«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ҚҰРЫЛЫСШЫ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Кеше Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгiнов елордалық құрылысшыларды кəсiби мерекесiмен құттықтады. ЭКСПО кешенiнде өткен салтанатты жиында елорда басшысы бірқатар құрылысшы мамандарды арнайы төсбелгiмен, алғыс хаттармен марапаттады.

0 21

Алтай Көлгiнов құрылысшыларды кəсiби мерекелерiмен құттықтай отырып, бүгiнде бас қаламызда бұл салаға деген құрмет те, сұраныс та артып келе жатқанын ерекше атап өттi.
– Елордамыздың бас сəулетшiсi – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың астананы Ақмолаға көшiру бастамасы құрылыс саласына айрықша серпiн əкелдi. Бүгiнге дейiн астанамыздың аумағы үш есе артты, ал тұрғындары төрт есе көбейдi. Қазiр бас қаламызда 65 мың құрылысшы еңбек етiп жүр. Олар жыл сайын 2 млн шаршы метр­ден астам тұрғын үйдi өткiзедi. Былтырдың өзiнде елiмiз бо­йынша құрылыс ауқымының 1/6 бөлiгi қолданысқа берiлдi. Тұрғындарды баспанамен қамту екi есеге артты. Дегенмен қолжетiмдi баспана бойынша əлi де болсын шешiлмей тұрған мəселелер бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дəл осы қолжетiмдi баспана құрылысын арттыруды тапсырды, – дедi қала басшысы құттықтау сөзiнде.
Салтанатты жиында қуанышқа бөленген құрылысшының бірі Саламат Ахметов өз ойымен бөлісті. «Құрылыс саласына студент кезiмнен келдiм. Бүгiнге дейiн қаладағы бiраз құрылыс нысандарының бой көтеруiне септiгiмiз тидi. Олардың арасында көпқабатты тұрғын үйлер ғана емес, əлеуметтiк маңызы бар мектеп, балабақша салдық. Нұр-Сұлтан арқа төрiндегi аязы сықырлаған қалалардың бiрi ғой. Аязды күнге қарамай, құрылыс жұмыстарын дер кезiнде бiтiру үшiн күнi-түнi жұмыс iстеп жүрмiз» дейді өз маман­дығына марқайған құрылысшы.
Ал құрылыс саласында 40 жылдан аса кран жүргізуші болып келе жатқан Жəмила Əлиева құрылыс жұмысына мектеп бiтiре салып бiрден келгенiн айтады.
«Бала күнiмде үйiмнiң қасында үй салынып, оның кранын қыз бала жүргiзетiнін көретінмін. Содан бері қызығушылығым оянған еді. Нұр-Сұлтандағы бiраз үйдi салуға қатыстым. Менiң жұмысыма қызыққан қызым да қазiр кран жүргiзiп жүр» деп құрылысшылар әулетінен екенін де білдірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды