-->

ҚЫТАЙ МЕН АВСТРИЯҒА ПАВИЛЬОН БЕРІЛДІ

kbb_2157-2-asli

Кеше ЭКСПО аумағында орна­ласқан Қытай және Австрия елде­рінің павильондары қатысушы делегат­тарға тапсырылды.

Былтыр 30 қазанда халық­аралық павильондардың құ­рылысы толық аяқталған болатын. Қазіргі таңда көрмеге қатысуға ниет білдірген 115 мемлекеттің 103-іне павильондары табысталды. Ал қалған 12 павильон осы айдың соңына дейін берілмек.
Қытай павильонының конс­трукциялық топ басшысы Дже Джиенің айтуынша, күншығыс елі үшін Астанада өтетін «ЭКСПО» көрмесіне қатысу аса маңызды.
– Біз 1000,27 шаршы метр ауданды құрайтын павильонды сұрап алдық. Павильонның басты тақырыбы – «Болашақ энергиясы. Жасыл жібек жолы». Демек, дәстүрлі энергия көздерін жаңғырмалы энергия көздеріне ауыстыру, қоршаған ортаны қорғау сияқты маңызды мәселелерді алға тартқымыз келеді. Көрмеге жаңа энергия саласында қыз­мет ететін қытайлық он кәсіп­кер шақырылды. Сондай-ақ, еліміздің 25 қаласындағы түрлі саладағы бизнесмендер Астанаға ат басын бұрады. Біз тауарлардан гөрі электр қуаты мен ядролық энергия саласындағы жаңа технологияларды көрсеткіміз келеді, – деді ол.
Еліміздегі Австрияның тө­тенше және өкілетті елшісі Герхард Сайллер журналис­тердің сауалына жауап бере отырып, Австрияның павильоны қандай болатынын баяндап берді. «Конструкция болаттан жасалған үш бөліктен тұратын болады. Олар павильонымыздың «With brain, heart and muscle power» (Ақылмен, жүрекпен және күш-қайратпен) атты тұжырымдамасына сәйкес келеді. Жаңа энергияның мүм­кіндіктерін тамашалай алатын арнайы орын әзірлейміз. Көрмеге келушілер үшін дем­алуға арналған лаундж бар жұмыс істеп тұрады. Сондай-ақ, Австрияға қызығушылық танытқандар барлық мәліметті дәл сол жерде ала алатын болады. Павильонның бюджеті 5 млн еуроны құрайды. Ал оның ауданы 866 шаршы метрді алып жатыр. Австрия павильоны мәдени іс-шараларға да жете көңіл бөледі» деп сөзін аяқтады елші.
Айта кетейік, павильондарды безендіру жұмыстары мамыр айының ортасына дейін аяқталуы тиіс.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*