«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қырандай қырағы сақшылар

0 32

Қала тұрғындары ұйқыға батқан кезде, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әскери полиция қызметкерлерінің мойнында. 2014 жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысының ұсынысымен ашылған 5573 әскери бөлімнің басты мақсаты да сол – бас қаладағы қауіпсіздікті сақтау.

Күнделікті Ұлттық ұланның жауынгерлері елордамыздың үш ауданына бөлініп, патрульге шығады. Атап айтқанда, Сарыарқа, Есіл және Алматы аудандарының ішкі істер бас­қармасында сарбаздар арнайы жаттығулардан өткеннен кейін, қоғамдық қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге рұқсат алады.
– Астана жылдан жылға өсіп келе жатқандықтан, поли­цияға келіп түсетін ша­ғым да көбейіп отыр. Миллион тұрғыны бар қалада құқық бұзушылықты азайту, қылмыстың алдын алу – біздің міндетіміз. Топтасып үш-үштен аудан-ауданға шығатын сарбаздардың үстінен біздің командирлер қарайды. Жаяу әскер көбінесе түнгі уақытта болатын қыл­мысты болдырмауға, болмаса оның ізін суытпай ашуға көмектеседі. Бұл жергілікті полиция қызметкерлеріне зор көмек, – деп түсіндірді Әскери полиция қызметінің аға жедел уәкілі, майор Әскербек Ғалин.
Жас әскерлер сағат 16:00-ден түнгі 22:00-ге дейін кезекте­сіп өз қызметін атқарады. Одан кейін оларды 23:00-де сапқа түзеп, әскери көлікке отырғызып алып, казармаға алып кетеді. Қайтадан сапқа тұрғызып, түгендеп, асханада тамақтандырамыз. Келесі күні таңертең сағат 10:00-де тұ­рып, күн тәртіпке сәйкес өз­де­рінің әскери борыштарын атқарады. Бұл – Ұлттық ұлан сарбаздарының күнделікті өмірі.
«ЭКСПО-2017» көрмесінде де ұландар асқан қырағылық танытты. Ұлттық ұлан сарбаздары Ролан Тышқанбай мен Асылжан Айтбай кәсіпкердің жоғалған 5 миллион теңгесін қайтарып бергені ел аузында. Ал жаңа жыл мерекесінде Ұлттық ұланның 2000-ға жуық полиция және әскери қызметшісі тәулік бойы қо­ғамдық тәртіпті күзетті.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды