«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қырандай самғаған қыр баласы

0 47

Мен журналистік өмірімде халқына адал қызмет етіп, маңдай терін төккен, Тәуелсіздік жылдары еліне жан жүрегімен қызмет еткен талай тарландарды білемін. Солардың бірі, менің ерекше сыйлайтын тетелес інім – Қуаныш Махмұтұлы Алпысбеков. Бұрын сырттай біліп жүрсем де кейіннен бірнеше рет кездесіп жүздескеннен кейін, одан соң әңгімелесіп сұхбаттасқаннан соң, маған алғашқы беттен-ақ еліне деген адалдығы, қызметіне деген әділеттігі ұнады. Әйтеуір, оны қай кезде көрсем де, іштей разы болып, үнемі құрмет тұтып жүрем. Қай жерде болса да, мейлі біреудің мерейтойы ма, жоқ әлде ресми жиналыстарда ма, Қуаныш бір қалыптан айнымайды, байыппен сөйлеп, қандай бір эмоциялық жағдай болсын, даусын көтермей, мәдениетті түрде жымиып қана сөзін аяқтайды.

Қуаныш Алпысбековты алғашқы рет көруім 1994 жылдың 6 шілдесі болатын. Жоғарғы Кеңестің сол күнгі сессия жұмысына қатысу үшін Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев келді. Мен ол кезде Конституциялық сотта баспасөз хатшысы болып істейтінмін.

Отырысты ашқаннан кейін, Президент сөз алып, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру жайлы ұсыныс енгізді. Осындай ұсынысты депутаттар күтпеп еді. Сол себепті басында Президент ұсынысына қарсы шығушылар табылды. Мұның күтпеген жағдай болғаны соншалық, оның жүзеге асарына   күмәнмен қарағандар аз болмады. Дегенмен, Президент ұсынысын қолдағандар да болды. Солардың ішінде депутат Қуаныш Алпысбеков сөз сұрап, мінберге шықты. Оның себебі сол жылдары Қуаныш Целиноград қалалық атқару комитетінің төрағасы болатын.

– Депутат жолдастар, көз қорқақ, қол батыр дейді қазақ. Целиноград – қазіргі кезде өсіп, өркен жайған Сарыарқаның дәл кіндігінде орналасқан облыс орталығы. Мұнда республиканың бетке ұстайтын бірнеше ауыр және жеңіл өнеркәсіп орындары шоғырланған. Онымен қоса қалада төрт жоғары оқу орны мен бірнеше орта білім беретін училищелер мен техникумдар жастарға білім беруде. Мәдени нысандар ішінде М.Горький атындағы драмтеатр, облыстық филармония, демалыс паркі тағы басқа да сауықтыру орындары қанат жайған, халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін комбинат бар. Ол жақтың адамдары да, табиғаты да ғажап, қорқатын ештеңесі жоқ, – деп Алпысбеков сөзін қорытындылады. Не керек, ұзақ айтыс-тартыстан кейін депутаттар көпшілік дауыспен астананы Целиноградқа көшіру жөнінде шешім қабылдады.

Сол жолы Қ.Алпысбековпен кездесудің сәті түспеді. Қуаныш Махмұтұлы Президент әкімшілігінің тапсырмасымен шұғыл түрде Целиноградқа ұшып кетіп, көшіп келетін мемлекеттік қызметкерлер үшін  уақытша тұрақ пен әкімшілік ғимараттарды дайындау мәселесімен айналыса бастады.

…Қуаныш Алпысбековтың балалық шағы соғыстан кейінгі қазақ ауылында өтті. Қазір бұл елді мекен қазақтың атын бүкіл әлемге танытқан, кіндік қаны осы жерде тамған балуан Қажымұқан ауылы деп аталады. Қуаныштың әкесі Махмұт «Новоишимка» дейтін колхоздың төрағасы болған. Соғыстан кейінгі ауыр жағдайға қарамастан, сол жылдардағы колхоз-совхоздардың жұмысын тік тұрғызып, ел экономикасы мен халықтың әлеуметтік тұрмыстарын көтерген Махмұт ағаның есімі осы уақытқа дейін халық жадында. Азаматты жақсы сөзінен ғана емес, тындырған ісінен де танитын қарапайым көпшіліктің ол кісіге деген ықыласы ерекше еді.

Колхоз орталығы Ақмола қаласына жақын болғандықтан, Қуаныш мектепті қалада бітірді. Онжылдықты тәмамдаған соң, ол өзінің қалауымен   Новосібірдің темір жол транспорты инженерлік институтына түсіп диплом алысымен, осы саладағы жұмысты Есіл стансасынан бастады. Жас маманның іскерлігін байқаған Тың теміржол басқарма басшылығы біраз уақыт істеген Қуанышты Ерейментауға станса бастығы етіп тағайындады. Осы бір құтты мекен Қуаныштың лауазымдық қызметінің өсуінің бастамасына айналды. Екі мыңнан астам адамы бар ұжымда жас маман нағыз еңбектің қадірін біліп, әр кезде де жинақы және жауапты болудың негізін қалай білді, адамдармен қоян қолтық араласып, шыңдалу мектебінен сүрінбей өте білді. Осы бір қасиеттер жас Қуаныштың тіршілігінің ажырамас серігіне айналып, кездесе қалған қиыншылықтарды еңсеруге және алдына қойған мақсаттар биігінен көрінуге қуат берді.

Сол жылдардағы партияның кадр саясатында бүгінгі күнге үлгі етіп аларлық жақсы ерекшеліктер бар болатын. Өз ісіне қабілетті жастарды батыл жоғарылатып, қолдап отыратын. Соның мысалы ретінде көп ұзамай  Ерейментау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Зикен Рамазанов Қуанышты аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына ұсынды.  Ол болса, қанша қасарысып, көнгісі келмегенмен сол кездегі тәртіп – партия айтты ма, оны сөзсіз орындау қажет болатын. Аудандық комсомол комитетіндегі Қуаныштың жұмысы ұзаққа созылған жоқ, бір жылға жетер жетпес мезгілде облыс басшылығы Қ.Алпысбековті Целиноград облыстық комсомол ұйымына жетекшілік етуге шақырды.

  Жас маманның қарымын байқаған Целиноград қалалық партия комитеті Қ. Алпысбековты Совет аудандық партия комитетінің тізгінін сеніп тапсырды. Осылайша қызмет бабы өскен сайын Қуаныш Алпысбеков түрлі ортада болып, адамдармен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтады, жаңалыққа жаны құмар маман ретінде еңбек ұжымдарында болып, жұмысшылардың талап шағымдарына ерекше көңіл бөлуді жағымды әдетке айналдырды.

1985 жылы Целиноград қалалық атқару комитетінің төраға қызметін жемісті атқарып жүрген Қуаныш Алпысбеков Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұйымдастыру бөлімінің инспекторы қызметіне шақырылды. Жауапкершілігі мол Орталық партия комитетінің жұмысы Қуанышты одан әрі шынықтыра түсті, кадрлармен жұмыс жасаудың, оларды іріктеудің, қабілетіне қарай лауазымды қызметке ұсыну сияқты тәжірибелерді кеңінен қолданды. Бұл қызметтің ең басты талабы – адамдармен тіл табыса білу, әсіресе, партия кадрларының мүмкіншілігін аша білуде Қуаныштың білімі мен түрлі салаларда жинақтаған тәжірибесі осындайда көмекке келді, ұжымдағы әріптестермен қоян-қолтық араласып, өздеріне қатысты мәселелерді талқылауда Қуаныштың ой-өрісі дараланып, нақты ұсыныстары көптің көңілінен шығып жататын.

Орталық партия комитетіндегі Қ.Алпысбековтің аппараттағы нәтижелі жұмысы туралы жағымды пікір Димаш Ахметұлы Қонаевтың да назарына іліккен болуы керек.

1986 жылдың қыркүйек айы болатын. Жұмыс уақыты аяқталып, үйге кетуге жиналып жатқан Қ.Алпысбековті телефон шырылы тоқтатты. Телефонды көтергені сол еді, ар жағынан ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Сұлтановтың ентіккен дауысы естілді: – Тездетіп Димаш Ахметұлының кабинетіне кіріңіз, – деді ол.

Қабылдау бөлмесіне кірген Қуанышты, бірінші хатшының көмекшісі Дүйсетай Бекежанов есікті ашып, ішке итермелегендей болды. Одан әргі әңгімені Қуаныш Алпысбековтің өз аузынан естелік.

– Димекең ұзын үстелдің басында отыр екен. Мені көріп, баяу тұра бастады. Столының үстінде жатқан өз құжаттарымды байқадым. Қол алысып, амандасқан соң, отырыңыз дегендей ишара білдірді. Содан соң сәл тыныс жасап:

– Қуаныш, сені өсетін жерге жіберіп отырмын. Қостанай обкомының  хатшылығына ұсынылдың. Жолың болсын! – деді ықыласпен.

Сөйтіп, Қуаныш Қостанай облыстық партия комитетінде хатшы қызметін жемісті атқарып жүрген Қуаныш Алпысбеков тағдырдың жазуы ма, жоқ әлде сол кезде қалыптасқан партия тәртібі сондай болды ма, СОКП Орталық партия комитеті орталық аппаратта қызмет істейтін білікті қызметкерлерді Одақтас республикалар арасынан іріктей бастағанда таңдаулары  Қуаныш Махмұтұлына түсті. Олар Қ.Алпысбековты Орталық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің инспекторлығына тағайындап, әрі оған Ресейдің Вологда, Псков облыстарының кураторлығын қосып берді.

Тәуелсіздік жылдары Қуаныш Махмұтұлы екі рет Парламент депутаты болып сайланды. Бірінші рет 1994 жылы 13 шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды. Депутаттық мандаты мерзімінен бұрын аяқталғанмен, Қ.Алпысбековті жаңа қызмет – Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметі күтіп тұрды.

Депутаттық мандатты пайдаланып, Қуаныш Ақмола облысы бойынша бірнеше мектептер салу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлдірді, көптеген ауылдарында ауызсу мәселесінің шешілуіне ықпал жасады, автокөлік жолдарын жаңадан салуға, күрделі жөндеуден өткізуге қомақты инвестициялар салдырды. Қуаныш өзіне тән жігермен қайнаған оқиғаның ортасында болып, көкейкесті жайлардан жалтармай, сайлаушылардың үміттерін ақтау үшін азаматтық белсенділік таныта білді.

Қуаныш Махмұтұлының депутаттық мандаты аяқталысымен оны «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамында  кеңесші қызметіне шақырылды. Осы кезде, Астана қалалық әкімшілігі мен Республикалық ардагерлер Кеңесі басшылығы Қ.Алпысбековтің адамдармен жақсы қарым-қатынас орната алатын тәжірибесін және елорда ардагерлерінің басым көпшілігін білетінін ескеріп, оған Астана қалалық ардагерлер Кеңесін басқаруды ұсынды.

Ардагерлер Кеңесін басқарған жылдары Қуаныш Махмұтұлы мүмкіндігінше әрқайсысына жан шуағын сыйлап, көңілдеріне қаяу түсірмеуді сондағы қызметкерлерге үнемі тапсырып отыратын. Қала кәсіпкерлері мен үлкен супермаркет қожайындарын жақсы білгендіктен, оларға әл-ауқаты төмен ардагерлер отбасына көмек беруді, мерекелер сайын сый-сияпаттар таратуды ұйымдастырып отыратын.

Қырық жылдан аса халқына қызмет жасап, мәртебелі биігінен, азаматтық тұлғасымен, қадір-қасиетімен көрінген Қуаныш Алпысбековтің қайраткер тұлғасы осындай.

 

Мейрам БАЙҒАЗИН,

ардагер журналист

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды