«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Құрылыс алаңы қауіп тудырмасын

0 21

Өндіріс пен құрылыс алаңдарында еңбек қауіпсіздігі сақталмай, жұмысшылардың зардап шегіп, тіпті мерт болатын қайғылы жағдайлардың орын алатыны жасырын емес. Ал кәсіп­одақтың қарапайым еңбек адамының амандығы мен мүддесін қорғайтын ұйым екені белгілі. Бұл тұрғыда «Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының төрайымы Тілеулес  Мадиярованы сұхбатқа тартқан болатынбыз.

Жауапсыз жұмыс берушілер жетерлік

– Тілеулес Балташқызы, өндіріс орындары мен құрылыс алаңдарындағы еңбек қауіп­сіздігінің сақталмауының, қайғылы жағдайлардың орын алуының себебі неде?
– Иә, орынды сұрақ. Өйткені адам өмірінен асқан байлық жоқ. Олардың қауіпсіз, алаңсыз еңбек етуіне бірінші кезекте жұмыс берушілер жауапты. Барлық талаптар сақталуы тиіс. Бірақ осы маңызды мәселеге жауапсыз қарайтын басшылардың әлі де бар екені қайран қалдырады. Олардың бұл іске бейқам қарауының салдарынан жұмыс орындарында ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалатындар да, тіпті жарық дүниемен қоштасып жататындардың да бар екені шындық.
– Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алумен айналысатын арнайы техникалық инспекторлар жоспарлы тексерулер жүргізіп тұра ма? Бұл тұрғыда олар қаншалықты ­қауқарлы?
– Астанада жылдан-жылға құрылыс ауқымы кеңейіп, өндіріс орындарының артып келе жатқаны белгілі. Біздегі саусақпен санарлық инспекторлардың сол өндіріс орындарының барлығын қамтуы мүмкін емес. Бірақ олардың білікті маман екеніне күмән жоқ. Астана қаласы бойынша 14 техникалық инспектордың 12-сі жоғары бі­лімді. 2 маманның орта арнау­лы білімі бар. Олардың бәрі – еңбек қауіпсіздігіне байланысты тағылымдамадан өткен тәжірибелі әрі білікті мамандар.
– Ал өндірістік кеңестері бар ма?
– Астанада бұл мәселеге байланысты «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы әзірленіп, 7 ірі құрылыс орнында, атап айтқанда, «Араб­тек», «Шар-Құрылыс», «Клен», «Астана қалалық архитектура» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Астана-Зеленстрой», «Астана-Теплотранзит» акционерлік
қоғамдарында, «Астана Су Арнасы» коммуналдық кәсіп­орнында еңбек қауіпсіздігін қадағалайтын өндірістік кеңес құрылды. Олар бізге айтарлықтай көмек көрсетіп отыр. Мәселен, «Астана – Теплотранзит» акционерлік қоға­мында еңбекті қорғауды бас­қарудың мемлекетаралық стандартта­рына сай келетін жүйе енгі­зілген. Нәтижесі ойдағыдай. Алдағы уақытта басқа да кәсіп­орындарда осындай тиімді жүйе­ні енгізуді мақсат тұтып отырмыз.
«Астана – Зеленстрой» акционерлік қоғамында 2016 жылдан бері күні бүгінге дейін өндірісте бірде-бір қайғылы жағдай тіркелген жоқ. Өйткені бұл кәсіпорында еңбек қауіпсіздігінің ережелері қатаң сақталады. Астанадағы басқа да өндіріс орындарында осындай көрсеткішке қол жеткізуіміз керек.
– Еңбек қауіпсіздігі жөніндегі кеңестерге кәсіподақтың ықпалы қандай?
– Кәсіподақтың ұсынысы бойынша әрбір кеңесте еңбекті қорғау жөніндегі 3 техникалық инспектор бар. Олар еңбек қауіпсіздігі жөніндегі журналдардың болуына, оның жүйелі және дұрыс толтырылуына, еңбек адамдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қорғауға байланысты жұмыстардың күн сайын тиянақты жүргізілуіне, еңбекті қорғау ережелері мен талаптардың дұрыс орындалуына тікелей атсалысады.

Сыныққа сылтау іздейді

– Өндірістік кеңес мүшелері мен техникалық инспекторлар тексеріс кезінде еңбек қауіпсіздігіне байланысты қандай кемшіліктердің көбірек орын алғанын анықтады?
– Жыл басынан бері 126 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде еңбекті қорғау ережесі мен тәртібін сақтау­ға бірқатар құрылыс орындары жеткілікті мән бермейтін болып шықты. Құрылысқа жауапты адамдар бірінші кезекте жұмыс ауқымын тезірек бітіруге жанталасып жүріп, еңбек қауіпсіздігі шараларын екінші кезекке ысыра салады. Сол себепті құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігіне қатысты ереже мен тәртіпті сақтамау көбірек байқалды. Сонымен бірге жұмысшыларды еңбек қауіпсіздігіне байланысты оқыту мен дайындауға да жете назар аудармайтын мекемелер бар. Құрылысқа жұмысшылардың бірі келіп, бірі кетіп жатады. Еңбек қауіпсіздігіне қатысты талап-ережемен таныстыруға уақыттың тығыздығы мен жұмыс күшінің жетпей жатқанын сылтауратып, жұмысқа жаңадан қабылданғандарды бірден құрылыс басына жібере салатын жағдайлар болады. «Олар басқа құрылыс мекемелерінде жұмыс істеп келген, еңбек қауіпсіздігі шараларын біледі, соған бола уақыт жоғалтып қайтеміз?» дейді жұмыс берушілер. Тексеру барысында арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етуге мән бермейтін құрылыс орындарының да бар екенін көзіміз көрді. Бұған олар: «Тендердің қорытындысы шықпай жатыр, жұмыс киімдерімен қамтамасыз етуге тиісті жеңімпаз белгілі емес», «Жұмыс киімдері ескірген еді, жаңасын күтіп отырмыз» деп жауап қайтарады. Алайда мұның бәрі – тек сылтау ғана. Талап бәріне ортақ. Еңбек қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажет. Оған ұсақ-түйек деп қарау, ескермеу жұмыс орындарында келеңсіз жағдайлардың орын алуына әкеледі. Бұл – адам өмірі. Сондықтан бұл мәселеге айрықша мән берген жөн. Мұны жұмыс берушілер мен еңбек адамдарына ұдайы айтып келеміз. Нәтижесінде құрылыс пен өнеркәсіпте еңбек қауіпсіздігін сақтамаудан болатын оқыс жағдайлар азайып келеді.
– Тілеулес Балташқызы, отбасын асыраудың қам-­қарекетімен еліміздің түкпір-­түкпірінен елордаға келетін құрылысшылар қатары қалың. Бірақ олардың арасында құрылыс орындарында өмірмен қоштасып жататындары да жоқ емес. Бұған не дейсіз?
– Иә, расымен де солай. Елордадағы құрылыс орындары қауіпті болып тұр. Оның бірқатар себептерін жоғарыда айттым. Биылғы жылдың 9 айындағы дерекке сәйкес, Астананың өндірістерінде 42 адам зардап шеккен. Оның 16-сы құрылыс саласында жұмыс істеген. Өкінішке қарай, биыл құрылыс басында 8 адамның қайтыс болғаны тіркеліп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе аз. Бірақ бұған бәрібір көңіліміз көншімейді. Өйткені адам өмірінен артық ештеңе жоқ. Сондықтан жұмыс берушілер адам өмірін сақтауға, еңбектің қауіпсіз болуы үшін жағдай жасауға мүдделі.

Қауіпсіз еңбек – адам капиталын дамытудың драйвері

– Бұл ретте тексеріс жасау өз алдына, кәсіпорындар арасында еңбек қауіпсіздігіне байланысты байқауларды да өткізіп тұрса қалай болады?
– Бұған «кешегі кеңестік кезеңдегі кәсіподақтың сарқыншағы» деп қарайтындар да жоқ емес. Дегенмен жұмыстың жақсы жүруіне ықпалы тиіп жатса, оны неге жасамасқа?!. Өткен шақтың тәжірибесінен қажетін алып, керексізін ысырып қойған жөн. Жалпы, біз жыл сайын «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасының аясында «Еңбек қауіпсіздігі бойынша үздік құрылыс ұйымы», «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор», «Қоғамдық бақылау қорытындысы бойынша үздік ұйым», «Еңбек қауіпсіздігі бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы үздік ұйым» байқау­ларын ұйымдастырып келеміз. Бұл аталымдар бойынша биыл «Ақмола-Бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Астана қалалық архитектура» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Астана-Зеленстрой» акционерлік қоғамы жеңімпаз атанды. Қазір жасыратыны жоқ, еңбек заңдылығын сақтамайтын мекемелер де кездесіп жатады. Осының салдарынан еңбек дауы туындайды. Сол себепті «Еңбек заңдылығын сақтау жөніндегі қоғамдық аудит» қанатқақты жобасы қолға алынды. Бұл – көшпелі тренинг. Тиісті мамандар өндірістік учаскелерге барып тренинг өткізіп, кеңес береді. Биылғы сәуір айында «Қауіпсіз еңбек – адам капиталын дамытудың драйвері» деген тақырыпта екінші Конгресс ұйымдастырылды. Оған тиісті министрліктің және Астанадағы атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемелерінің өкілдері қатысты. Басқосуда түрлі өзекті мәселелер жөнінде пікірталас болып, нақты ұсыныс-пікірлер айтылды.
Біз Астана аумағымен ғана шектеліп отырған жоқпыз. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігіне байланысты Халықаралық конференциялар мен көрмелерге қатысып, тәжірибе жинақтаудамыз. Мұндай басқосулардың пайдасы зор.

Сұхбаттасқан
Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды