РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ – ҰЛТ ҚУАТЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын Қазақстанның эволюциялық құндылықтарын дамытудың бірегей бағдаршамы деп айтуға толық негіз бар. Президенттің осындай идеологиялық тұжырымдама мақаласын жұртшылық қауым көптен күткен еді. Өйткені Елбасы айтып отырғандай, біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымызды қазірден айқындап алуымыз қажет. Міне, осы бағытта Елбасының алға қойып отырған міндеттерінің маңызы өте зор.

42543

Расында да, өркениет әлемі уақыт өткен сайын сан мың өзге­рістерді бастан кеші­ріп жатыр. Бізді жаңа тарих, жаңа кезең күтіп тұр. Сон­дықтан жаңа заманның жасам­­паздығына жұтылып кетпеу үшін ескірген көзқарастардан арылып, дүбірлі дүниенің даңғыл жолына түсу жаңаша дүниетанымды талап етуде. Сондықтан Елбасы алдыңғы қатарлы елдермен иық түйістіріп, тереземізді тең ету мақсатында өркениетті дәуірдің даралық дамуына сана-сезімімізді бейім­­деу уақыт талабы екен­дігін айтып отыр. Бұл, меніңше, дұрыс. Ал ұлттық кодты сақтау жаңа тұрпатта жаңғыруға жетелейтіндігі рас. Ұлттық кодты сақтаймын деп баяғы таптаурын жолмен жүретін уақыт келмеске кетті. Әйтсе де, өзіміздің ұлттық салт-дәстүрлерден алшақ кетуге болмайды. Себебі салт-дәстүр – ол ұлттың қанымен келетін нәрсе. Ұлт жадының тұғырнамасына сүйенер болсақ, өткен тарихымызбен бүгінгі және жарқын болашақтың ізгілігін сабақтастыру рухани құндылықты арттыруға жетелейтіндігі ақиқат. Міне, Елбасы өз мақаласында осыған маңыз бере отырып, әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты бағытын нақтылап берді. Оның біріншісі – бәсекелестік қабілет, екіншісі – прагматизм, үшіншісі – ұлттық бірегейлікті сақтау, төртіншісі – білімнің салтанат құруы, бесіншісі – Қазақстанның революция­лық емес, эволюциялық дамуы, алтыншысы – сананың ашықтығы.

Елбасы өзінің мақаласында болашақта ұлттың табысты болуы оның материалдық жағдайымен емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары арқылы адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады деп ерекше атап өтуінде үлкен мән жатыр. Өкінішке қарай, бүгінгі жастарымыздың кейбіреуі рухани байлықтан гөрі материалдық байлықты бірінші орынға қоя­тын жалаң көзқарастың жетегінде жүр.

Негізі, қоғам дамуында ұстам­дылық, қанағатшылдық, қара­пайымдылық пен үнем­шілдік аса қажет. Сондықтан да мінез-құлықтың праг­матизміне мақсатқа жету, білім алу, саламатты өмір салтын ұстану, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық беру жатады. Мақалада мәселенің осы жағына жақсы талдау жасалған.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл бағдарламалық мақа­ласында «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жорал­ғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп айтқан сөзінің астарында үлкен мән жатыр. Президент рухани жаңғыруды жүзеге асыруда дамудың өзіндік дара жолы бар дербес ұлт болуымыз үшін «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын ұсынып отыр. Бұл – өте құптарлық әрі қуанышты жағдай.

Рухани даму жолындағы жа­сампаздыққа жол ашатын бағдардың бірі − «сана­ның ашықтығы».Сол арқылы әлемдік тілдерді жетік меңгеруге қол жеткізуіміз өте маңыз­ды. Бұл біздің халқы­мыз­дың әлемдік өркениет айдынында еркін жүзуіне жағдай жасайды. Елбасы өзінің мақаласында рухани жаңғыру жолындағы міндет-талаптарды нақты айтып отыр. Соның бірі – латын әліпбиіне көшіп, оның жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау. Бұл бағытта Үкіметке нақтылы тапсырмалар беріп, мақсатты істі тездетуді талап етіп отыр. Латын әліпбиіне көшу – Мәңгілік ел болудың алғышарты және әлемдегі қауіпті тәуекелдерге тәуелді болмай, отаншылдықтың шырағын сөндірмей, ұлтжандылыққа бастайтын төте жол.

Иә, жастар – біздің болашағымыз, олар – келер күннің тұлғалы өкілдері. Сондықтан жастар үшін білім беру саласында дүние жүзінде теңдесі жоқ бағдарлама жүзеге асатын болады. Әлемдегі ең озық әрі ұлағатты ұйғарымдары мол әртүрлі тілдердегі 100 оқулықты қазақ тіліне аудару көзделген. Бұл дегеніміз, халқымыз санасының сауаттылығын одан әрі аша түсумен қатар, бүгінгі ұрпақтың білімін, ой-өрісін ғаламдық дамудың даңғыл жолына түсуге жетелейтін болады.

Сонымен қатар, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы да Мәңгілік ел болуға жетелейтін жаңа жолдың бірі деу­ге болады. Бұл – тәуелсіздіктің іргетасын қалауға сүбелі үлес қосқан тұлғаларымызды елге танытатын жаңа бастама. Президент алға қойып отырған рухани жаңғырудың басты мақсаты – өткен мен болашақтың жақсы жақтарын үйлестіре жүзеге асыру екендігін ұмытпағанымыз жөн. Бұл жерде ұлттық бірегейлігімізді сақтау арқылы жаһандық даму үдерісінен өз үлесімізді алу керек. Елбасы ұлттық рухымызды көтерудің жүрекке жылулық ұялататын тамаша жолын айрықша  көрсетіп отыр. Сондықтан Елбасының «Туған жер» бағдарламасы әрбір қазақтың жүрегіне патриоттық сезім ұялатып отыр.

Елбасы ұсынып отырған рухани жаңғыру бағдарламасы – бұл тәуелсіз Қазақ елінің ұлттық дамуын айқындайтын саяси құжат. Мұны талқылау мен зерделеу арқылы бағдарламаны өмір жүзіне асыру – аса жауапты міндет. Бұл ретте асығыстық, асыра сілтеушілік, біржақтылықтан аулақ болғанымыз жөн. Олай дейтініміз, бұл бірегей бағыт біздің өз ұлтымыздың келешегі мен рухани дамуын көтеруге арналып отыр емес пе? Елбасының бұл саяси идеологиялық құжаты алмағайып заманда дамыған елдердің көшінен қалмау үшін Қазақстанның ұлттық рухта экономикалық әрі технологиялық дамуды көздейтін прогрессивті жолын көрсетті. Елбасының осындай парасатты пәрменділігі, көрегендік кемеңгерлігі келешектегі үкілі үмітімізге сенім арттырып, тарихи таңдауымыздың табыс­ты болатындығын көрсетіп отыр.

Еділ Мамытбеков,
«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші
орынбасары

Сонымен қатар

ЖАНҒА ШИПАЛЫ «ШАРАПАТ»

Астана қаласы әкімдігінің шешімімен 2016 жылдың 9 қарашасында «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» болып өзгертілген …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған