«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қырықтан кейінгі кезең

0 29

Жұмыс күшіне зәру қызмет түрлері көп елімізде қылшылдаған қырық жасыңда жұмыссыз қалуың мүмкін бе? Әбден мүмкін. Оған дәлел – қазіргі қоғамдағы «керексіз» адамдардың көбейіп кеткендігі. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын экс-депутат Мұхтар Шаханов осы мәселені мінберде тұрып көтергенде, 35-40 жастан асқан адамдардың жұмысқа тұру көрсеткіші жақсаруынан дәмелі болғандай едік. Алайда бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Жекеменшік түгілі, мемлекеттік мекеменің есігінен сығалай алмай жүргендердің қатары азаймай тұр. «Жалақысы жоғары жұмысқа 40 жасқа дейінгі қызметкерлер қабылданады» деген хабарландырулардан көз тұнады. Мұның себебі неде? Бұған бұқара не дейді? Жауап іздеп көрдік.

Жұмыссыздар саны екі есе көбейді

Былтыр әлем бойынша жұмыссыздар саны 201 млн-ға жетті. Ал біздің елімізде жұмыспен қамту қызметіне тіркелген жұмыссыздардың саны екі есеге дейін артты. Еуразиялық экономикалық комиссия ұсынған статистикаға сәйкес, 2017 жылдың қарашасында ресми тіркелген жұмыссыздардың саны 125,9 мыңға жетті. Ол экономикалық белсенді тұрғындардың 1,4 пайызын құрайды. 2016 жылы бұл көрсеткіш екі есе аз, 64,6 мың адам болған еді. Астана қаласы бойынша 22 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Сала мамандарының айтуынша, жұрт дәл осы ресми тіркелуге асықпайды. Сондықтан, қаламыз бойынша ғана емес, еліміз бойынша жұмыссыз жүргендердің санын тап басып айту қиын болып отыр. Демек, еш жерге тіркел­мей өзінің күнін өзі көріп жүрген «жұмыссыз-жұмысшылардың» қатары көп деген сөз.

Статистикаға кірмейтін жұмыссыздар

Finprom агенттігінің ақпаратына сенсек, еліміз бойынша былтыр жалдамалы жұмысшылардың саны 1,2 пайызға артып, 76 000 адамға көбейген. Олардың дені – біз әңгіме еткелі отырған орта буындағы азаматтар. Психологтар болса, 40-тан асқан көп адамның басында «Орта жастағы тоқырау» кезеңі басталады дегенді айтады. Яғни, өмірін өзгертіп, бәрін қайтадан бастауға ниет танытып, жұмысқа деген құлшынысы артады екен. Ал Батыста жұмысқа тұруға үміткерлердің жас шамасына шектеу қойып хабарландыру берген жұмыс берушілердің ісі сотта қаралады екен. Бізде мұндай талап жоқ.
Жыл сайын біздің статистика «жұмыссыздық осынша пайызға төмендеді» деп көрсетуден жалықпайды. Лайым, солай-ақ болсын. Бірақ тұрақты жұмысы жоқ азаматтар кездейсоқ тапқан табысын есептеп, жұмыспен қамту орталықтарына үш ай сайын тіркелуге бара бермейді. Оған уақыттары да жоқ. Барғанмен мардымсыз жалақыға тауы шағылып, кері қайтқандары қаншама?! Міне, осы мәселенің астарында қаншама бағдарламалардың, жарылқау­шы жобалардың жұмыс барысын жіктеп жазуға да болар еді. Дегенмен, бүгін біз қара базардың маңын жағалаған жалдамалы жұмысшыларды мысалға ала отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың күнделікті тірлігін баяндағалы отырмыз.

Бұлар да бір ұжым

Қаланың бірнеше жерінде кез келген қара жұмыс қолынан келетін әмбебап мамандардан тұратын топтар бар. Әсіресе, олар базардың маңдарында жиі тұрады. Ас­таналықтар мұндай жұмысшыларды көбіне «Лұқман» сауда үйінің жанынан табады. Таңғы 8 жарымда барғанымызда, біз олардың қарасы көп, шамамен 30-40 адамның тұрғанын көрдік. Құдды, бір ұжым сияқты.
Жандарына жақындағанда олар өздерінің іздеушісін біле қояды. Менімен бірге аяңдай басып келе жатқан қыз бала да оларға жақындай беріп еді:
– Қарындасым, қандай жұмыс жасау керек? – деп елп ете түсті орта жастағы жігіт ағасы.
– Аға, маған ауладағы қарды күреу керек.
– Жақсы, сағатына екі мың.
– Үйімізге түсте қонақ келеді. Ертерек бітіру керек еді.
– Ә-ә, онда жақсы, әй, Шәке, жүр, екеумізге де төле, бір сағатта аулаңыз айнадай болады.
– Жақсы, аға.
Қонақ күтетін қызбен бірге екі жұмысшы кетті еріп. Мына жағымыздан бір ер адаммен келісіп тағы үш жігіт кетіп бара жатты. Бағасымен келіспей саудаласып тағы біраз адам тұр екен. Не керек, ана жерде қып-қызыл сауда жүріп жатты. Бізге бұл еңбек саудасының тасасында адам сауда тұрғандай әсер етіп кетті…

Көшеде бата беріп қария отыр…

Оң жағыма қарасам, бата беріп бір қария отыр. «Ата, осы жерде күнде отырасыз ғой, айтыңызшы, осы жұмысшыларға деген сұраныс көп пе? Тапқанын араққа жұмсап жүргендер жоқ па арасында? Әлде шынымен отбасын асырап жүрген отағасылар ма?» деп сұрадым. «Мені қайбір жетісіп отыр дейсің? Отыз алтыдағы ұлым да анаууу тұр. Дәл осындай күйге түсеміз деп бір кездері ойламадық. Екі ұлым бар еді. Біреуі өмірден өтті. Осы ұлымды оқыттым. Мамандығы – программист. Қолынан келмейтіні жоқ. Жұмыс та жасап көрді. Бірақ 40-50 мың айлыққа отбасын асырай алмады. Жеті немерем бар осы ұлдан. Таксист те болды. Мәшинесі бұзыла берді ғой. Ал осы жерде тұрғалы 6-7 жыл болды. Тұрақты клиенттері бар. Көбіне баламның еңбекті адал істейтін, тиянақтылығын білетін азаматтар өздері хабарласып шақырады. Кейде үйдің ішкі әрлеу жұмыстарымен келісіп он-он бес күн жұмыс істеп келеді. Жалпы алғанда айлық табысы жаман емес. Аллаға шүкір дейміз, менің зейнетақымды қосып, осы баланың табысымен қанша жан күн көріп отырмыз» деді. Ақсақалдың айтуынша, мұнда 40 пен 50 жастың аралығындағы ер-азаматтар көптеп келеді екен. Арасында жастары да баршылық.

Жұмысшыларға арналған жылы орын болса…

«Мен келесі жылы елуге толамын. Өзім құралпы замандастарым баршылық. Осы жерде бір ұжымбыз. Сырттан келген адамға біз де нанымыз­ды тартып алардай аларып қараймыз. Егер олардың мінездері жайлы, бізге ортаға сіңіп кетсе, онда сөз жоқ» деді өзін Амандық деп таныстырған ағай. «Сондай қалай?» дедім түк түсінбегендей қалып танытып. «Ой, бұл жерде біз бәріміз бір-бірімізді танимыз. Кімнің қолынан не келетінін жақсы білеміз. Мәселен, үйдің төбесін жабу керек болса Жәкеңді, ыдыс, кір жуу машиналарын орнатуға Асхатты, әжетханаларды қазуға Шәкеңді.. осылай бөліп отырамыз. Таксистер де өз кезегімен жүреді ғой. Міне, сол сияқты. Өзімнің осы жерде жүргеніме үш-төрт жылдың жүзі болды. Күннің суығында аздап тоңатынымыз болмаса, былай ортамыз, өз ұжымымыз өзімізге ұнайды. Қауқылдасып, мынау тұрған дүңгіршектерден тамақтанып аламыз. Суықтасақ, бойымызды жылытып шәй ішіп аламыз. Өмір керемет, қызым, үкіметті кінәлап отыр­ғаннан не ұтамыз? Әркімнің өз еңбегімен тапқан наны тәтті ғой» дейді риза кейіпте.
Бұрын осындай тұрмыс жағдайындағы түрлі еңбектерге жегілетін жұмысшыларды елдер аз-маз ақшаға жалдап, олар тапқандарын ащы суға жұмсайды деген ойда жүретін пікірімнің тас-талқаны шықты. Мұнда қарасаң – расында да бір орталық, бір еңбек ұжымы жұмыс жасап тұр. Киімдері тап-тұянақтай. Әңгімелері әсерлі. Ең бастысы, билікке өкпесі жоқ. Өз қамдарын өздері жасап, өз күндерін өздері көрген тәубешіл жандар. Тек олардың көңіл-күйлерін қаңтардың қаңылтыр аязы ғана бұзуы мүмкіндей. Бәлкім, бұл топқа да арнайы орын ұйымдастыруға болатын шығар? Біздің аяулы қоғамда иттер мен мысықтардың да орталықтары бар емес пе?…

Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды