-->

ҚЫРҒЫЗСТАН. САЙЛАУ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ САРСАҢ

Қырғызстан тағы да дүрлігіске түсіп кетті. Бұл жолы жылтылдап жанған отқа майды елдің президенті Алмазбек Атамбаевтың өзі құйып жіберді. Олай болатыны, енді 5 күннен кейін, 15 қазанда Алатоо баурайындағы айыр қалпақты ағайын кезекті рет елдің жаңа басшысын сайлағалы жатыр. Қарап тұрсаң, осының бәрі алдын ала сызылып алынған белгілі бір сценариймен жүріп жатқанға ұқсайды. Себебі сайлауда президенттің үкілеп қосқан үміті – үкіметтің бұрынғы басшысы Сооронбай Жээнбековтің жеңіске жете алмай қалатындай қаупі бар сияқты.

Кеше Алмазбек Атамбаев өзінің Сочиге баратын болып белгіленген сапарын тоқтатты. Сөйтіп, Ресейдің осы қаласында 10-11 қазан күндері өткелі тұрған ТМД және Еуразиялық экономикалық кеңес елдері басшыларының кеңесіне қатысудан бас тартты. Оның орнына жиынға премьер-министр Сапар Исаков бастаған делегация қатысатын болып шешілді.
Қырғыз президенті өзінің бұл әрекетіне сайлау күні жекелеген саясаткерлердің қылмыстық топ өкілдерінің қатысуымен жаппай тәртіпсіздік жасау­ға дайындалып жатқаны, сондай-ақ, оларға бұл үшін шетелдерден қаржылай көмек көрсетілгелі тұрғаны туралы мәліметтер келіп түсуіне байланысты елдегі тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында барып отырғанын уәж етіп алға тартты.
Шыны керек, қыр­ғыз президентінің 7 қазан күні өткен мемлекеттік марапат тапсыру салтанаты кезінде айтқаны көзі ашық қазақ-қырғыз­ды таңғалдырып отыр. Ол бұдан аз ғана уақыт бұрын елімізге келген сапарында: «Қазақстандықтар Нұрсұлтан Назарбаевтай басшылары болғаны үшін бақытты» деген еді. Содан бері не өзгере қалды? Қазақстан өзгеріп кетті ме, жоқ Назарбаев басқаша болып кетті ме? Жоқ, мұның ешқайсысы да өзгере қоймады. Өзгерген – Атамбаевтың өзі мен пиғылы. Нақтылай айтқанда, ол мұның бәрін билікті демократиялық жолмен бергісі келмей, елді өзі қойған адам арқылы басқаруды одан әрі жалғас­тырғысы келгендіктен жасап отырғаны байқалады. Сондықтан ол президенттің орынтағына өз адамын өткізіп жібергісі келіп, барын салып бағуда.
Әлбетте, Алмазбек Атамбаевтың үлкен саясаткерге, ел басшысына жараспайтын мәлімдемесіне ресми Астана Сыртқы істер министрлігінің деңгейінде тез жауап қатты. Осылайша, министрлік 9 қазанда Қыр­ғызстанға наразылық нотасын тапсырды. Онда «Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қырғыз БАҚ-тарында таратылған 2017 жылғы 7 қазандағы Қырғыз Республикасының президенті А.Атамбаевтың Қазақстан Республикасының басшылығына қатысты сөздеріне байланысты қатаң наразылық білдіреді және мұндай сөздерге екі достас мемлекеттер арасындағы қатынастарда жол берілмеуі тиіс деп санайды.
Қырғызстан президентінің сайлау алды мақсатындағы жауапсыз, арандатушылық мәнді және жалған пікірі елдеріміз арасындағы достық пен өзара көмектің көпғасырлы байланыстарына нұқсан келтіре алмайтынына сенім білдіреміз.
Қазақстан тарапы қыр­ғыз халқымен дәстүрлі бауырластық қатынастарын дамыту жолына берік болып қала береді» делінген.
Іле-шала Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев та осы мәселеге байланысты арнайы мәлімдеме жариялап, қырғыз жұртшылығын Қазақстанның шынайы экономикалық дамуынан хабардар етіп, біздің елдің қырғыз аға­йындарға жасаған нақты көмегін санамалап берді. Үкімет қазақ-қырғыз әріптестігін тереңдете түсуге ниетті екенін білдірді.
Жоғарыдағы жиында сөйлеген сөзінде Атамбаев, сондай-ақ, үш беделді компанияның тұрғындар арасында сайлауға байланысты сауалдама жүргізгенін айта келіп, оның қорытындысында президент ұсынған кандидаттың алда келе жатқанын сөз етті. «Егер басында президент үкілеп қосқан үміткер – 3 па­йыз, ал Бабанов 39 пайыз дауыс алып тұрған болса, бүгінгі күні Бабановтың мөлшері 20 пайызға түсіп қалса, біздің кандидаттың мөлшері 40 пайыздан асты. Бұл бұдан да жоғары болуға тиіс еді. Себебі біздің халық қазір өзгерді. Мұның неге бұлай болып жатқанын біздің адамдар тексереді» деді президент.
Бұған елдегі сарапшылар бірден баға бере бастады. Заңгер Канат Азиз президенттің сайлау­ға дейін кандидаттардың рейтингілері жөнінде айтуға ешбір хақысы болмағанын білдірді. Оның ойынша, бұған прокуратура органдары дереу өз бағасын беруге тиіс. «Атамбаевтың жүргізілген әлеуметтік сауалдама бойынша Жээнбековтің алда келе жатқаны туралы жұртқа жария етуге ешқандай құқы жоқ еді» деді ол.
Азаматтық белсенді Адил Тұрдықұлов мемлекеттік марапат тапсыру марапаты кезінде жұртты президенттікке кандидаттардың біріне дауыс беруге үгіттегені үшін орталық сайлау комиссиясына шағым түсірді. «Ол ешқандай шеңберге сыймайтын тірлікке барып, үміткерлердің бірін жақтайтынын ашықтан-ашық білдірді, – деді ол.
Сонымен, Қырғызстан үлкен сайлау алдында, таңдау алдын­да тұр. Ондаған үміткер қыр­ғыз басшылығынан дәмелі. Әліптің артын бағайық.

Серік ПІРНАЗАР

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*