«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қытай суретшілері көрмесі

0 79

Жақында Әскери-тарихи музейде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде елорданың жиырма жылдық мерейтойына орай «Бір белдеу, бір жол және Нұрлы жол – Астанада тоғысу» атты Қытай қылқалам шеберлерінің сурет көрмесі өтті.

Көрмеге көрші елдің әйгілі суретшілерінің ең таңдаулы деген туындылары қойылды. Олардың қатарында әлемге есімдері таныс Гуань Хончэнь, Лян Вэнюй, Уан Зүнь, Сунь Юй, Ли Жоншян, Чи Зэнбо, Хань Гаолу секілді шеберлер бар. Осындай өз қолтаңбасы қалыптас­қан азаматтардың қолынан шыққан шығармаларда қытай халқының байырғы мәдениеті мен өмір салты айрықша бедерленген. Әрбір картинадан терең ой түйе­сіз. Майлы қылқаламмен салынған ғажайып табиғат көріністері көздің жауын алады. Олардың қасынан кідірмей өте алмайсыз. Оны көрмені тамашалауға келгендердің әсерінен аңғаруға болады.
«Бүгінгі көрме өзіме ұнады. Суретшілердің шеберлігі таңдай қақтырады. Картинадағы образдар жанды бейне секілді. Кәдімгідей қолымен ұстағыңыз келеді. Өз басым бейнелеу өнерін жоғары бағалаймын. Алған әсерім шексіз» дейді Тұрар Шәкен.
Сондай-ақ, шара барысында алыстан ат терлетіп келген суретшілер адамдарға қытайдың дәстүрлі бейнелеу өнерімен таныстырып, шеберлік сыныбын өткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің мақсаты – екі елдің мәдени байланысын нығайтып, қылқалам шеберлерінің өзара тәжірибе алмасуына мұрындық болу.
Көрме 4 мамырға дейін жалғасады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды