Суббота, 19 Август 2017
-->

«ҚЫЗЫЛ ТАЛША – ҚЫЗ РАУШАН»

bez-imeni-1

Қасиетті қара қобыздың сарынында тылсым сыр бар. Адамды тұңғиыққа тартады. Жүрегіңіздің түбінде жатқан  пернеңізді қозғайды… Осыдан үш жыл бұрын  елордада  ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі қобызшы Раушан Оразбаеваның «Аққу» аталған шығармашылық кеші өтті. Сонда кеш иесі Ықыластың сұлулықтың сұңқары атанған киелі құс туралы күйін тебірентіп орындады. Ғайыптан тайып, көз алдыма сайын даланың ғажайып  бейнесі келіп, айдында жүзген қос аққудың сұлу сұңқылын естігендей болдым. Сол кезде киелі аспапты шынайы сөйлете білген қобызшы жайында жазсам деп ойладым. Бірақ көпшіліктен бұйығы, саяқтау жүретін өнерпаз туралы қалам тербеуден тартыншақтадым. Соның сәті енді келді.

ТЕКТІ ӨҢІРДІҢ ТҮЛЕГІ

Қобыз дегенде аузымызға алдымен Қорқыт бабамыз келеді. Одан кейін Қойлыбай әулиені еске аламыз. Ықылас атамызды айтамыз. Тілеп Аспантайұлы деген талантты тұлға өткен. Нышан абыз ойымызға түседі. Кеңестік кезеңде Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев секілді ағаларымыз осы саф өнерді аман сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Біздің кейіпкеріміздің арғы түбі Қорқыт бабамыз ғұмыр кешкен Сыр бойынан болады. Серікбай деген нағашы атасы қобыз ұстапты. Өз атасы Қамбарбай тоғыз пернелі домбырамен Әлшекейдің күйлерін тартыпты. Әкесі Жұмабек те өнерден қара жаяу болмаған. Жыршылық өнердің байрағын көтерген. Былайша айтқанда, осындай кие қонған әулетте дүниеге келген баланың өнерпаз болмауы мүмкін емес. Бесіктегі кезінен әкесі орындаған Сыр мақамдарын тыңдайды. Шертпе күйдің шебері атанған Сүгір мен Төлеген Момбековтің күйлерімен тербеледі. Алатаудың іргесіндегі Алматыда бойжетеді. Домбыраны да бір кісідей шертеді. Бірақ өнер мектебінің табалдырығын аттағанда қобызды таңдайды. Алғашқы ұстазы Әбдіманап Жұмабекұлы: «Саусақтарың нәзік екен. Қобыз шалуға келер ме екен» деп жас балаға күмәнмен қарапты. Өзі өте қатал кісі. Кезінде Дәулет Мықтыбаевтың шәкірті болған. Сондықтан ба, жас өренге бойындағы барын беруге ерекше күш салады. Қатаң талапқа көп бала шыдамайды. Ал Раушан алған бетінен қайтпай қасиетті аспаптың қыр-сырын бір кісідей меңгеріп шығады.

КҮМІСБЕКОВТІҢ БАТАСЫ

Алғашқы өнердегі жолы да сәтті басталды. 1990 жылы мамыр айында Атырауда Құрманғазы атындағы республикалық байқау өтеді. Онда Раушан мектептің 10-сыныбында ғана оқиды. Оқушы болса да қатарластарынан өнері озық. Дүбірлі додада жан-жақтан жиылған жас таланттар бақ сынайды. Оныншы сыныптың оқушысы бәйгеге қатысуға Алматыдан ат арытып келеді. Қазылар алқасының төрағасы, көрнекті композитор – Кенжебек Күмісбеков. Өнер сайысында Ықылас атамыздың «Аққу» күйін асқан шеберлікпен орындайды. Ұйып тыңдап отырған композитор «Сенде Дәулет Мықтыбаевтың мәнері бар екен» деп жоғары баға ұсынып, батасын беріпті. Жарыс қорытындысында бірінші орынды табыс етеді. Кейін Алматы консерваториясына оқуға түскенде Кенжебек ағадан дәріс алады. Сонда ол кісі үнемі жас қобызшыларға «Мықтыбаевтың өзгеше штрихтары бар, соны үйреніп орындаңыздар» деп айтады екен. Сөйтіп талантты тұлғаның берген батасы қабыл болып, жас өнерпаздың жолын ашады. Бір ғажабы, композитор бір өңірде туған жерлес ағасы Дәулет Мықтыбаевтың өнерін ерекше қадірлеген. Сондай-ақ, Раушан Жұмабекқызы көне шежіреші, халыққа Байжігіт күйлерін жеткізген Омар Қаймолдин қария туралы да тамсанып айтады. Сол ақсақалдан да көп дүние үйреніпті.

ЕМДІК ҚАСИЕТІ БАР

Шындығында шет елдіктер қобызды жоғары бағалайды. Сол себепті біздің кейіпкеріміз Еуропаға жиі сапарға шығады. Бірде Германияның тоғыз шаһарын аралап, Тросин қаласындағы өнер университетінде көне аспаптар факультетінің жетекшісі, профессор Том Шмиттің шақыруымен студенттерге шеберлік сыныбын ұйымдастырған. Сонда неміс жастары Қорқыт атамыздың күйлерін ұйып тыңдапты.
Жалпы, қазақ қобызды бақсылықпен байланыстырады. Оның үнінде адам­ның жүйкесін емдейтін қасиет бар. Еуропалықтар қазақтың қобызын тындағанда кәдімгідей демалып, ем алғандай әсерде болады екен. «Шетелге барған сайын жаңа күйлер апарамын. Адам ақпарат алғанда оның жаны жаңарады. Сонда олардың энергиясы ауысады. Егер энергия бір орында тұра берсе, адам ауырады. Барлық күймен адамды емдеуге болады. Ол тек орындаушыға байланысты. Алдымен жан тазалығы болу қажет» дейді қобызшы.
Бүгінгідей қым-қуыт шақта көп адамдар рухани жалғыздықты бастан кешеді. Сондай кезде жаныңды жадырататын жаңа әлем іздейсіз. Ал оны қобыздың сарынынан табуға болады. Соны түсін­ген еуропалықтар көне аспапқа қатты қызығып, үйренгілері келеді. Раушан апай ондай кісілерге шеберлік сыныптарын өткізіп, қазақтың ғажайып мұраларымен таныстырады. Алдағы жаз айында өнерпазға Германия мен Австрияға баруға тағы жол түсіп тұр.

ҚОБЫЗДЫҢ ҚАДІРІ КЕТПЕСІН

Бүгінде көпшілік төрт шекті қобызды жақсы біледі. Эстрадалық әуенмен де үйлесіп тұрады. Оны нағыз элиталық аспап деп санайды. Ал халқымыздың бағзы әуенін сақтап, бүгінге жеткізген қылқобыздың қадірі әлі де кемшін екен. Оны бізге кейіпкеріміздің өзі жаны ауырып айтып берді. «Жұрттың көбі төрт шекті аспапты төбесіне көтереді. Бір қарағанда, оның скрипкадан артықшылығы жоқ. Ешқандай жаңалық деуге келмейді. Қазір соны қобыз деп әжептәуір қыламыз. Ал қазақтың қобызын «қылқобыз» деп айтатынды шығардық. Негізі, ол дұрыс емес. Ол қобыз болып қалуы керек. Осыны айтам деп көп адамдарға жақпадым. Біздің қобызымыз түпсіз терең мұхит секілді. Соның қадірі кетпесін деп уайым шегемін» дейді ол. Расында, алтын мен күмісті айыра білгеніміз абзал.
Бүгінде дарынды қобызшы Астанада тұрады. Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінің аға оқытушысы. Және елор­дадағы №1 музыка мектебінің «Қобыз-Рух» ансамблінің жетекшісі. Шәкірттері де талай байқауда топ жарып, ұстазының абыройын асқақтатып жүр. Қызы Тоғжан да анасының жолын жалғап, қобыз тартады, ән шығарады.

Өткен ғасырдағы тоқсаныншы жылдардың басы. Алматыдағы Ықылас атындағы мұражайда шағын кеш өтеді. Сонда Раушан Оразбаева сахнаға шығып, қобызбен «Аққу» күйін тартады. Жиналғандар ішінде қазақтың ақтаңгер ақыны Ғафу Қайырбеков болады. Күйдің әсерінен шабыттанып кеткен шайыр: «Қызыл талша – қыз Раушан, Бұл дүниеде сен болсаң – Қобыз болса, күй болса, Хақтан келген сый болса, Қайран баба Ықылас, Өлмейтіні ып-рас» деп өлең арнапты. Кейін ол «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көреді. Бүгінде Раушан апай осындай өлең арнаған ақын ағама алғыс айта алмағаныма қатты өкінемін дейді… Иә, өмірдің өзі – өкініш!..

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*