«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Рингке арбалған Римма

0 39

Елімізде соңғы жылдары қыздар арасындағы бокс спорты қарқынды дамып келеді. Қолына былғары қолғап киіп әлемдік додаларда топ жарған бұрымдыларымыз аз емес. Бала күнінен волейболды серік еткен, әйткенмен бертін келе рингті жағалап, талай жарыста топ жарған астаналық Римма Волосенко бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының белді боксшысына айналып отыр.

Римма бала күнінен кәсіпқой бокс­ты көбірек көріп, былғары қолғапқа деген қызығушылығы сол шақтан басталыпты. Мектепті бітіріп, колледжге түскеннен кейін бала күнгі арманын жүзеге асыру үшін боксқа жазылыпты.
Бала күнгі арман кімді болмасын биікке жетелейтіні белгілі. Бастап­қыда жеңілістерінің болғаны рас. Ел біріншілігінде мықты болғанымен, әлем, Азия чемпионаттарында ла­йықты жұдырықтасса да, төрешілердің шешімі бірінен ке­йін бірі тосқауыл бола берді. Бірақ ол жеңілістің ащы дәмін сезінбей, жеңістің оңайлықпен келмейтінін жете түйсінді.
– Негізі, бокста мынадай түсінік қалыптасқан. Кездесу соңында төреші қолыңды көтермесе, жеңілгеніңді мойындауың керек. Сондықтан төрешілер жайлы кереғар пікір айт­қанды жөн көрмеймін. Өмір бойы жеңіп өту де мүмкін емес. Спорт, міне, осындайымен қызық, жеңіліс те бар, жеңіс те болады. Ал мен жіберген қателіктеріммен жұмыс істеп, алдағы жарыстарда жеңіске жету үшін да­йындығымды күшейте түсемін, – деген еді Азия чемпионатынан келген бетте сұхбат құрғанымызда.
Иә, айтылған сөз – атылған оқ. Жүйе­лі жаттығудың нәтижесінде бастапқыда жүлдегерлердің қатарынан көрінсе, артынша чемпиондық атақтың да дәмін тата бастады. Тәжірибесі толысқан шақта Қазақстан чемпионы атанды. Артынша халық­аралық турнирлерде де бірнеше мәрте топ жарды. Бірер жыл бұрын мұнайлы елдер арасында ұйымдастырылған әлем кубогында қарсылас шақ келтірмесе, биыл қаңтар айында ғана Сербия­да өткен «Ұлттар кубогы» додасында алтыннан алқа тағып қана қоймай, турнирдің үздік боксшысы атағына ие болды. Римма бүгінде ұлттық құраманың сапында ел намысын қорғап жүр.
– Иә, бүгінгі таңда қыздар арасындағы кәсіпқой бокс қарқынды дамып келеді. Бұл ретте Қазақстан бокс федерациясы, сонымен қатар өзіміздің Астана қалалық бокс федерациясы тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыр. Өздеріңіз білесіздер, біздің елімізде бокс ұлттық спорт ретінде қаралады ғой. Әлемдік жарыстарда боксшыларымыз ғана биік жетістіктерді бағындырып жүр. Елордамыз Астанада 2016 жылы өткен әйелдер арасындағы әлем чем­пионаты туралы шетелдік әріптес­теріміз әлі күнге дейін қызығып айтады. Сол жарыстың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары болғанын, төрт бірдей қазақстандық құрбымыздың әлем чемпионы атанғанын мен де мақтанып айтып жүремін.
Ал енді өзіме келсем, бақытымды осы рингтен тапқым келеді. Үлкен арманымның бірі 2020 жылы өтетін Токио Олимпиадасында топ жарып, күллі әлемнің алдында Қазақстанның мерейін өсірсем деймін. Бұл ретте мен бапкерім Берік Маржықпаевқа үлкен ризашылығымды білдіріп, байрақты жарысқа тыңғылықты дайындап апарады деп сенемін, – дейді шаршы алаңнан бақытын іздеп жүрген Римма Волосенко.
Талантты қыздың талабына сүйсініп қалдым.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды