Вторник, 25 Июль 2017
-->

Рустам Шарибаев, Астана қаласы ІІД Анықтау басқармасының бастығы: АСА МАҢЫЗДЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕРДІ ТЕРГЕЙМІЗ

Астана қаласы ІІД Анықтау басқармасы ел тәуелсіздік алған уақытта небәрі 37 қылмыс құрамын тергейтін болса, қазіргі уақытта 139 қылмысты анықтаумен айналысады. Саланың бүгінгі ахуалы туралы басқарма басшысы Рустам Шарибаевпен әңгімелескен едік.

– Рустам Еркінұлы, басқарманың атқарар жүгі орасан. Азаматтар қылмыс жасаған кезеңнен бастап жазаға тартқанға дейінгі уақытты қысқартумен айналысады. Жалпы, іргесі қаланған уақыттан бері сала қандай өзгерістерді бастан кешірді?

– Уақыт өте келе анықтау институты айтарлықтай өзгерістерге ұшырап, қарқынды дами түсті. Тергеу неғұрлым кеңейтіліп, анықтау органының құзіреттілігі де бекіді. Егер 1991 жылы анықтау 37 қылмыс құрамын тергейтін болса, бүгінгі күні 139 қылмыс құрамын тергеуді қолға алған. Әсіресе, анықтаудың жоғарылай түсуі Қылмыстық-процессуалдық кодекстегі түбегейлі өзгерістерге байланысты.

Анықтау өндірісінің басынан бастап қылмыстық іс қозғау бұрын хаттамалық нысанда соңында болатын. Ке­йін айыпталушының құқығы кеңейтіліп, соның ішінде қорғау құқығы енгізілді. Ең бастысы, азаматтардың конституциялық құқықтары нығайтылып, сонымен қатар, қылмыстық процеске қатысушылардың әрқайсысының процессуалдық ережесі белгіленді. Заңнамалық және мәселелерді ұйымдас­тырушылық тұрғыдан шешу анықтаушылардың еңбек өнімділігіне оң нәтижесін тигізіп, аяқталған қылмыстық істер бойынша жүктемелер жыл сайын ұлғайды. Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау бойынша қабылданған шаралар өндіріспен аяқталған қылмыстық істер айтарлықтай көп болса да, заң бұзушылықтарды қысқартуға мүмкіндік берді.

– Бүгінде тергеу қызметінде қанша адам жұмыс істейді?
– Штаттық сан айтарлықтай өсті. Егер алғашқы анықтау бөлімшесінде штат саны 5 адамды құраса, бүгінгі күні 325 адам жұмыс істейді. Анықтау сапасы да жақсартылды. Осы уақытқа дейін анықтау қызметі басқа қызметтермен иық тіресе алатынын дәлелдеді. Соңғы он жыл ішінде басқарма қылмысқа қарсы күресте айтарлықтай өз үлесін қосып отыр.
– Басқарма нақты қандай қылмыстардың құрамын анықтаумен айналысады?
– Бүгінгі күні Анықтау басқармасының құрамына қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеп-тексеру бөлімі, жол-көлік оқиғаларын тергеп-тексеру және ұйымдастырушылық-талдамалық жұмыс бөлімшесі кіреді. Қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеп-тексеру бөлімінің қызметкерлері қоғамда резонанс тудырған, яғни ұрлық, алаяқтық, жеңгетайлық, еңбекті қорғау ережесін бұзу, сот үкімін орындамау, құжаттарды жалған жасау және тағы басқа аса маңызды қылмыстық істерді тергеп-тексереді. Сонымен қатар, қылмыстық-процессуалдық заңнамадағы өзгеріс­терге байланысты кеңінен таратылған пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіріп алу деректерін де тергейді. Бұл мәселе соңғы уақытта айтарлықтай маңызды болып отыр. Орын алған қылмыс нәтижесінде елорданың экологиялық ортасына айтарлықтай зиян келтіріліп, мемлекетке де аса ауқымды шығын келтіріледі. Аталған санаттағы қылмыс­тық істерді тергеу барысын елорда әкімдігі мен прокуратура органдары да өз бақылауына алған.

– Жол-көлік оқиғасына қатысты қандай да бір дерек тіркелсе, алдымен жететін сіздің мамандар екен ғой?
– Дұрыс айтасыз, жол-көлік оқиғаларын тергеп-тексеру бөлімшесі ауыр немесе адам өліміне әкеп соққан істерді тергеумен айналысады. 2015 жылы Анықтау басқармасында ЖКО тергеу бөлімшесі қайта құрылды. Біздің басқарма мен полк қызметкерлерінің бірлесіп, жол-көлік құқық бұзушылықтарының алдын алу нәтижесінде өлімге әкеліп соқтыратын апат саны айтарлықтай қысқарды. Мысалы, 2015 жылы аталған бөлім қыз­меткерлерінің өндірісінде өлімге әкеліп соқтырған 57 қылмыстық іс болатын болса, 2016 жылы 49 қылмыстық іс болды. 2016 жылы екі немесе одан да көп адам қаза болған апат дерегі тіркелген жоқ.

Ұйымдастырушылық-талдамалық жұмыс бөлімшесінің жұмысына да тоқтала кеткен маңызды. Бөлімше басқарманың қызмет бағыттары бо­йынша бақылауды және талдау жүргізуді қамтамасыз етеді, жұмыста орын алған кемшіліктер мен олқылықтарды анықтайды, аумақтық бөліністерге тәжірибелік және әдістемелік көмек көрсетеді.

– Тергеу саласындағы тәжірибелеріңізді болашақ осы саланың жас мамандарына үйрету ойда бар ма?
– Біздің басқарма қылмыс­тық құқық бұзушылықтарды тергеу бойынша өз міндетін тікелей атқарумен қатар, ҚазМЗУ жанында құрылған «Детектив» студенттік клубына қатысады. Ол Астана қаласы ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі С.Әділовтің бастамасымен құрылған болатын. «Детектив» студенттік клубы жоғарғы курс студенттері үшін нағыз тәжірибені қалыптастыратын орта болып табылады. Тәжірибелік жаттығуларда елордалық ІІД бөлімдерінің басшылары студенттерге кәсіпті меңгеруге көмектеседі, оқиға орнында тергеу әрекеттерін іс жүзінде қалай жүргізу керектігін үйретеді, процессуалдық құжаттарды толтыруды үйретіп, тергеу бөліністерінің және жалпы ІІО қызметтерінде басшылыққа алатын нормативтік құқықтық актілермен таныстырады. Бұл іс-шаралар елорданың ЖОО түлектері арасынан тергеушілер, анықтаушылар, криминалистер секілді кадр резервін құру мақсатында өткізіледі.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*