-->

РАХМАНОВТАЙ АҒАЙЛАР АЗАЙЫП БАРАДЫ

Дәл қазір Ләйла Сұлтанқызының қатысуымен «Үйлену той орталығында» «Бақытты әйел» атты мас­тер-кластың өтетіндігі туралы жарнама жақсы жүріп жатыр екен. Осыған дейін де «Бала тәрбиесіндегі ата-ана» атты тренингтердің өткенін естіген едім. Сонда қалай? Әйел өзінің бақытын, ата-ана баласын қалай тәрбиелеу керектігін тренингтерге барып білетін болған ба? Қазақ қашаннан бері отбасылық мәселені көппен бірге талдауға көшкен?

maxresdefault

Статистикаға сенсек, еліміздегі әрбір төртінші отбасы ажырасады екен. Ажырасудың соңы көбіне бала тәрбиесі мен жауапкершілігінің тек әйелдің өзінде қалуымен аяқталады. Бұл нені білдіреді?
Осындайда есімізге еріксіз «Қымбатты, Милләтжан, бір үйге бір ер-азамат керек қой» деп мұртын сипап тұрып Қожаның шешесін айналшықтап жүретін Қаратай түсіп кете береді. Шынында да, сол айтқандай, бір үйге бір азамат ауадай қажет заман болды. Қазір қарап отырсақ, бір үй ғана емес, қазір бүкіл қоғамда ер-азамат тапшылығы байқалып отыр. Балабақшада ер-азамат жоқ, мектепте де осы жағдай. Ұстаздардың арасынан ер-азаматтарды өте аз кезіктіресіз. Демек, біздің балаларымызды үйде де, мектепте де әйелдер тәрбиелеп отыр. Дұрыс, бала тәрбиесінде анадан асқан адам жоқ. Бірақ бүгінгі қоғамға Рахмановтай ағайлар аздық етіп тұр. «Қап, мен Сұлтанның шырағын жаға алмадым-ау» деп шәкіртінің кемшілігін өзінен іздейтін азамат-ұстаздардың аздығы қоғамымызға өз салқынын тигізбей тұрған жоқ.
Біздің ұлттық тәрбие­міз атадан балаға мирас болып келе жатқан түрлі құндылықтарға ие. Ибалы қыз, арлы бала, үлгілі әке… міне, осылардың барлығы – біздің тәрбие институтымыз­дың негізі. Біз қазір осыны жоғалтып алдық. Үлкендеріміз ше? Көбі жас келген соң, әйтеуір, «ата-әже» болады. Бірақ бұрынғыдай қазыналы қарттар неге азайып кетті? Әжелер академиясы қайда? Отбасында әке-шешеден, ата-әжеден алуға тиіс тәрбиені көшеден іздеп, психологтардың көмегіне жүгініп, жаппай түрлі тренингтерге қатысатын заман болғаны ма?

Гүлнұр Оралбекова,

Астана қаласының
тұрғыны

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*