-->

ҚҰРЫЛЫС ҚАНАТ ЖАЙҒАН ҚАЛА

Бүгінде елорда – елімізде құрылыс қарқыны кең қанат жайған қала. Жиырма жыл ішінде аспанмен бой тірескен әсем ғимараттар салынды. Астана қаласының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасында қала құрылысы тұжырымдамасы қабылданды. осы орайда Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ержас Айтуғановпен кездесіп, қаладағы құрылыс жұмыстары қалай жүргізілуде, қандай маңызды ғимараттар пайдалануға берілді, алдағы таңда қандай жоба жүзеге аспақ деген тақырыпта әңгіме өрбіттік.

Тоғыз мектептің құрылысы басталды

– Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылды. Бас шаһардағы кейбір мектептерге оқушылар сыймай, үш ауысыммен оқып жатыр. Биыл қанша білім ордасына құрылыс жұмыстары жүргізілді?
– Рас, бұл күйіп тұрған мәселе болып тұр. Биыл қаладағы №16, 17, 22, 32, 37 мектептерге әрқайсы 525 орынға арналған қосымша ғимарат ­салынды. Оның бәрі елорда­ның оң жағалауындағы халық тығыз орналасқан аудандарда жүзеге асты. Шындығын айтсақ, бұл жерлерде құрылыс жүргізуге орын жоқ. Талапқа сәйкес, 1200 орынға арналған мектептің құрылысына 4 гектар жер қажет. Ескі ғимараттарды сүріп тастамай, мектеп салуға бос орын табу оңай емес. Ал ескіні бұзу қалаға өте қымбатқа түседі, оған әлеуметтің қарсылығы да көп. Сондықтан бала саны көп білім ұяларын қосымша ғимараттар салу арқылы шешуге тырыстық. Бүгінде бұл жұмыстар жалғасын табуда. Тағы да №31, 60, 28 мектептерге жапсарлас ғимараттар салынады. Айта кетейік, құрылыс жұмыстарын жүргізген бес білім ордасының үшеуі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерді. Мемлекет Ұлттық қордан бізге трансферт бөлді.
Жағымды жаңалық та бар. Осы жылы шаһардың жаңа әр ауданында 9 мектептің құрылысы басталды. Оның бәрі заман талабына сай жасақ­талады.
– Дұрыс екен. Балабақшада орын жетіспеушілік мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр.
– Әрине, балабақшадағы ­кезек мәселесін жақсы біле­міз. Біз нарықтық қоғамда өмір сүріп отырмыз. Сондықтан нарық балабақшаның қай жерде, қашан және қанша орындық болу керек екенін өзі шешеді. Өткен жылы екі А жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы да­йын­далды. Бүгінде осы та­рап­­та мемлекеттік және жеке­­меншік серіктестікке бейімделу жұ­мыс­­тары жүр­гізілді. Яғни, қалалық әкімдік жерді, ин­женерлік желілерді береді және оны МЖС бо­йынша инвесторға тапсырады. Олар оған өз қаржысын құйып, балабақша құрылысын бастайды. Біз оларды мем­лекеттік тапсырыспен қам­тамасыз етеміз. Шағын бизнес осылай дамиды. Бұл инвесторға өте тиімді. Себебі 100 пайыз кепілді клиент бар.
Қырық мың адам пәтер кезегінде тұр

– Денсаулық сақтау саласы да ғимараттармен толық қамтылған ба?
– «ЭКСПО-2017» халық­аралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында заманауи құрылғылармен жарақталған жедел жәрдем стансасын салдық. Ол үшін көптеген жылжымалы құрамдар сатып алынды, білікті мамандар іріктелді және оларға әкімдік пәтерлер бөліп берді. Бүгінде қаладағы жедел жәрдемнің жұмысы жақсарды. Одан кейін 500 орындық жаңа жабдықтармен жасақталған туберкулезге қарсы диспансер пайдалануға берілді. Оның құны 5 млрд теңгеден асады. Мәселен, былтыр 60 мың шаршы метрден асатын балалар жұқпалы аурулар ауруханасы салынды. Әлі де бұл бағытта құрылысшыларға салмақ салар жұмыс жетерлік.
– Жалпы, елордадағы тұрғын үй нарығының даму барысы қалай?
– Биыл «Нұрлы жер» бағдар­ламасы бойынша екі нысанды тапсыруды жоспарлап отырмыз. Ол – М.Жұмабаев пен Р.Қошқарбаев көшелерінің қиылысындағы 700 пәтерлік тұрғын үй. Оның бір бөлігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы сатылады. Келесі бөлігі кезекте тұрған тұрғындарға беріледі. 2005 жылдан бері мемлекеттік бағдарлама аясында көптеген тұрғын үй бой көтеріп, 10 мыңнан астам пәтер салынды. Көпшілік «Нұрлы жер» бағдарламасының басқа бағдарламалардан қандай өзгешелігі бар екенін біле бермейді. Біздің Құрылыс басқармасы нарықта сатып алынатын құнды қағаздарды, облигацияларды шығарады. Нәтижесінде біз өте арзан несие аламыз және сол ақшаға тұрғын үй саламыз. Бүгінде Астанада 40 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның саны күн санап өсуде.
Биыл жалпы ауданы 53,1 мың шаршы метрді құрайтын 984 пәтерлік үш көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің құры­лысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін жалпы ауданы 31,9 мың шаршы метрді құрайтын 620 пәтерлік екі көп пәтерлі тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі.

Қырық нысанның құрылысы аяқталмаған

– Қазіргі күнде қалада әбден тозған және апатты үйлер көптеп сүріліп жатқанынан хабардармыз. Осыған тоқ­талып өтсеңіз.
– Аталған бағдарлама оңайлықпен жүріп жатқан жоқ. Кейбір тұрғындар ескі үйлерінен көшкілері келмей, жаңа баспанаға баруға қарсылық білдіреді. Бірақ кейін айнадай жалтыраған үйді көргенде келісімдерін береді. Бүгінде «Елорда даму» ЖШС 100 пайыз мемлекеттің қатысуымен апатты және ескі үйлерді сүруге арналған қанатқақты жоба шеңберінде жұмыстар жүргізуде. Бұл бағдарлама үш жылға арналған. Қазіргі таңда 100-ге таман ескі үйлер сүріліп, 2 мыңнан астам тұрғын жаңа баспанаға ие болды. Бағдарлама одан әрі жалғасуда. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған топ­тарға арналған тұрғындарға жалға берілетін тұрғын үй қорын құру мақсатында жалпы ауданы 26,5 мың шаршы метрді құрайтын 519 пәтерлік екі тұрғын үй кешенінің құрылысы басталды. Алдағы жылы 5,8 мың шаршы метрді құрайтын – 100 пәтер, 2019 жылы 20,7 мың шаршы метрді құрайтын 419 пәтер беріледі.
– Астанада үй салып береміз деп жұрттан ақша жинап, кейін жоқ болып кеткен құрылыс компанияларының жұмысына қандай да бір шектеу қоя аласыздар ма? Үлескерлер мәселесін қалай шешіп жатырсыздар?
– Орынды сұрақ қойып отырсыз. Өкінішке қарай, кейбір құрылыс компаниялары бизнеске арналған мораторийді түсінбей, өздеріне пайдаланды. Тұрғын үйлерді сатып, одан түскен қаржыны басқа нәрсеге жұмсады. Соның кесірінен 40 нысанның құрылысы аяқталмай қалды. Бүгінде бұл мәселелерді шешу үшін түрлі алгоритмдер әзірленуде. Тиісті мекемелермен бірігіп құрылған комиссияда мәселелер талқы­лануда. Алғаш рет қаланың ХҚКО-да үлескерлерді қолдау орталықтары ашылды. Дегенмен тұрғындар да жалған жарнамадан сақ болғаны жөн. Алдымен құрылыс компаниясы туралы толық ақпаратпен танысыңыз. Өзіңіздің маңдай теріңізбен тапқан қаржыңызды компанияға құярдан бұрын барлық жағдайды қарастырған дұрыс.

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*