«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қызға қырық үйден тыйым

0 26

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде жыл сайын 15-19 жас аралығындағы 16 миллионға жуық қыз және 15 жасқа толмаған 1 миллионға жуық жасөспірім қыз «ана» атанады екен. Мұндай жағдай көбінесе әлеуметтік-тұрмыстық төмен елдерде орын алады. Біздегі жағдай да алаңдарлықтай.


Сенат депутаты, балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаеваның дерегінше, соңғы 5 жылда еліміздегі 15-18 жас аралығындағы 33 мыңнан аса қыз жүкті болған. Соның ішінде 9906-сы түсік жасатқан. Мұның бәрі жасөспірімдердің жыныстық қатынас туралы түсінігінің төмендігінен болып жатыр. «13-15 жастағы мектеп оқушыларының 14,8 пайызы күн сайын шылым шегеді, 12-15 жастағы жасөспірімдердің 18,1 пайызы алкогольдік өнімдерді тұтынады, ал 15-17 жастағылардың 37 пайызы темекі шегіп, арақ ішеді. Балалардың көпшілігі және жастардың 90 пайызы нашақорлық, шылым шегу және ішімдік ішудің ауыр зардабын білмейді, түсінбейді» деді депутат Денсаулық сақтау және Білім және ғылым министрлерінің атына жолдаған сауалында.
Сенатордың пайымдауынша, бүгінгі балалар ерте есеюдің (шылым шегу, ішімдік ішу, жыныстық қатынасқа түсу) қандай зардабы болатынын түсінбейді. Темекі мен ішімдіктің зия­нын тек дәрігерлер әр баланың бойынан дерт анықтағанда біледі. Ол сондай-ақ балалардың денсаулығына қатысты қорқынышты статистиканы келтірді. «Бірінші сыныпқа барған әрбір бесінші баланың ауытқушылығы бар, ал мектеп бітіретін кезде екі-үш диагнозбен шығады. Баланың ақыл-ойына және физикалық дамуына күш түсетін оқушы кезінде дұрыс тамақтанбауының әсерінен денсаулығына зиян келеді» деді С.Айтпаева. Айтпақшы, сенатор балалардың төсек қатынасы жөніндегі білімсіздігін жою үшін мектепте жыныстық қатынас жайында сауат ашатын пән енгізуді ұсынды. «Гигиена негіздері» деп аталатын пәнді уролог, гинеколог және эпидемиолог мамандар оқытуы тиіс. Яғни педагог-дәрігерлер бозбала мен бойжеткендерге ерте жастан жыныс­тық қатынасқа түсуге болмайтынын және контрацепцияны қолданудың маңызы жөнінде дәріс оқымақ.
Мұндай мәселе бұрын бірнеше мәрте көтерілген. Бірақ қоғам оны талқылаумен шектелді. Осы мәселеге орай екі адамның ой-пікірін білдік. Астанадағы №35 мектеп-лицейдің директоры Талғат Ахмединовтың пікірінше, мектепте жыныстық қатынас туралы пән енгізудің керегі жоқ. «Себебі биология сабағында мұның бәрі айтылады. Ұлдармен және қыздармен ай сайын сынып сағаты, психологтар тренингі өтеді. Мәселе шешілуі үшін ата-ана мен баланың бауырмалдығы қалпына келуі керек. Қазір қараусыз қалған балалар ермек іздеп, ғаламтордан лас ақпаратты, жаман киноны көреді. Өзі сияқты еріккен бала іздейді» дейді ол. Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Әсия Хайруллина мектепте жыныстық сауаттылық туралы пән қажеттігін айтады. «Елімізде жыл сайын 3 кәмелетке толмағандар некеге отырады. Жастайынан қызды күйеуге беру оның денсаулығына үлкен зиян әкеледі. Жүкті болған жасөспірімге көмек беретін жүйе жоқ. Ата-анасы, қоғам теріс айналады. Жұмыссыз қалған қыз не түсік жасатады, не үйінен безіп, өмірмен қош айтысады» деді ол мәселенің түп-тамырына үңіліп. Ал осы мәселеге қатысты қоғамның ойы қандай болар екен?..

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды