«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Құрманғазы оркестрі астанада

0 166

Бүгін «Қазақстан» Орталық концерт  залында  Құрманғазы  атын­дағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық халық аспаптары оркестрінің ел тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына ар­налған «Ұлы дала мұрасы» атты мерекелік концерті өтеді. Осыған орай кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне қатысқан оркестр жетекшілері өнер ұжымының жаңалықтарымен бөлісіп, елордадағы кеш жөнінде ақпараттандырды.

Құрманғазы оркестрінің тарихы өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан тамыр тартады. Оның басында әйгілі музыкатанушы, композитор Ахмет Жұбанов тұр. Алайда, қарашаңырақ өнер ұжымы елор­дада алғашқы мәрте кон­цертін бергелі отыр.
«Осыған дейін оркестр әлемнің сексеннен астам елінде болып, шетел жұртын өнерімен тәнті етті. Бұл арқылы қазақ музыка мәдениетін әлем танып, оған Мемлекет басшысы «Қазақтың інжу-маржаны» деген ат бергенін өздеріңізге мәлім. Күллі әлемге қазақтың өнерін таныстырып келе жатқан оркестрдің Қазақстандағы өнер ұжымдарының арасындағы алатын орны ерекше. Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығына орай ұйымдастырылған кешіміздің алғашқы бөлімінде қазақтың төл шығармалары орындалатын болса, екінші бөлімінде әлемнің классик композиторларының шығармаларын қазақ оркестрі орындайды» дейді оркестрдің директоры Нұрғиса Дәуешов.
Оның айтуынша, оркестр араға 18 жыл салып екінші үнтаспаны шығарғалы отыр. Репертуарын да жаңғырта, жаңарта отырып, заман ағы­мынан қалмай алға басуда.
«Қазіргі таңда біз репертуарды жан-жақты кеңейтіп, қазақтың дәстүрлі музыкасымен қатар, заманауи және әлем классиктерінің шығармаларын мүмкіндігімізше өңдеп отырамыз. Ескі партитураларымызды жаңартып, электронды жүйеге келтіру мәселелері басты назарда ұсталып отыр» дейді оркестрдің бас дирижер Арман Жүдебаев.
Өнер ұжымының репер­туарына келсек, онда Құрман­ғазының күйлерінен бастап, Дина Нұрпейісованың, Дәу­лет­керейдің, өзге де Батыс Қазақстан күй мектебі өкіл­дерінің төкпе күйлері, Тәт­тімбет Қазанғапұлы сынды Арқа күйінің негізін салған күйші­лердің, Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Сыдық Мұ­хамеджанов, Мә­кәлім Қой­шыбаев, Нұрғиса Тілен­диев, Кенжебек Күмісбеков, Мыңжасар Маңғытаев сынды қазақтың классик ком­позиторларының, Сергей Прокофьев, Михаил Глинка, Арам Хачатурян, Дмитрий Шостакович, Петр Чайковский, Жорж Бизе, Джоаккино Россини сияқты әлем мойындаған композиторлардың шығар­малары бар.
Елордадағы кеште оркестр­дің сүйемелдеуімен осы ком­позиторлардың туындыларын Майра Мұхамедқызы, Гүлнұр Оразымбетова, Салтанат Ахметова, Батыржан Мық­ты­баев, Ерлан Рысқали, Еділ Құ­сайынов, Әсел Рақымжан, т.б. танымал әншілер орындайды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды