«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Құрлық қаламгерлерінің қауқары қандай?

Астанада бас қосқан Азия жазушылары алдында Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі

0 45

Кеше бас қалада үш күнге жалғасатын Азия қаламгерлерінің бірінші форумы бас­талды. Бұл маңызды шараны ҚР Президент Әкімшілігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырды. Әдеби форумға Азия құрлығындағы елдерден шыққан Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары, жазушылар одақтары мен қауымдас­тықтарының төрағаларынан құралған 90-ға жуық қонақ келді.

Айтулы жиынның ашылуына Мемлекет басшысы Қасым­-Жомарт Тоқаев қатысып, елімізде алғаш өтіп отырған Азия қаламгерлері форумының жұмысына сәттілік тіледі.
Қазақстан Президенті өз сөзінде халқымыздың рухани мұраларын сақтап, ұлттық тарихын зерттеуге, мәдениетін жан-жақты қолдауға әрдайым баса мән беретінін айтты. Сондай-ақ бүгінде қазақ әдебиеті әлем әдебиетінің даму көшіне қосылғанын атап өтті.
– Бүгінде төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылды. Қазақ қаламгерлерінің туындылары арқылы дүние жүзі жұртшылығы ұлттық руханиятымызды танып-білуде. Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар 5 құрлықтағы 90-нан астам елге, яғни екі жарым миллиард оқырманға тарайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Азия – ұлы өркениеттердің дүниеге келуіне, өркен жаюына, қалыптасуына куә болған көне құрлық екендігін жеткізіп, бүгінде Азияның озық экономикасымен бірге әдебиеті, өнері, білім жүйесі де алдыңғы қатарға шыққандығын баяндады.

Арнайы сыйлық, электронды кітапхана

Президент Азия әдебиетін одан әрі дамыту үшін бірқатар маңызды мәселелерге қаламгерлердің назарын аудартып, арнайы сыйлық тағайындау және Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құру туралы ұсыныс айтты.
– Азия қаламгерлері форумы шығармашыл қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек. Бұл маңызды шара Азия елдерінде тұрақты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіләлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындаған жөн, – деді.
Мемлекет басшысының құттықтауынан кейін форум жұмысы «Қазіргі Азия өркениетінің әдеби панорамасы» атты тақырыпта панелдік дискуссияға ұласты. Мұнда Нобель сыйлығының номинанттары Оңтүстік Корея қаламгері Ко Ын, катарлық Моза аль-Мальки, моңғолиялық Гомбожавын Мэнд Ооёо, Оңтүстік Азия халықаралық сыйлығының лауреаты үндістандық Амар Митра баяндама жасады.
Халықаралық «Манхе» әдеби сыйлығының, «Гриффин» поэзия сыйлығының лауреаты, халықаралық «Алтын тәж» орденінің иегері, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының номинанты кореялық Ко Ын айтулы шараның Азия әдебиеті тарихында орны бөлек екенін айтты.

Азия – әр алуан

–Азия Еуропа секілді біртұтас емесі анық. Сондықтан Азияның әрбір елі, мәдениеті өзінің түпкі бейнесін тапса деймін. Еуропа ерте бірігіп, жалпы алғанда бір дінге бас ұрды. Біздің кейбір көршілер Еуропа елдерімен жақындасып кетті. Азияда мұндай тұтастық мүмкін емес. Азия тау мен даланың, шөл мен көлдің және табиғи ерекшеліктерге бай әлем. Осы ерекшелік әдебиетке де тән. Ең алғаш Азия өркениеті Скифтерден бастау алды. Кейін ол қара теңіз арқылы бүкіл әлемге тарады. Менің ойымша, әрқайсымыз еркін болуымыз қажет. Батысқа бағдар ретінде қараудан бас тартуымыз керек. Сөзімді түйіндей келгенде, Азия әдебиеті – бүгінгі уақыттың әдебиеті, Азияның әдебиеті – жаңа ғаламшарлық әдебиет деп айтар едім, – деді кореялық қаламгер.
Одан кейін сөз алған тағы бір Нобель сыйлығының үміткері, моңғол ақыны Гомбожавын Мэнд Ооёо өз баяндамасында Азия әдебиетінің ерекшелігіне тоқталып, құрлықтың рухани-мәдени әлемін кемелдендіретін поззиялық жаңа толқынды бастауға шақырды.

Тамырымыз бір

Ал Әзербайжан Жазушылар Одағының төрағасы, белгілі жазушы, драматург Анар Рзаев тамыры бір түркі елдері бірігіп, Қорқыт ата туралы көркем фильм түсірсе деген ойын жеткізді.
– Қазақ жерінде өтіп отыр­ған маңызды шараға қатысқаныма қуаныштымын. Бұл форум – біздің елімізді, әдебие­ті­мізді жақындатады. Әзербайжан мен Қазақстанды тарихи тамырластық пен ортақ дін біріктіреді. Біздің қазақ елімен рухани-мәдени байланысымыз тереңде жатыр. Сонау он екінші ғасырда Әзербайжан ақыны Низами қыпшақ сұлуы Аппақпен отау құрды. Бірақ ол ару ерте дүние салып, соның күйігінен ақын «Сенсіз» атты атақты өлеңін жазды. Кейін бұл өлең романсқа айналды. Оны Мүсілім Магомаев секілді дүлдүл әнші орындады. Ал Қорқыт –біздің ортақ бабамыз. Қазір Қорқыт атаға Қазақстанда, Түркіменстанда, Түркияда ескерткіш қойылған. Түркі әлемі – әдебиетке Өзбектің Әлішер Науайын, түркіменнің Мақтымқұлын,қазақтың Абайын сыйлады. Бірақ түркі әлемінде Шекспир секілді драматург, Сервантес сияқты жазушы жоқ. Бірақ оның бәрі кереметтігі жағынан Қорқыт атаның кітабы мен қырғыздың Манасына тең келмейді. Әзербайжан ЮНЕСКО-ның қолдауымен Қорқыт атаның 1300 жылдығын тойлады. Сол кезде күй атасы туралы кітаптар жарық көріп, фильм түсірілді. Енді мен қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен секілді бауырлас елдер бірлесіп Қорқыт ата туралы фильм түсірсе деп ойлаймын, – деді бауырлас қаламгер.

Әдебиет адамды дамытады

Форумның екінші панельдік отырысында «Азия әдебиеті және жаһандық мәселелер» тақырыбы қозғалып, онда Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті ақын Олжас Сүлейменов қоғам өміріндегі әдебиеттің рөлі жайында салмақты сөз сабақтады.
–Қазір біз жаңа бір сапалы кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Осы жаңа кезең жөнінде Нұрсұлтан Назарбаев «әлемде енді күшітінің емес, ақылды адамдардың уақыты келеді» деген сөз айтты. Мен осындай бас-аяғы жинақы пікірді естімегелі көп болды. Жуырда сапарлап жүріп, Белоруссия арқылы ұштым. Сол елде бір сағаттай ұшақты күтуге тура келді. Содан әуежайда отырып, бір қызық журналға көзім түсті. Оның мұқабасына өте танымал бизнесменнің әдемі суреті мен айтқан сөзі ірі әріптермен жазылып беріліпті. Ол журналға: «Қазір ақылды адамдарға деген сұраныс өте шектеулі, қайта, айтқанды ғана тыңдайтын, үнсіз жұмысын орындайтын, дәрменсіз адамдарға сұраныс көп» деп айтыпты. Бұл пікір маған үкім секілді естілгендіктен өзіме жазып алдым. Өйткені бұл сөз Белоруссия үшін ғана емес, ТМД көлеміндегі пост кеңестік елдер үшін де өзекті.
Енді алдымызда осы ақылды адамдардың санын қалай ұлғайта аламыз деген сұрақ тұр. Қазір әлемді күштілер емес, ақылды адамдар басқарады. Солар ғана қоғам өмірін жақсартады. Осы жерде ресейлік физик Моисеевтің сөзін есіме түсіріп отырмын. Ол мұғалімдер съезінде бір ұстаздың: «оқушыларға техникалық пәндерді оқыту үшін не істей аламыз?» деген сұрағына, ғалым бірден: « Мектепте әдебиет пәнінің сағатын көбейту керек» деген. Мен осы сөзі үшін Моисеевті ұлы физик деп айтамын.
Өйткені бұл сөздің астарында терең ой жатыр. Адамның миы мен ақыл-ойын дамытатын дүние – ол әдебиет. Әдебиет дамымаған жерде экономика зардап шегеді. Шын мәнінде әдебиет пен экономика сабақтасып жатыр. Мен өткен ғасырдағы әдебиетке келген алпысыншы жылдардың буынымын. Кеңестік кезең үшін 60-70-ші жылдар дәуірлеген шақ болды. Сол жылдары үздік фильмдер түсіріліп, тамаша кітаптар жазылды. Содан кейін қайта құлдырау басталды. Бір сөзбен айтқанда, әдебиет ақылды адамдарды тәрбиелейді. Ал экономиканы ақылды адамдар дамытады, – деді атақты ақын.

Ұлы шығарма- ортақ олжа

Қазақтың қабырғалы қаламгері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік әлемге ұлы әдебиеттің ортақ екендігін айтып, «Біз сол ұлы әдебиетті жасауға тырысуымыз қажет» деп парасатты ой өрбітті.
Айта кетейік, әдеби форум 6 қыркүйекке дейін жалғасады. Мәдени шара барысында Орталық Азия қаламгерлерінің кездесуі, елордада «Қаламгерлер аллеясының» ашылуы, жас ақын-жазушылардың бас қосуы секілді шаралар ұйымдастырылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды