-аяқ дәл осы тұста кәдеңізге жарайды. Ал Лос-Анджелестегі крэш-румға жолыңыз түсіп, 300 доллар төлесеңіз, бұзып-қирату үшін сізге мекеме тарапынан 100-ге тарта техника мен жиһаз беріледі.

Спорт пен саясат та жүйкені жұқартады

Адамдарды крэш-румға келуге итермелейтін себептердің қатарында тұрмыстық және қызметтегі проблемалармен бірге спорттағы жанкүйерлік кесірінен туатын стресс те бар көрінеді. Атлантадағы осындай ғимараттың басшысы Мелани Маклин CNN журналисіне берген сұхбатында 2017 жылы Super Bowl LI ойынынан кейін ашуға булыққан «Falcons» фанаттарының көптеп келгенін жазады. «Олар Том Брэдидің суреті мен «Patriots» командасының логосын алып келіп, парша-паршасын шығарды» дейді Мелани. Сондай-ақ соңғы уақыттағы саяси мәселелерді де жұртшылық жүрегіне жақын қабылдайтын сияқты. Олай дейтініміз, 2016 жылы АҚШ-тағы президент сайлауы кезінде адамдар крэш-румға кіруге ұзын-сонар кезекке тұрған. Олар ғимарат ішіне қойылған Дональд Трамп пен Хилари Клинтонның манекендерін аямай жұлмалап, ашуларын осылайша басқан.

Астанадағы крэш-румда не бар?

Елордада крэш-рум ашу идея­сы жас кәсіпкер Сырым Сыздықовқа Жапонияға сая­хаты кезінде келіпті. «Жергілікті тұрғындардың бір киоск­ке ақша төлеп кіріп, ішін­дегі бүкіл заттарды сын­ды­рып жатқанын алғаш көргенімде, қатты таңғалдым. Сөйтсем, олар өз стрестерін осылайша шығарады екен. Соңғы уақытта әртүрлі тұр­мыс­тық не жұмыстағы проблемалардың кесірінен адамдар психологиялық тұрғыда қатты шаршайды. Ендеше осындай крэш-рум ашып, олардың сәл де болса жаман энергиядан құтылуына неге көмектеспес­ке?!» дейді ол.
Бұл орталық үш бөлмеден тұрады. Біріншісінде – 6000 теңгелік «light пакет», екіншісінде – 8000 теңгелік «medium пакет», ал үшінші бөлмеде 9000 теңгелік «hard пакет» тарифтерінің заттары қойылған. Бағасына қарай сізге қиратып-сындыруға берілетін дүниелердің де саны өсе түседі. Мәселен, әлденеге қатты ашуланып, теріңізге сыймай тұрсаңыз, «hard пакетті» таңдап, теледидар, оның астына қоятын шыны тұғыр, тәрелке, бокал, банка, стақан, үстел, автомобиль шинасы, спорттық груша секілді дүниелердің тас-талқанын шығарып, қиратып тастауыңызға рұқсат. Айтпақшы, бөлмеге кірер алдында сізге тоқпақ, кувалда, балға және сүймен сияқты қарулар ұсынылады. Мұнымен қоса, қауіпсіздік мақсатында үстіңізге ақ арнаулы жұмыс киімі, қолыңызға қолғап, көзіңізге көзәйнек кигізеді.
Сырымның айтуынша, крэш-рум ашылған екі айдан бері мұнда 60 шақты кісі келіпті. Астаналықтардың жаңа орынға деген қызығушылығының біртіндеп артып бара жатқанын оның әлеуметтік желідегі аккаунтына қалдырылған пікірлерден байқауға болады. Мысалы, Әсем есімді интернет қолданушысы «Бөлмеде бар дауысыңмен айқаулауға да болады депсіздер. Олай етсек, біздің дауысымызды көрші бөлмедегілер ести алмай ма?» деп жазса, Жандос атты жігіт «Мереке күндері де жұмыс істейсіздер ме?» деп сұрапты. Соған қарағанда, іштегі агрессияны шығаруға құлықты адамдардың шынымен аз болмағаны ма?! Ал бұл жолдың олардың ашуын басуда көмегі қаншалықты күшті?

Агрессияны агрессиямен шығару зиян

Естеріңізде болса, «Әдемі әйел» фильмінде Эдвард рөліндегі Ричард Гирдің Вивианды ойнаған Джулия Робертске айтатын сөзі бар. «Мен әкеме қатысты ашуымды түсініп, оны дауыстап мо­­йындауыма бес жыл уақыт кетті» дейді сонда әлгі кейіпкер. Кейбіреулер Эдвард секілді адамдардың жа­ңағыдай крэш-румдарға баруын қолдауы мүмкін. Алайда психология саласының мамандары бұл әдістің оншалықты жемісті емес екенін айтады. Чикагодағы Anger Management Education мектебінің негізін салушы, 40 жылдық психологтық тәжірибесі бар Бернард Голден:
– 1970 жылдары Бобо қуыр­шақтарын ұру немесе жастықты қабырғаға соққылау секілді тәсілдер терапия барысында кеңінен қолданылды. Мұндай әрекет арқылы пациенттерге ашуын сыртқа шы­­ғаруға көмектесу көзделді. Бірақ кейінірек оның тиімсіз екені анықталды. Өйткені адам бір әрекетті қайталап істей берсе, оның миы сол нәрселерді келесіде де жасағанын қалап, нәтижесінде соған апаратын жолдарды іздеумен болады. Яғни адам әр ашуланған сайын агрессия­сын жаңағыдай жолдармен шығаратын болса, сол әрекетті келесіде де қайталау үшін жиі ашулана береді, – дейді.
Демек, крэш-румдарға барып, бөлменің астан-кестеңін шығарсаңыз, бір сәтке жеңілдеп қалуыңыз мүмкін. Есесіне сіздің ашуланшақтық әдетіңіз мұнымен басылмайды, керісінше, үдей түседі. Оның орнына тыныштықта жалғыз ойланып, өз эмоцияңыздың түбіне үңіліп не болмаса медитация жасағаныңыз әлдеқайда пайдалырақ.
Сондықтан «қиратуға арналған бөлмелерге» жай ғана досыңызбен бірге ойын-сауық ретінде немесе жаңа нәрсені байқап көру үшін барсаңыз болады. Ал ашуыңызды басуға жәрдемдесетін басқаша жол іздегеніңіз жөн секілді.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды