«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Құрманғазы оркестрі – ата оркестр

0 80

Биыл қара шаңырақ Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай жыл басынан бері алыс-жақын шетелдер мен ел өңірлерінде гастрольдері өтіп жатыр. 30 қазанда елорданың «Қазақстан» орталық концерт залында Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен мерейтойлық үлкен концерт өтеді. Соның қарсаңында оркестр директоры, Мәдениет саласының үздігі Қуанышбек Мұханғалиев­пен өнер ұжымының кешегі және бүгінгі күндері туралы сұхбаттастық.

ЖҰБАНОВТАН ТІЛЕПБЕРГЕНГЕ ДЕЙІН

– Алдымен айтарымыз, оркестрдің мерейтойы құтты болсын! Әңгімемізді өнер ұжымының тарихынан бастасақ…
– Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі қазақ музыкасының қара шаңырағы болып саналады. Сонау 1934 жылы академик Ахмет Жұбановтың бастамасымен құрылған өнер ұжымына биыл 85 жыл толып отыр. Оркестр Елбасымыз-Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бүгіндері тәуелсіз мемлекетіміздің інжу-маржанына айналды.
Оркестрдің құрамында мәдениет және өнер қайраткерлерінің, КСРО және Қазақстанның халық әртістерінің үлкен шоғыры қызмет етіп, оның қалыптасуына, елге танылуына сүбелі үлес қосты. Кешегі Ахмет Жұбановтан бастасақ, бұл қатарда Шамғон Қажығалиев, Алдаберген Мырзабеков, Фуат Мансұров сынды майталман дирижерлер тұр. Тәуелсіздіктен бері қарай тартсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бүгінгі ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев дирижерлік таяқ ұстаса, осы күндері оркестрдің бас дирижері – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Абылай Тілепберген.
– Мерейтойлық жылда бірнеше мемлекетке, еліміздің бірқатар қаласына гастрольдермен барып қайтыпсыздар. Сол сапарлар туралы айтып берсеңіз.
– Осы жыл біз үшін ерекше болып тұр. Мерейтойға орай гас­трольдік сапарлардың кестесі жасалды. Жыл басынан бері Ресей Федерациясында, Испанияның Мадрид қаласында, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында, 15 қазанда Алматы шаһарындағы «Республика» сарайында үлкен концерттерді өткіздік.
Биыл – біздің ғана емес, қазақ өнерінің өзге де қара шаңырақтарының мерейтойы. Соның ішінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына – 75 жыл, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына – 85 жыл, Н.Сац атындағы балалар және жасөспірімдер театрына – 75 жыл, Казақстан композиторлар одағына – 80 жыл. Жалпы өткен ғасырдың отызыншы-­қырқыншы жылдар қазақ өнеріне үлкен дүмпу әкелді. Сол мерейтойлардың бәріне атсалыстық. Оның сыртында Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіров секілді арыс­тарымыздың 125 жылдығы – осы жылдың еншісінде. Жазушылар одағымен бірлесіп, үлкен концерт қойдық. Ал 30 қазан күні елордаға келеміз. Сол концертке баршаңыз­ды шақырамын.

ЕЛОРДАДА ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ КЕҢДІГІН ПАШ ЕТЕДІ

– Елордадағы концертке бұйыртса барамыз, рақмет! Бас қалада өтетін концерт бағдарламасымен қысқаша таныстырып өтсеңіз…
– Концертке келсеңіздер қазақ музыкасының ұлылығын, Ұлы Даламыздың кеңдігін паш ететін сазды әуендерді тыңдайсыздар. Онда оркестрде қызмет еткен, қазір жұмыс істеп жатқан аға буын, орта буын, жас буынды ұлықтап, құрметтеп, қошеметтеп бейнефильмдер көрсетеміз. Фотокөрме ұйымдастырамыз. Алматы қаласындағы концертімізде Құрман­ғазы оркестрімен бірге өскен, оркестрмен бірге әлемнің жетекші сахналарын көрген Нұрғали Нүсіпжанов, Бибігүл Төлегенова, Алтынбек Қоразбаев, Мақпал Жүнісова, Айгүл Қосанова, Сәкен Майғазиев өнер көрсетті. Ал Нұр-Сұлтан қаласына Нұржамал Үсенбаева, Сүндет Байғожин, Тамара Асар сынды опера және эстрада жұлдыздарын шақырып отырмыз. Олар дайындық жұмыстарын бастап кетті.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай, тағы қай өңірлерде концерт өткізесіздер?
– Жыл соңына дейін Алматыда тағы бірнеше концерт қойып, Қытайдың Бейжің мен Үрімші қалаларына, Өзбекстанға гастрольдермен барамыз. Өзбекстандағы Қазақстан жылының жабылуы Құрманғазы оркестрінің тікелей қатысуымен өтеді. Бұл жағдай оркестрдің Қазақстанның мәдени саясатындағы үлкен орнын паш етеді. Алдағы жоспарымыз­да Ташкент қаласындағы үлкен концертіміз тұр. Осымен жылды аяқтап, келесі жылдың жоспарын орындауға кірісеміз.
Ұлы Абайдың – 175, әл-Фараби бабамыздың – 1150, Алтын Орданының 750 жылдықтарына дайындыққа қазірден бастап кірісіп кеттік. Музыканың әліпбиін қалыптастырған әл-Фараби бабамыз ғой. Жаугершілік заманда хандардың, билердің, батырлардың бейнесін талай жыраулар мен күйшілер сомдады. Соның бәрін паш етеміз. Оның үстіне Шығыс Қазақстан облысына гастрольдік сапар жоспарланды.
Мұның бәрі – Елбасымыздың «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламаларының игілігі. Қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласына үлкен қолдау көрсетіп отыр. Келесі жылы мәдениет қызметкерлерінің жалақысын өсіруге пәрмен берді. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының қол­дауымен көптеген мәдени ошақ­тардың күрделі жөндеу жұмыс­тары жүріп жатыр.

ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ МЕН ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ

– Президент тарапынан мәдениет саласын қолдау туралы айтып жатырсыз. Қазір оркестр мүшелерінің жалақысы қандай? Жалпы әртістердің әлеуметтік мәселелерін шешу жағы қалай?
– Оркестрде орташа жалақы – 100 мың теңгенің көлемінде. Биыл Жастар жылы ғой. Осы жылы ұжымымызға көптеген жас мамандар жұмысқа келді. Соның ішінде отбасын құрған, пәтерде жүрген, балалы-шағалы адамдар бар. Олар – түрлі қиындықтарға қарамай,
болашаққа сенетін, музыкаға бе­рілген, шын патриот азаматтар. Бұл жағы бізді қуантады. Мемлекет тарапынан қолдау болып жатса, әрине, әлеуметтік мәселелерін шешеміз.
Қазірдің өзінде Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қолдау бар. Былтыр «Қазақконцерттің» ғимараты бізге беріліп, жаңа жерге көштік. Сөйтіп үлкен олжаға кенелдік. Залымыз кеңейіп қалды. Ғимарат қаланың орталығында орналасқан соң көрермендерімізге де ыңғайлы болды.
– Қазір оркестрде қанша музыкант бар? Жалпы ұжымда қанша адам жұмыс істейді?
– Құрамымызда 85 әртіс, ал штатта бас-аяғы 127 адам жұмыс істейді. Соның ішінде әйгілі қобызшы Жаппас Қаламбаевтың қызы Құндыз Қаламбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, бас концертмейстер Батыржан Мықтыбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанас Бекентұров, Ләйлә Мазова бар. Әртістердің алды оркестрде елу, қырық жыл қызмет істеп келе жатыр. Олар талай шетелдер мен еліміздің түкпір-түкпірін аралады.
– Кезінде Болат Сарыбаев талай ұлттық аспаптарымызды жаңғыртты. Солар қазіргі кезде оркестрде қаншалықты қамтылды?
– Сазсырнай, сыбызғы, басқа да аспаптар бүгінде бізде, сосын Н. Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінде көп қолданылады. Құрманғазы оркестрі академия­лық, жалпылама бағыттың бәрін қамтыса, «Отырар сазы» этнографиялық бағытта жұмыс істейді. Ұлттық аспаптардың көбісі – осы оркестрде. Соған қарамай, жаңа аспаптарды қосу жағынан ізденіс үстіндеміз. Жалпы музыканттардың ұғымында Құрманғазы оркестрі – ата оркестр, «Отырар сазы» – аға оркестр, өңірлердегі оркестрлер – іні оркестрлер болып есептеледі.
– Кешегі отызыншы жылдардан бастап Қамар Қасымов, Эммануил Романенко сынды шеберлер Құрманғазы оркестріне арнап ұлттық аспаптарды жасағанын білеміз. Қазір дәстүр жалғастығы бар ма? Шеберлерге музыкалық аспаптарға тапсырыс бересіздер ме?
– Жолаушы Тұрдығұлов дейтін шебер бізге аспаптарды жасайды. Оркестрдегі аспаптардың көбісі Жолаушы ағамыздың қолынан шыққан. Аспаптарға мемлекеттік сатып алу арқылы тапсырыс береміз. Әрине, сапаға көп көңіл бөлеміз.

ШЕТЕЛДЕРДЕН КӨРЕРМЕНДЕР КЕЛЕДІ

– Көрермендеріңіз жағы қалай? Концерттеріңізге көп адам жинала ма?
– Көрермендеріміз көп. Олар егде жастағы, орта жастағы және жастар, жасөспірімдер болып бірнеше топқа бөлінеді. Әрқайсысына әртүрлі бағдарлама дайындаймыз. Ескі мен жаңаны қосып концерттерді өткіземіз. Бұрыннан қалыптасқан көрермендеріміз бар. Жылдан жылға жаңа көрермендер де көптеп қосылып жатыр. Бірде Құрманғазы Сағырбайұлының күйлерінен концерт бердік. Сол кезде «Kassir.kz», «Тicketon.kz»
арқылы онлайн билет Шотландиядан, Түркиядан, Польшадан сатып алынғанын байқадық. Шетелден келген көрермендер концерттен кейін риза болып, ойларын айтты. Оркестріміз туризмнің дамуына да үлес қосып жатқандай. Сол жағы да бізді қуантып, мерейімізді тасытады.
– Қуанышбек Жанболатұлы, билеттеріңіздің бағасы қандай?
– Билеттердің бағасы – 700 теңге мен 3 мың теңге шамасында. Баға орын мен келетін көрермендерге байланысты осылай қойылған. Студенттерге жеңілдік жасап, ең төменгі бағаны қойдық.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыстар тілейміз!

Сұхбаттасқан
Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды