«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Құрылыста іркіліс болмасын

0 19

Нұр-Сұлтан – әлемдегі ең жедел дамып келе жатқан шаһарлардың санатында. Қала экономикасын алға жетелеуші драйверлердің бірі – құрылыс саласы. Сондықтан да оған деген бақылау ерекше. Сейсенбі күні елорда әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен жиналыста құрылыс нысандарындағы техника қауіпсіздігін сақтау, абаттандыру, еңбекті ұйымдастыру, құрылыс салушылардың үлескерлер алдындағы жауапкершілігі талқыланды.

Арыспен біргеміз!

Негізгі тақырыпқа кіріспес бұрын, қала басшысы алдымен Арыстағы жағдаймен таныстырып өтті. Арыста 55 мың халық тұрады, ол жай қала ғана емес, ірі теміржол стансасы да. Оқ-дәрі қоймасының жарылысынан шаһардағы 8800 үйдің 90 пайызы зардап шеккен. Соның салдарынан 3,5-4 балдық жер сілкінісі болған. Снарядтардан аман қалған үйлер содан қираған. Қазіргі күні қала шартты түрде 17 секторға бөлініп, соның ең күрделілерінің бірі – 9-секторды қалпына келтіру Нұр-Сұлтан қаласына міндеттелді.
– Арыста біздің әкімдікке аумағы 100 гектарды құрайтын 9-секторды қалпына келтіру жүктелген. Елорда әкімдігі 659 нысанның, атап айтқанда, 600-і жеке және 59-ы көпқабатты тұрғын үйдің (692 пәтер) жалпы саны 1292 пәтерді қалпына келтіреді. Сондай-ақ жаңадан 36 жеке үй және 7 көпқабатты тұрғын үй тұрғызатын боламыз. Жаңа нысандарды салу бойынша акт толтырылып, сметалық есеп жасалды, – деді А.Көлгінов.
Бүгінде 87 жеке тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары аяқталды. 450 нысанда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жыл соңына дейін 392 жеке тұрғын үй және 52 көпқабатты тұрғын үйді тапсыруы тиіс. Жалпы, Арыстағы жұмыстарға жұмсалып жатқан қаражаттың 50 пайызы Үкімет резервінің есебінен қарастырылған.
Арыс туралы әңгімені қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов жалғады:
– Арыстағы жағдай өте күрделі. Тіпті атылған снаряд үйдің қабырғасын тесіп, бөлменің дәл ортасына қадалып қалған жайт та кездесті. Зардап шеккендерге осындайда көмектеспегенде қай уақытта көмектесеміз? Халыққа рақмет, хал-қадерінше көмек қолдарын созуда. Жеке бизнес те Арысқа қомақты қаржы аударды. Осы қаржының арқасында көп жұмыс жасалып жатыр. Алдын ала есеп бойынша жөндеу жұмыс­тарына 4,7 млрд теңге қажет. Бұл – өте көп ақша, әлі көп шаруаларды бітіруіміз керек. Қазіргі күні Нұр-Сұлтан қаласының кәсіп­орындары мен ұйымдарынан «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қорына ақша жиналып жатыр. Қорға қаржы аударамын деушілерге қашанда ризамыз, – деді ол.
Оның айтуынша, Арыстағы құрылыс жұмыстарына елордалық 32 құрылыс компаниясы, 600 құрылысшы және 23 арнайы техника жұмылдырылған. Сонымен бірге елорда әкімдігінің 40 қызметкері қатысып жатыр. Одан бөлек, жақын күндері астаналық белсенді 20 ерікті Арысқа жолға шықпақшы.

Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, негізгі әлеуметтік мәселе тұрғын үймен қамтуға тіреліп тұр. Баспана кезегіне 46829 адам тіркелді. Олардың ішінде көпбалалы отбасылардың саны – 3501. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 24 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылды. Биыл коммуналдық тұрғын үй қорынан 1634 пәтер бөлеміз. Оның 731-і – арендалық үй, соның ішінде 233-і – көпбалалы отбасына тиесілі.
(Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің қала активімен кездесуде айтқан сөзі)

Қауіпсіздік талаптары күшейтіледі

А.Көлгінов елордадағы қай салаға болса да талаптың жоғары екенін жеткізді. Ол азаматтардың сұраныстарын қанағаттандыру міндетті екенін қадап айтты. Сондай-ақ жалақы, баспана және қауіпсіздік мәселесін тілге тиек етті. Әкім, одан бөлек, қаладағы кейбір құрылыс компанияларының жұмысын сынға алды. Құрылыс алаңдарында еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырды. Жұмыс барысында оқыс оқиға орын алса, алдымен басшылық жауап беретінін ескертті.
– Біз үшін, ең бастысы, жұмысшылардың қауіпсіздігі маңызды, бұл әсіресе құрылыс нысандарында жұмыс істейтін адамдарға қатысты. Қауіпсіздік шараларына үнемдеудің қажеті жоқ. Қауіпсіздік техникасы сақталған жерде тәртіп пен сапа бар және нәтиже де болады, – деді Алтай Сейдірұлы.
Бүгінде бас қалада 1700 құрылыс нысандары тіркелген. Жыл басынан бері оларда 17 жазатайым оқиға орын алып, соның салдарынан 3 адам қайтыс болған. «Өндірістік жарақаттарды азайту үшін үстіміздегі жылы 125 жоспардан тыс тексеріс өткізіліп, соның нәтижесінде кемшіліктерді жою жөнінде 120 ұйғарым берілді. Өрес­кел заң бұзғаны үшін 7 құрылыс нысанының жұмысы тоқтатылып, материалдар сотқа жіберілді» деді Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Төлеген Құлұшев.
Алтай Көлгінов құрылыс салушыларды қызметкерлерге уақытылы жалақы төлеуге және еңбек шарттарында көрсетілген барлық шарттарды сақтауға, өз қызметкерлерін жаппай наразылықтарға шығуға мәжбүр етпеуге шақырды:
– Сіздер құрылысшылардың еңбегінің арқасында табыс тауып, дамып жатырсыздар. Ал қызметкерлеріңіздің жалақысын уақытында төлемейсіздер. Бұл қалай болғаны? Біз мемлекет тарапынан, әкімдік тарапынан бар мүмкіндікті жасап, қолдау көрсетеміз. Сондықтан сіздер де өз міндеттеріңізді дұрыс атқарыңыздар. Егер құрылысшылардың жалақысын кешіктіріп немесе конвертке салып берсеңіздер, онда сіздермен әңгіме басқаша болады, – деді ол.
Жұмыс барысындағы кикілжіңдердің көпшілігі заң талаптарының сақталмауынан орын алады. 2018 жылы осы себептен бас қалада жұмыс беруші мен құрылысшылардың арасындағы 10 еңбек дауы тұтанған. Бүгінде осы түсінбеушіліктің бәрі шешімін тапқан. Былтыр басқарманың араласуымен 256,5 млн теңге жалақы қарызы қайтарылды (2000 адамның құқы қорғалды). 2019 жыл басынан бері 7 еңбек дауы орын алды. Қазіргі кезде жалақы қарызы бо­йынша 540 млн теңге өтелді (2500 құрылысшының құқы қорғалды).
Жалақы төлеу бойынша мониторинг жүргізу және еңбек шиеленістерінің алдын алу үшін қала әкімінің орынбасары Н.Нұркеновтің төрағалығымен әкімдікте жұмыс тобы құрылды. Әр апта сайын жұмыс тобының отырыс­тарына еңбекақы қарызы бар жұмыс берушілер шақырылып, олардың есебі тыңдалады. Сондай-ақ құрылыс саласына мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатқанын және бұл сала Президенттің жіті бақылауында екенін айтты. Әкімдік өз тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіп, құрылыс компанияларына қысым жасалмайтынына сендірді.
– Егер біреу сіздерге әкімдік тарапынан кедергілер жасайтын болса, онда бізге хабарласа аласыз. Оларды ретке келтіреміз. Егер біреу сіздерден пара, ақша сұраса, тиісті органдар дереу шаралар қолданатын болады. Менің өзіме де тікелей хабарласуларыңызға болады, – деп атап өтті.

Үлескерлер мәселесі – ұдайы назарда

Әкім сондай-ақ үлескерлер проблемасына да назар аудартты. Алтай Көлгінов жиынға қатысушыларға үлескерлермен жұмыс істеу барысында аса жауапкершілікпен қарау керектігін еске салды. Оның айтуынша, бүгінде елордада жосықсыз құрылыс салушылардың әрекеттерінен зардап шеккен 10 мыңнан астам үлескер бар.
– Мен үлескерлермен кездестім және кейбіреулер өз пәтерлерін ала алмай кеткен, көпшілігі өз мүліктерін салды, жатақханаларда тұрады, біреулер мүлдем үйсіз қалды. Мемлекет қазір олардың проблемаларын шешуде. Мұндай әрекеттер қайталанбас үшін әрбір объектіде қатаң бақылауды жүзеге асыратын боламыз. Егер сіз адал табыс тапқыңыз келсе, біз сіздерді қолдауға дайынбыз. Президент бизнесмендер үшін әкімшілік кедергілерді алып тастау мәселелерін жеке өзі бақылайды. Бірақ бизнес үшін де, әсіресе құрылыс саласында да жауапкершілік болуы керек, – деді әкім.
Кеңесте көтерілген тағы бір мәселе құрылыс кезінде отандық өндірушілердің материалдарын қолдану болды. Әкім құрылыс салушыларды сапасы жағынан басқа елдердің өнімдерімен бәсекелесе алатын қазақстандық та­уарларды қолдауға шақырды.
– Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет қарапайым заттардың экономикасына 600 млрд теңге бөлді. Бізде өндірілетін құрылыс материалдарының түрлері мүмкіндігінше қаланың құрылысы кезінде пайдаланылуы тиіс. Бізде үй құрылысы комбинаттары пайда болды, лифттер жиналады, бұл өндірісте мыңдаған адам жұмыс істейді, осының барлығы сіздер үшін шығарылады, – деп қорытындылады Алтай Сейдірұлы.
Сөз соңында қала басшысы құ­рылыс саласына қатысты аталған проблемаларды шешуді тапсырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды