«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қыс қызығы – мұз айдын

0 79

«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды» деп Абай атамыз суреттегендей, қылышын сүйреген қыс та бел ортаға жетті. Қыс жалғыз келмейді, қызығымен бірге жүреді. Қыс қызығы демекші, биыл елордада ерекше мұз қалашықтары бірінен соң бірі ашылып, шаһарды тұтас ертегі әлеміне айналдырды. 

«ЭКСПО» МҰЗ ҚАЛАШЫҒЫ

Былтыр «ЭКСПО-2017» көрмесі өткеннен кейін әкімдік жыл сайын «Хан Шатыр» аумағында орналасатын мұз қалашығын бас шыршамен бірге ЭКСПО қалашығына көшірді. Ашық аспан астындағы мұзайдынның атмосферасы ерекше. Мұнда 200 мыңнан астам жарқылдаған шаммен және 6 мың шармен безендірілген шырша, «Нұр Әлем» кешеніндегі көздің жауын алатын проекциялық лазерлік шоу және биіктігі 5 метр, ені 40 метр болатын сырғанақ тебуге арналған екі төбешік және одан кіші екі төбешік бар. Оған қоса, тоқсан күндей жалауы желбіреген көрме сыйлаған әсер мен естеліктерді ескеріңіз.
Ал баға саясатына келетін болсақ, мұз айдынында сырғанау үшін 1000 теңге төлейсіз. Бір сеанс 4 сағатқа созылады. Конькилерді жалға алу да 1000 теңге тұрады. Жеңілдіктер де қарастырылған: студенттерге арнайы 800 теңгелік билет сатылса, мектеп оқушылары мен зейнеткерлерге 50 пайыздық жеңілдік бар. Ал 6 жасқа дейінгі балаларға – тегін. Жалпы аумағы 3500 шаршы метрді құрайтын коньки тебу стадионы – еліміздің ең ірі мұзайдыны.
ЭКСПО аумағындағы көлік тұрағында аялдау алғашқы үш сағатқа – тегін. Сондай-ақ, көрме аумағында көптеген тамақ­тану нысандары жұмыс істейді. ЭКСПО мұз қалашығы астаналықтар мен қала қонақтары үшін сейсенбіден жексенбіге дейін ашық.

«MEGA SILK WAY»

Осы тұста ЭКСПО қалашығымен қатар орналасқан «Mega Silk Way» сау­да-ойын-сауық орталығының бірінші қабатындағы мұзайдынын айта кету жөн. Әкімшілік дүйсенбі күнді «тегін сырғанау күні» деп белгіледі. Екі сағатқа жалғасатын сырғанау сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері балаларға – 500, ал ересектерге – 1000 теңге. Ал жұма және демалыс күндері, сәйкесінше, 500-1500 теңге төлейсіз.
Бір өкініштісі, мұзайдында бір мезетте жүзден астам адам ғана сырғанай алады. Айта кетейік, «Мегада» коньки тебу 7 жасқа дейінгі балаларға, зейнет­керлерге және I және II топ мүгедектеріне – тегін. Мұзайдын таңертеңгі сағат 10-нан кешкі 10-ға дейін жұмыс істеп тұрады.

ЕҢ ӘДЕМІ ШЫРША – «КЕРУЕНДЕ»

«Солтүстік шұғыласы» тұрғын үй кешені мен «Керуен» сауда орталығы арасындағы аумақта пайда болған мұзайдын кешенін нағыз жаңа жылдық тарту деуге болады. Бұл аймақта 1600 шаршы метрдей жерді алып жатқан сырғанақ, төбешік, биіктігі 17 метр ерекше жаңа жылдық шырша, сондай-ақ, безендірілген үйшік, бұғы сияқты жаңа жылдың нышанына айналған мүсіндер тұр. Қалашықта музыкалық бейнебаяндарды көрсететін LED экран қойылған. Бойды жылыту үшін тамақтану орындары бар, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі де ұйымдастырылған. Бүгінде тегін демалыс орнына келушілердің қарасы көп. Бұл астаналықтар демалыстарын тек сауда орындарында өткізеді деген қалжың-қағытпаны жоққа шығарады. Айта кетейік, өз конькиіңіз болмаса, оны сағатына 500 теңгеге жалға ала аласыз. Халық қаланы түрлендіріп жіберген әкімдікке алғысын білдіруде. Кейбіреулері тіпті аймақтағы шыршаны шаһардағы ең әдемі шырша деп бағалады.

ИТ ПЕН БҰҒЫ ЖЕГІЛГЕН…

Тегін мұзайдыны тақырыбын жалғастырып, енді «Қазақстан» спорт кешеніндегі, «Арай», «Жерұйық» саябақтарындағы, Ақбұлақ өзеніндегі сырғанақтарға қарай ойыссақ. Аталған жерлер елордалықтардың сүйікті демалыс орнына айналғалы қашан?! Ашық аспан астында орналасқан мұзайдындар дүйсенбі-жұма аралығында сағат 12.00-23.00-ге дейін, ал демалыс күндері 10.00-24.00-ге дейін жұмыс істейді. Конькиді жалға алу құны да қалтаға қонымды – 500 теңге.
Бұл аймақтарда қала тұрғындары мен қонақтары алаңсыз демалу үшін барлық инфрақұрылым мен көңіл көтеретін ойындар қарастырылған. Мәселен, мұзайдындардың бірінде арбаға жегілген бұғыларды да, хаски иттерін де көзіміз шалды. Біз экзотика ретінде қабылдайтын бұл жануарлар баршаға мерекелік көңіл күй сыйлайтыны анық. Елордаға сонау Ақтаудан отбасымен бірге қыдырып келген Еркебұлан есімді азамат балаларын арбаға отырғызып, балақайлардың бір арманын орындағанын айтты. «Қыс аязды күндерімен, қалың қарымен, табиғат аясындағы демалысымен қызық. Елордаға балалардың қысқы демалысы деп келіп қалдық. Қазақ ырымшыл халық екенін өзіңіз де білесіз. Ит жеті қазынаның бірі ғой. Астанаға келіп, арбаға жегілген итті көріп жақсылыққа жорып отырмыз» деді ол.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды