Четверг, 17 Август 2017
-->

Құндылықтар құлдырауы

құлдырау

Бірде сөзге жүйрік, ойға кемел қаламгер ағамыз қызық әңгіме айтты. Өзі тұратын көп қабатты үйдің іргесінде жеміс-жидек сататын шағын дүңгіршек бар екен. Оның иесі – өз ісіне мығым, сөзге лыпып тұрған қазақтың жігіті. Әлгі дүңгіршектен күнара келіп, бір орыс кейуана көкөніс алады. Кейде, қалың сөмке көтере келіп, әлгі саудагерге ескі кітаптарды тегін беріп кетеді екен. Ол кітаптарды анау алып қалғанмен, соншалықты шаруасы да болмайды. Ашып та қарамайды. Әйтеуір, саудасы жүрсе, соған көңілі тоқ. Алайда, тегін келген кітапты бір қажетке жарар деп алып қала береді. Сондай бір оқиға үстінде қаламгер ағамыз кез бола кетеді. Орыс әжей берген кітаптарға қараса, шетінен қолға түспейтін, ертеректе жарық көрген, сөзі мерген ойлы жазушылардың көркем дүниелері. Бала жасынан оқуға құштар ағамыз «ойда-жоқта мол байлыққа» тап болған адамдай кітапқа құныға үңіледі. Арасынан әйгілі жазушы Джон Стейнбектің мұрты бұзылмастан сақталған алты томдығы, тіпті кеңес дәуірі кезінде оқуға тыйым салған Андрей Платоновтың дүниелері көзге жылы ұшырайды. Және олар керемет сақталған. Әрбір кітаптың ешқандай беті кертілмеген, оны айтасыз, тіпті, түрілмеген. Демек, ұқыпты адамның, кітапқа деген жанашыр жанның қолында сақталған дүниелер екені айтып тұр. Ағамыз сол жерде саудагер жігіттен отыз кітапты қалап алады. Сырттай бақылап тұрған ол да, аталған дүниенің құнды мұралар екеніне көзі жетсе керек, қалғандарын жып-жылмағай сол мезетте жинап үлгереді. Енді қаламгер ағамыз айтады: «Сол бір орыс әжей кезінде ұстаз болған немесе тәуір жерде қызмет істеген адам секілді. Енді бойынан қуат кетіп, кітапты күтуге шамасы болмаса керек. Оны керек қылып отырған бала да жоқ шығар. Олар мүмкін оған үйде сіресіп тұрған кітаптың көзін құрт деп те айтуы мүмкін. Сондықтан ол кісі осындай өлшеусіз байлықты далаға лақтырғанша амалсыздан саудагерге тегін апарып жүрсе керек» дейді. Не де болса да, ағамыз айтқан осы бір оқиға көпке дейін есімнен кетпей қойды.

Мен де бала жасымнан кітапты жақсы көрдім. Әлі күнге дейін онымен жан қиыспас доспын. Біздің бала күнімізде ауылдағы үлкен кітапхана түгілі мектептің шағын кітапхананың қоры бай болатын. Алдымен, сондағы кітаптарды оқып тауысуға асығамыз. Сосын барып, ауылдағы үлкен кітап­ханаға жүгіреміз. Ол кезде кітап­хана­шылар әрбір жаңа кітап шыққан сайын оқушылар конференциясын өткізетін. Оған ауылдағы ақ басты қариядан бастап, далада трактор айдап, шөп шауып жүрген ағаларымызға дейін қатысып, оқыған кітап туралы, ондағы образдары жайлы шешіліп сөйлейтін.
Әлі есімде, 7-сыныпта оқып жүргенде сондай бір қызықты оқырмандар конференциясының жас оқырман ретінде куәсі болдым. Онда классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы талқыланды. Оқырмандар да қаптап келді. Алғашында, әдепті, мәдениетті басталған конференция орта кезіне келгенде бірі Еламанды жақтаған, екіншісі Ақбаланы даттаған оқырмандар екіге бөлініп, қып-қызыл тартысқа айналды. Ақыры, кітапханашы Жұмагүлсім апай, ауыл адамдарын сабырлыққа шақырып, әйтеуір, жиынды тезірек аяқтауға тырысқан еді… Сонда Балықбай ағамның «Шіркін-ай, менің Ақбала секілді әйелім болса, арманым жоқ еді» деп айтқан сөзі бәрімізді ду күлдіріп, жиынды жаймашуақтандырып жіберіп еді… Міне, осындай да кітаптың қадірін білген, оны аялаған кезеңдер болған.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қиыншылық шақта ауылдағы көп кітапханалар қаржы жоқтығынан жабылып қалды. Амалсыздан, ондағы ұзақ жыл бойы тірнектеп жиналған мол рухани байлық әркімнің қолында кетті. Өзім ауылға барған сайын байқаймын, баяғы төрт бөлмеге сіресіп тұрған кітапханадағы кітаптар бүгінгі күні қуықтай ғана бөлменің бір бұрышында ғана сақталған. Амал не, енді оны тек уақыттан ғана көреміз.
Сөз жоқ, бүгінгі таңда қоғам да, адам да өзгергенін жиі айтамыз. Әсіресе, рухани байлықтың атасы саналған кітапқа деген көзқарас өзгерді. Әрине, оған зымырандай зымырап бара жатқан техникалық прогрестің де ықпалы зор. Бір интернеттің өзі санамызды шырмап, ойымызды ұршықтай иіріп барады. Дегенмен, оның да артықшылықтар бар екенін жасыра алмаймыз. Кез келген мәліметті бір түртпені басып қалсаң, көзі алдыңызға әкеле қояды. Кітап қопарып, архив ақтарып отырмайсыз.
Алайда, сан ғасыр бойы саналы ұрпақ тәрбиелеп келген кітаптың алар орны ерен. Орыстың дана қариясы Д.Лихачев былай дейді: «Я считаю так: библиотеки – это основная культура страны. И от библиотек, от их доступности, от доступности сокровищ, которые в них хранятся зависит культура страны. Может не быть университетов, никакого высшего образования, но если есть хорошие библиотеки, все можно восстановить».
Демек, кітап – кез келген ұлттың санасы мен тарихи зердесі. Оны сіз ұшқыр интернетпен де, тіпті, телевидениемен де салыстыра алмайсыз. Сондықтан, бүгінгідей материалдық қажеттілік алға шығып тұрған алмағайып шақта, рухани байлық саналған кітап деген асыл құндылығымыз құлдырамаса екен дейміз!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*