«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Құжатты жыл сайын жаңалау қажет

0 44

Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар жыл сайын құжаттарын жаңалап отыруы тиіс. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс жасау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында айтылды.

Жиында алғашқы болып сөз алған Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Саипов азаматтарды есепке алуды ұйымдастыру және тұрғын үйлерді бөлу тәртібі туралы баяндады. Оның айтуынша, өткен жылдың 2 сәуіріндегі есеп бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған астаналықтардың саны 48324 болса, биылғы 4 қаңтарда ол 45184-ке кеміпті. Соның 2737-сі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар екен. Ал 22052-сі мемлекеттік қызметкерлер болса, қалған 20 мыңнан астамы – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар. Соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй кезегіне тұру жөнінде 44 мыңнан аса өтініш түсіп, соның 32 мыңнан астамы қабылданыпты. Сол сияқты 2018 жылдың басынан бергі 4851 өтініштің 2848-і кезекке қойылыпты.
Өз кезегінде тұрғын үй қорының директоры Нұрсұлу Қожахметова кезекте тұрған азаматтар жыл са­йын құжаттарын жаңалап отырулары қажет екенін айтты. Сонымен қатар тұрғын үй қоры арқылы баспаналы болғандар пәтерде өздері тұруға міндетті екенін де сөз етті. Өйткені тұрғын үй кезегі арқылы пәтерлер тек баспанаға мұқтаждарға ғана беріледі. Бірақ тексеріс кезінде 117 жалға беру жағдайы тіркеліпті. Қатаң ескертуден кейін оның 41-і пәтерлеріне өздері көшіп барса, 15-і әлі де қоныстанбапты. Ал 50-іне тағы да біраз уақыт беріліпті. Сондай-ақ жарты жылдан бері пәтер ақысын төлемеген 103 азаматтың қарызы
9,5 млн теңгеге жетіп, оның 4,2 млн теңгесі қайтарылыпты. Егер кезегі келіп үй алғандар пәтерде өздері тұрмаса немесе жалға алу ақысын уақытылы төлемесе, олардың баспананы босату жөніндегі ісі сотқа жіберілетінін айтады тұрғын үй қорының директоры.
Кезекте тұрған ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың 2016 жылы 41-і, 2017 жылы 49-ы, ал 2018 жылы 33-і ғана баспаналы болғанын айтып, олардың санының неге аза­йып бара жатқанын сұраған мәслихат депутаты Рамзия Умербаева жетім балалар басқа қалаға оқуға барған жағдайда кезегінің қаншалықты сақталатыны туралы сауал қойды.
Баспаналы болған жетім балалардың азаю себебін құрылыс нысандардың салынуымен байланыстыр­ған Нұрсұлу Қожахметова кезекте тұрғандар үшін биыл 1500 пәтер пайдалануға берілсе, соның 300-і ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың еншісінде болатынын атап өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды