-->

ҚЫЗМЕТТІК КӨЛІКТЕР – КӨПШІЛІК БАҚЫЛАУЫНДА

Кеше Әдеп кодексінде белгіленген ережелерді сақтауды күшейту мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен Астана қаласы әкімдігі мен жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың қыз­меттік көліктеріне сенім телефоны көрсетілген арнайы жапсырмаларды жапсыру шарасы өтті.

 

 

Аталмыш агенттіктің өкілдері мен әкімдік қызметкерлерінің қатысуымен өткен шара барысында 30 қызметтік автокөлікке арнайы жапсырмалар жапсырылды. Мұндай жапсырмалардың қалалық әкімдіктің базасындағы 400-ге жуық көліктің барлығына жапсырылатынын айтады мамандар. Бұдан былай егер де әкімдіктің және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың қызметтік көліктерін жұмыс уақытынан тыс, яғни түнгі уақыттарда кафе, мейрамхана, кинотеатр, түнгі клуб сияқты кәсіпорындардың маңайынан көзіңіз шалып қалса, бұл жөнінде жапсырмада көрсетілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталықтың сенім телефонына хабарласып немесе WhatsApp желісі арқылы сурет, бейне яки аудио ақпаратты жолдауға мүмкіндігіңіз бар. ҚР Мемлекеттік қызмет істері туралы заңға сәйкес, қызметтік тәртіпті бұзушыларға тиісті шаралар қолданылмақ.
– Өйткені кез келген мемлекеттік мүлік тек қана қызметтік мақсатта ғана пайдаланылуы тиіс. Жеке мақсатта қолданылуға қатаң тыйым салынады. Егер мұндай тәртіп бұзушылық анықталған жағдайда, қызметші бірінші рет тәртіптік жазаға тартылады. Ал егер мұндай тәртіп бұзушылық қайталанған жағдайда лауазымынан төмендетіліп, тіпті жұмыстан қуылуы да мүмкін, – дейді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласын бақылау жөніндегі басқарма басшысы Ернар Маханов тілшілерге берген сұхбатында.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің директоры Қуаныш Жабақовтың сөзіне сүйенсек, қызметтік көлікке мұндай жапсырмаларды жапсыру бұған дейін Қостанай, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында жүзеге асқан екен. Енді мұндай шара еліміздің барлық аймақтарында қолға алынбақ.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*