РЕФОРМАЛАРДЫҢ ЗАҢДЫ ЖАЛҒАСЫ

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Демократиялық күштердің  «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағда­йындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы талқыланды.

«Нұр Отан» партиясының бастамасымен құрылған Демократиялық күштердің  «Қазақстан-2050» жалпы­ұлттық коалициясының құрамындағы «Ақжол» демо­кратия­лық партиясы, Қазақ­стан ха­лықтық коммунис­тік партиясы, «Ауыл» және «Бірлік» партияларының жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясы, ірі қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Коалиция отырысын ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының жыл сайынғы Жолдауы ел өміріндегі елеулі оқиға екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы – осыған дейінгі сая­си, әлеуметтік, экономикалық және рухани жаңғыртуға бағытталған реформалардың заңды жалғасы. Бұл құжатта Елбасының әрбір қазақстандыққа, оның өміріне, денсаулығына, әл-ауқатына нақты қамқорлық көрсетілетіні айқын көрсетілген. Сондықтан біздер осы Жолдаудың мақсаты мен мүддесін барша отандастарымызға түсінді­ріп, жеткізуіміз керек» деді М.Құл-Мұхаммед жиналыс­тың кіріспе сөзінде. «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Елбасының Жолдауында еліміздегі қаржылық жүйені тұрақтандыру бо­йынша берілген тапсырмалардың өте маңызды екенін жеткізді. Мәжіліс депутаты сәтсіздікке ұшыраған несие берушілерді банкрот деп танымай, банктерді оңалту оңайға түспейтінін жеткізді.
Коалиция отырысында басқа партия өкілдері де Жолдауда көрсетілген мақсаттар мен міндеттер жайында ойларын ортаға салып, бұл құжаттың ел дамуына зор ықпал ете­тінін атап өтті. Сонымен қатар, «Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі «Жаңару» жалпыұлттық қозғалысы» республикалық ұйымының басшысы Оралбай Әбдікәрімов, Қазақстан кәсіпкерлерінің «Атамекен» ұлттық палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым Жолдау бойынша жан-жақты түсінік беріп, ой-ұсыныстарымен бөлісті.
Отырыс қорытындысында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының ел тұр­ғын­дарына арнаған үндеуі қабылданды.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Сонымен қатар

ТУҒАН ҚАЛАМНЫҢ ҚАЙТА ТҮЛЕП, ГҮЛДЕНГЕНІНЕ ҚАТТЫ ҚУАНАМЫН

Сансызбай ЕСІЛОВ, Астана қаласы  Ардагерлер кеңесі мен Қоғамдық кеңесінің төрағасы КӨЗ АЛДЫМДА ЖАЙНАП ШЫҚҚАН ҚАЛА …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған