ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУДЫҢ ТЫҢ ТӘСІЛІ

Кеше Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында жасөспірімдер қылмысының алдын алу мәселелеріне арналған оқу циклі басталды. Оған Астана қаласы мектептерінен жиырма бес оқушы тыңдаушы болып қатысты.

Курстың ашылуына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, қала прокурорының орынбасары Алмат Байшолақов, жергілікті полиция қызметі өкілдері мен ата-аналар қатысты.
«Қазір қала әкімдігінің алдында тұрған ең басты міндеттердің бірі – балалардың құқын қорғау, кәмелетке жасы толмағандар қылмысының алдын алу, нашар отбасынан шыққан балаларды әлеуметтік оңтайландыру. Осыған байланысты қала әкімдігі мен қала прокуратурасы және құқық қорғау органдары академиясы арасында ведомствоаралық «Жасөспірімдер қылмысының алдын алуды жетілдіру» жобасы жүзеге асырылуда» деді Ермек Аманшаев.
«Бүгінгі өткізіліп отырған алғашқы оқу сабағы – осы біріккен жобаның негізгі бағыттары» дей келіп, академия басшысы Наиль Ахметзакиров «құқықтық негіздер», «құқықтық қауіпсіздік» бағытында дайындалып отырған оқу сабақтары балаларға әлеу­меттік тәрбие беруде болсын, қылмыстың алдын алуда болсын ерекше маңызға ие. Өйткені бүгін академия партасына алғаш келіп отырған жеткіншек ертең полиция, прокурор немесе құқық қорғау саласындағы басқа да мамандықтарды таңдап жатса, біздің түпкі көздеген мақсатымыздың орындалғаны болмақ» деді.
Кейінгі кезде қаладағы 19 мектеп пен 6 колледжде тәрбие жұмыстары білім сапасын басқару технологиясының авторы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ф.Вассерманның әдістемесі бойынша жүргізілуде. Ол қандай әдіс?
Автордың айтуынша, ол бо­йынша балаларға өзін-өзі басқаруға мүмкіндік беріледі екен. Осы тәжірибе негізінде сыныпта көпшілікті соңдарына ерте алатын көшбасшылар пайда болады. Билік соларға беріледі. Оқушыларға сенім артылып, жауапкершілік жүк­телген жерде тәртіп орнап, іс ойдағыдай алға басатын кө­рі­неді. Бұл жерде мек­тепте оқу­­шылар өз «президентте­рін», «премьер-министрле­рін», «ішкі істер министрлерін» өздері сайлап, өздері сол сайла­ған оқушыға бағынатын көрінеді.
Мәселен, қаладағы бір мектепте «ішкі істер министрі» болып сол мектепке аты шыққан ең тентек бала сайланып, айналасы екі айдың ішінде аталған мектеп тәртіп жөнінен алдыңғы қатарға шығыпты.
Міне, қаладағы осы Ф.Вассерман әдістемесімен оқытылатын мектеп оқушылары бүгін алғаш рет Құқық қорғау академиясының тыңдаушылары болып отыр.
Оқу үш кезеңде өтеді. Бірінші курс аясында балалар өз қатарластарымен достық қарым-қатынас орнатып, ко­мандалық рухты нығайтады.
Екінші цикл құқықтық білімді тәжірибеде қолдануға арналады. Үшіншісі «менің мамандығым – заң танушы» тақырыбында көктемде өтеді.

Таңатар Төлеуғалиев

Сонымен қатар

АСТАНАДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІС

«Астана» баскетбол клубы ВТБ лигасы аясында өз алаңында Красноярск қаласынан келген «Енисей» командасын қабылдап, 92:75 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған