«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қызылша қаупі

0 73

Осыдан үш жыл бұрын бас қалада қызылшамен ауырған 396 адам анықталып, дәрігерлердің төбе шашын тік тұрғызғаны есімізде. Ол соңғы бес жылдағы рекордтық көрсеткіш болатын. Енді міне, қызылшаның қауіпі биыл тағы байқалуда. Қараша айының басынан бері қызылша жұқтырды деген күдікпен 38 адам тіркеуге алыныпты. Соның ішінде 20-сы – 1 жасқа дейінгі ауруға қарсы егілмеген балалар, 8-і – 1-ден 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер. Сол 20-ның 5-уінің ата-аналары вакцинадан өз еріктерімен бас тартқандар екен. Мұндай ақпаратты Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мәлім етті.

Құзырлы мекеме басшысы Сәдуақас Байғабылов қызылшаның жылда күзгі-қысқы мезгілде пайда болатынын айтады. Оның мә­ліметінше, қауіпті дертпен ауыратындардың 90 пайызын 1 жасқа дейін егілмеген және 1-6 жас аралығындағы балалар құрайды. Сондай-ақ жүкті әйелдердің де қызылшаны жұқтыру қаупі зор.
Ағымдағы жылдың 10 айында Астана қаласында қызылшаға қарсы 34 364 бала егілген. Бұған қоса, екпенің 25 342 дозалық қоры бар. Екпенің барлығы сапалы, Қазақстанда сертификатталған. Соған қарамастан, елордадағы балалардың жұқпалы ауруларауруханасында
35 бала ем-дом алуда. Оның үшеуі толық жазылып, үйлеріне қайтыпты. 15-нің қызылша жұқтырды деген диагнозы расталып отыр. Ауырған балалармен қарым-қатынас жасаған 37 адамға да екпе егілген. Аталған аурудың жас талғамайтынының бір дәлелі, 31 жастағы ер адамның ауруханаға түсуі.
Алапат аурудың елордадағы әр жылдардағы статистикасы мынадай: 2013 жылы – 8 оқиға, 2014 жылы – 50, 2015 жылы – 396, 2016 жылы – 6. Қызылша – бұл нау­­­қастан ауадағы тамшылар арқылы берілетін жұқпалы ауру. Оның негізгі белгісі – адамның дене қызуының 38-40 С-қа дейін көтерілуі. 4 күннен 7 күнге дейін тәбетіңіз қашып, әлсіздік басып, құрғақ жөтеліңіз күшейсе, көзіңіз қызарып, теріңіз түсе бастаса, бірден дәрігерге барғаныңыз абзал.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды