«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қызғалдақтың Отанында гүл неге қадірсіз?

0 196

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында гүл туралы және «Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қыз­ғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болатыны» айтылады. Біз осы орайда гүлдің тарихын, қазақ фильмдеріндегі көрінісін, оның тілдегі сөз тіркестерінің қалыптасуына ықпал болуын, қазақ есімдерінде қолданатын сәттерін, сол сияқты бүгінде «Қызғалдақтар елі» аталып жүрген Нидерландтың сыртқы саудасы мен оны қалай өсіріп, қалай баптайтыны туралы қозғауды жөн көрдік.

Гүл мен дала

Қазақ жері алуан түрлі өсімдікке бай, соның бірі – гүл. Наурыз туып, жер бусана бастағаннан-ақ бәрінен бұрын бәйшешектер гүл ашады. Көктемді орталай бере таулы аймақтарда шұғынық пен сарғалдақ гүлдер қатар жайқалады. Әр жерде топ-топ болып қызыл гүл мен сары гүлдер жаңа көтерілген көк шөппен араласып, тау беткейлерін түрлендіріп жібереді. Артын ала дала қызғалдақтары жайқалады. Бұл сурет «Қыз Жібек» фильмінде ерекше көрініс тапқан. Дала сұлулығының тамаша бір бейнесін көргісі келген қала тұрғындарының көпшілігі сол фильм арқылы көз суарады, көңіл жұбатады.
Жетісу өңірінің Алтынемел, Қапшағай, Ұзынағаш, Бақанас аймағы Шу даласымен жалғасып, мамырдың орта шенінен бастап қызыл кілемге оранады. Көздің жауын алатын гүл-көрік көктем мезгілінде қазақ даласының әр аймағын әрлейді. Оны көріп сүйсінбеу, жан әлемінде тұнық бір сезімнің тербелмеуі мүмкін емес. Бала күнінен осы сұлулықпен жан әлемі суарылған жастың жүрегіне тіл бітіп, сол сұлулықты сөзбен суреттеп өседі. Гүл мен даланың арасындағы үндестік пен үйлесім онда тұрып жатқан халықты ақын етпей қала алмайды.
Қазақтың бойында батырлық пен ақындықтың қатар болатынын, ақын жүректің сағынышқа толы болатынын, алысқа кеткен қазақ туған жеріне оралғанда оның топырағын сүйетін себебін осы даланы көмкерген сұлулықпен байланыстырған абзал.

Гүл мен тіл

Тіл – тарих, тіл – мәдениет, тіл – ұлттың өзі. Қазақ тілінде гүлге қатысты көнеден келе жатқан сөздер бар. Сарғалдақ, қызғалдақ, қалампыр, т.б. секілді көптеген гүл атауларын айтпағанда, гүлдің табиғатын тап басып, таудан туған «қызыл гүл», «жолыңа гүл бітсін», «қадамыңа гүл бітсін», «он екіде бір гүлі ашылмаған» дейтін тіркестер – сонау көне заманның бізге жеткен танымдық мұрасы. Гүлді тану мен оны бағалау арқылы қазақ тиісті жерінде оны теңеуге, ойды дәл жеткізу құралына айналдырған. Гүл сұлулықтың, нәзіктіктің, тазалықтың символы ретінде ұғымымызда орныққан. Осы таным бүгінге дейін халықтың жан әлемінде жасап, тілінде өмір сүріп келеді.
Гүл – жер мен адам арасындағы үйлесімнің дәнекері, адамдар арасын жақындатудың құралы. Ол қызметімен өмірімізге еніп, мәдениетімізден орын алды, кісі есімдеріне айналды. Ал Гүлбаршын, Бөрте, Раушан, Қызғалдақ, Қалампыр секілді өткен тарихтағы эстетикалық талғамымызбен байланысты шыққан есімдерді ерекше айта кеткен жөн.

Гүл мен тарих

Ертеде көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабамыз тамылжыған табиғаттың құшағында, алуан гүлдің арасында өмір кешкен. Сонда гүлдердің әрқайсысына өз ерекшеліктеріне қарай ат қойып, лайықты айдар таға білген екен. «Есте жоқ ерте кезде халқымыз Сарайшық, Сау­ран, Сығанақ, Сайрам, Бала­сағұн, Яссы, Шығу, Алмалық, Отырар сияқты қалалар салып, отырықты дәурен сүргенде бая­ғы көшпенді кездегі жабайы гүлдерді бау-бақшаларына отыр­ғызып, будандастырып, жаңа гүл түрлерін шығарып, оларға да лайықты аттар қойған» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.
Ал Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қызғалдақ гүлінің жай-күйін қозғап, оның 35 түрі қазақ топырағында өсетінін ерекше атап өтті. Осы орайда қызғалдақ гүлінің шығу тарихына қатысты мынандай бір мәліметтер қызық көрінді.
Бүгінде Нидерланд елінің экономикасы тікелей гүлмен байланысты. Мәселен, бір ғана Ресейге 2016 жылы 182 млн еуро көлемінде гүлдер жіберген екен. Ал Royal FloraHolland компания­сы бұл елдің сол жылғы табысы 13 млрд еуроны құрағанын хабарлаған. Голланд халқының негізгі табыс көзінің бірі болғандықтан, өткен ғасырда қызғалдақ гүлінің қайдан шыққаны зерттеліпті. Бастапқыда парсылардан ХІ, ал түріктерден ХІІІ ғасырға дәл келетін жазба деректер табылып, соның негізінде осы екі ел қызғалдақтың отаны деген жаңсақ пікір айтылып келді. Алайда Қазақстан өз алдына жеке мемлекет болып, алыс-жақын елдермен емін-еркін қарым-қатынас орнатып, осындай алыс-беріс көбейген шақта ғалымдардың зерттеуі бойынша гүлдің әр түрі, сонымен бірге, қызғалдақ та ежелден қазақ даласында өсетіндігі анықталды. Бұған қоса, қазақ жерінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, онда табылған алтын бұйымдарда қызғалдақ суреттері бейнеленгені анықталды. Бұл жәдігерлердің біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-ІІІ ғасырға жататыны да көп ұзамай дәлелденді.
Ал Қазақстанға жасаған ресми сапарында Нидерланд ханша­йымы Беатрикс ханым Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен әңгімесінде былай деген еді: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ, Қазақстанды Нидерландымен байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Қазақстанның даласы мен тауларында жайқалып өсетін бұл гүл біздегі саудада ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі Нидерланд елінің барынша танылған экспорттық тауары ретінде бағаланады. Ол біздің ұлттық символымыз іспетті. Қызғалдақ – ең үлкен сыйлық. Сол үшін біз сіздің еліңізге қарыздармыз. Қызғалдақ екі мемлекеттің арасындағы қатынастарды гүлдендіретін дәнекер ретінде жайнап өсе берсін!».
Тарихына көз жіберсек, Нидерланд жеріне қызғалдақты профессор Карлос Клюзиус алып барыпты. Ғалым оның түйнегін Австрия елінен алған көрінеді. Ал Австрияға, жоғарыда айтылғандай, Ұлы Жібек жолы арқылы жеткен. Профессор бел сыбана кіріскені сондай, маңайындағы жұртты қызықтыра түсіпті. Аз ғана уақыттың ішінде Нидерланд жерінде түрлі қызғалдақтар өсіп шыққан. Ал сирек тұқымды түрлерінің құны қымбаттап, жұрт арасында кикілжіңнің туындауына себеп болған. Өз кезегінде ел билігі өсімдіктің сирек түрінің өсірілуіне тыйым салып, есесіне олардың түйнектерін экспорттау­ға мүмкіндік жасаған. Экспорттың артқаны сондай, жылына екі миллиардқа жуық түйнегі сатылыпты. Бұл голланд халқының гүл саудасын әлем нарығына алып шыққан кезеңінің бастауы болса керек.

Гүл мен нарық

Көктем айында жазиралы кең дала қызыл кілеммен көмкеріліп, туған жерге деген ыстық сағынышыңды арттыра түседі. Өкініштісі сол, далада өсетін жабайы қызғалдақтарды зерттеп, оны іске жаратып жатқан ешкім жоқ. Кез келген дүкенге кіріп қалсаңыз, көздің жауын алар түрлі гүлдердің әлеміне тап боласыз. Алайда сатушылар олардың басым бөлігі Нидерланд елінен келетінін айтады.
Нидерланд – шағын ел. Оны тиімді пайдалану үшін бір жерден кемінде үш түрлі гүл алу жоспарланатын көрінеді. Сол себепті түйнектерін түрлі тереңдікке егеді. Мәселен, біз сөз етіп отырған қызғалдақты 15 см тереңдікке отырғызып, бетін 5 см топырақпен көміп қойса, келесі 5 см-ге сүмбіл гүлін, ал беткі қабатындағы 5 см-ге зағыпыран өсімдігін егеді. Сонда бірінен ке­йін екіншісі өніп, жер де, уақыт та үнемделіп, шығымы да артады. Бұл гүл өсірудегі жергілікті халықтың тиімді әрекеті екен.
Бүгінде бір ғана қызғалдақты өсіру үшін 10 мың гектар жер бөлінеді. Ал саяхатшылар жылда тек қызғалдақ гүлдейтін сәуір-мамыр аралығында Кёкенхоф паркіне баруды жөн көреді екен. Себебі 1857 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан саябақта дәл осы уақытта 7 млн гүл бүр жарып, кез келген жанды керемет сезімге бөлейді. Бұл елге барған саяхатшылардың басым бөлігі қызғалдақтың түйнегін алып кетуге құмар көрінеді. Бірақ фитосанитарлық қызмет оған жол бермейді.
Қорыта айтар болсақ, гүл – жердің көркі. Бұл ұғым біздің елімізде әлі күнге дейін сақталып келеді, мыңдаған жылдардың куәгері дала гүлдері – соның айғағы. Енді оны елдің көркіне айналдыратын уақыты да жетті. Ал халықаралық байланыстың, экономиканың, нарықтың да тамаша көркі бола алатынын Нидерланд елі бүгінде дәлелдеп отыр. Бұл мемлекет бүгінде қыз­ғалдақтар елі болып саналғанмен, жоғарыда айтылғандай, оның түпкі отаны – Қазақстан. Сондықтан гүл шаруашылығын қолға алып, білікті мамандарды шақырту арқылы жандандыруға мүмкіндігіміз мол. Былтыр Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев мамыр айындағы жағдай бойынша алтын-валюта қоры 90,3 млрд долларды құрағанын хабарлаған. Егер өз гүлімізді өзіміз қайта түлетіп, ел қазынасына жылына 13 млрд теңге қосымша құйылып отырса, сауда-саттығымыз да артпақ, қосымша жұмыс орындары ашылып, екі қолға бір күрек таппай жүргендерді салалық кәсіппен қамтамасыз етуге болар еді. Бұл Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қызғалдақ тақырыбын қозғауына түрткі болса керек…
Өз гүлімізді өзіміз өсірейік!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды