«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Құрылыс сапасы көңіл көншітпейді

0 52

Астанадағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жобалау мен құрылысының сапасына қалалық мәслихат депутаттарының көңілі толмайды. Олардың пікірінше, кейбір нысандар қала келбетін бұзып тұр. Шаһар шетіндегі тұрғын алаптардың проблемасы да шаш етектен. Мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында депутаттар тиісті мекеме басшыларының назарын осыған аударды.

«ШАРЫН» МЕН «ШАНХАЙДАҒЫ» ШАТАҚ

«Шарын» және «Шанхай» базарларында бейберекетсіздікті барып көріңіздер. Бейнебір қа­лада емес, колхозда тұрғандаймыз. Көлікпен бұл базарларға жақындау мүмкін емес. Басқа шаһарда емес, Астанада өмір сүріп жатыр­мыз ғой» деді депутат Зейнолла Шібкенов.
Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтыбай Тайталиевтің уәжінше, аталмыш базарлар қалаға кіреберіс жолында орналасқан. Жолдың 80 метрі шаһар аумағы болып саналады. «Жер комиссиясы отырысында осы мәселені үнемі талқылаймыз. Бұл 80 метрді басып алу оқиғалары жиілеп кетті. Соның салдарынан базарларға көлікпен жақындау, жақындаса кері шығу мүмкін болмай кетті. Қазір базарларға шығыс және батыс жақтарынан жолдарды салу мәселесімен айналысып жатырмыз. Бұл жолдар логистикалық қызмет атқармақ. Ал қаланың меншігіндегі 80 метрді босатамыз. Қыс өткен соң оны және маңайындағы басқа аумақтарды тиісті жағдайға келтіреміз» деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, Зейнолла Шібкенов Қарағандыға шыға беріс жолында «Даму» қоры салып жат­қан үйлерде нөсер кәрізі ойластырылмағанын айт­ты. «Алматы ауданы­ның әкімдігі неге дабыл қақпай отырғанына таңмын. Төменде орналасқан үйлер, балабақшалар ертең су астында қалады. Сол жағындағы жолға асфальт төселген. Бірақ ауыр жүк көліктері жолды ойқы-шойқы жағдайға жеткізді. Нөсер кәрізі салынбай, жол да әлі жөнделмеген. Бір нәрсені жобалағанда бәрін алдын ала ойлас­тыру керек қой» деді депутат.

МЕКТЕПТЕРДЕ ЖЕДЕЛСАТЫ НЕГЕ ЖОҚ?

Қаладағы бірқатар мектептерге жақындайтын жол да салынбаған. Депутаттар осы мәселені де қозғады. «Фейсбук» арқылы Астана әкімі Бақыт Сұлтановқа өтініш келіп түсті. Онда №76, 75, 69, 79, 41, 18, 60 мектептерге жақындайтын жолдың жоқтығы туралы айтылған» деген депутат Ирина Манжанова Астанадағы мектептер құрылысының жобасындағы кем­шілікті атап көрсетті. «Бұл жоба менің қолыма осыдан үш ай бұрын келіп түсті. Мектеп ауласындағы балалар алаңы 1977 жылғы типтік жоба бойынша салынбақ. Сонда алға емес, кері кетіп барамыз ба?» деді депутат.
Оның әріптесі Зәуре Жүсіпова білімнің мүгедек балаларға қолжетімділігі мәселесін көтерді. «Барша балаға білім бірдей қолжетімді болды деп ұрандап жатамыз. Алайда ол туралы айту әлі ерте. Білім ауыратын барлық жеткіншекке қолжетімді емес. №83 және №65 мектептерден Қалалық ортаны регенерациялау басқармасына оқу орындарында лифттердің жоқтығы туралы хат келіп түскен. Аталған мектептерде мүгедек балалар оқиды. Қазір мектептер тиісті жоба бо­йынша салынып жатыр. Оларда да лифт болмайтыны анық. Осындай біркелкі жобамен 12-13 мектеп салынбақ» деді З.Жүсіпова. Құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Руслан Ахметов мектептерді жобалағанда лифттердің болуын ескеру керектігі жөнінде депутатпен келісті.

ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНДЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ТҰРАЛАП ТҰР

Пригородный тұрғын алабында осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген көппәтерлі үйдің жертөлелерін көктем мен күз мезгілдерінде тасқын және қар сулары басады. Тұрғындар үйге кіргеннен осы мәселені көтеріп келе жатыр. Осыны жеткізген Ирина Манжанова үйді жобалағанда қате кеткенін айтты. «Осы мә­селе бойынша жауапты мекемеге хат жібердім. Жауабында үйдің жобасындағы сулар жиналатын орнын қалалық сәулет басқармасы белгілегені айтылды. Жобаны үш рет тексерді. Соның ішінде тапсырыс беруші, мердігер, жобалаушы жұмысы қаралды. Қаланың коллекторына су қалай жіберіледі? Пригородныйда коллектор мүлде жоқ қой. Екі жыл бойы жертөлелерді су басып жатыр. Ал проблеманың шешілетін түрі әлі жоқ» деді депутат.
Қалада пайдалануға берілмеген, алайда халық кіріп үлгерген тұрғын үйлер де бар. Бұл мәселені депутат Гайдар Қасенов қозғады. «Жақында маған «Ақ шаңырақ» тұрғын үй кешенінің тұрғындары келіп, мәселелерін айтып кетті. Үй пайдалану­ға берілмесе де, сонда тұ­рып жат­қан жұрт спорт алаңын салуды, ауланы абаттандыруды сұрап отыр. Әрине, бұл талаптары орынды» деді ол.
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Төлеген Құлышевтің айтуынша, аталмыш тұрғын үй кешенінің құрылысы 2006 жылдан бері созылып келе жатыр. Бірінші кезегі 2010-2011 жылдары тапсырылды. Құрылыс салушы екінші кезегін жақын жылдары тапсыру туралы міндеттеме алды. Халық бірте-бірте пәтер кілттерін ала бастады. «Мұнда тағы бір мәселе бар. Тұрғын үйге апаратын жол салынбаған. Анықтағанымыздай, осы аумақтағы жерге иелік ету мәселесі шешілмей келе жатыр» деді басқарма басшысы.
Депутаттар тиісті бас­қарма­лар арасында байланыстың жоқтығына назар аударды. Жалпы шаһарда мәселесі шешілмеген 10 көппәтерлі тұрғын үй бары анықталды. Бұл үйлердің құрылысы 2006-2008 жылдары басталған. Кейіннен нысандарда жарықшақтар пайда болған. Сондықтан құрылыс конс­трукция­ларын күшейту қолға алынған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды