«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Қыз Жібекпен» кездесті

0 43

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, аты аңызға айналған актриса Меруерт Өтекешовамен кездесу өтті.

Меруерт Қаратайқызының өнердегі жолы сәтті басталды. Орта мектепті бітіре сала ойнаған Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» көркем фильміндегі рөлі оның бағын ашты. Өмірлік қосағы Құман Тастанбековпен де осы кинотуынды арқылы табысты.
Театрда сомдаған рөлдері де табыс әкелмей қойған жоқ. Мұндағы алғашқы рөлі Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Ана» спектакліндегі Әлиман болса, М.Әуезовтің «Қаракөз» қойылымындағы Қаракөз рөлі үшін Бүкілодақтық Жастар шығармашылығы байқауының лауреаты атанды.
«Қыз Жібектен» бөлек «Ағам менің», «Ұлымның оралуы», «Қосымша сұрақтар», «Тентек балалар», «Аждаһа жылы», «Ою», «Кінәңді ақта», «Жауын», «Ақ бақсы», т.б фильмдерде ойнады. Республикалық «Жігер» фестивалінде де лауреаттар қатарынан табылды. Алайда осының бәрінен «Қыз Жібек» ерек тұрғаны баршамызға белгілі.
Актрисамен кездесуде ол ойнаған фильмдерден үзінділер көрсетілді. Құрметті қонақ қойылған сұрақтарға жауап берді. Бірлестік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай халықтың сұрауы бойынша «Қыз Жібек» операсынан «Төлегеннің ариозосын» орындап берді. Университет оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы өлең оқып, көрермендердің көңілін толқытты. Кешті университет проректоры, академик Дихан Қамзабекұлы қорытындылап, Меруерт Өтекешоваға «Күлтегін» медалін тапсырып, сый -сияпат жасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды