«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Құрылысқа серпін беретін бірегей зауыт

0 21

Кеше Премьер-министр Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновпен бірге елордадағы №1 ин­дустриал­­ды парк аумағында салынып жатқан ModeX модульді үй құрылысы зауытына барып, өндіріс ошағын іске қосты.

Модульді үй құрылысы Германия, Сингапур, Қытай және басқа да елдерде қолданылатын заманауи озық технология. Бұл технология тұрғын үйдің өзіндік құны мен салыну уақытын тиімді азайтуға мүмкіндік беріп, баспананы қазақстандықтарға қолжетімді етеді. Мәселен, таза әрленген 16 қабатты, бір кіреберістен тұратын тұрғын үй әдетте 12-18 ай салынатын болса, бұл технологиямен небары 4 айдың ішінде салып шығуға болады. Мұндай нәтижеге модульдік блоктардың – таза әрленген дайын бөлмелердің арқасында қол жеткізуге болады. Яғни олар құрамалы бөлшектер тәрізді біртұтас болып жинақталады.
«Құрылыс секторы – Қазақстан экономикасының ең серпінді дамып келе жатқан саласы. Оның өсімі 11,5 пайызды құрайды. Бұл жоба ел халқы үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, құрылыс индустриясының дамуына қарқын беруге мүмкіндік тудырады» деді Премьер-министр.
Жобаны BI Group холдинг жүзеге асырып жатыр. Зауыт 700-ден астам жұмыс орнын құрып, жылына 405 мың шаршы метр тұрғын үй салуға қауқарлы. Зауыттың бірінші кезегін осы жылдың 1 желтоқсанына дейін, ал екінші кезегін – 2020 жылы, үшінші кезегін 2021 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Нысанды аралау кезінде Үкімет басшысы керамзит бетон мен темір бетон бұйымдардан жасалған модульді блок-бөлмелерді өндіру технологиясымен, соның ішінде интеллектуалды тұрғын үйдің 100-ге жуық функциясын қамтитын «Ақылды үй» опциясымен танысты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды