«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Құндылықтар қашанда құнды

0 121

Астанада ТМД-ға қатысушы елдердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауымның ХІІІ форумы өтті. Қазақстанның елордасы – аталмыш форумды үшінші рет қабылдаған ТМД кеңістігіндегі жалғыз қала. Алқалы жиынға бұл жолы Достастық елдерінен 200-ге жуық делегат жиналды. Форумды Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова ашып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысушыларға құттықтауын оқып берді.

Гүлшара Әбдіқалықова биыл күй атасы – Құрманғазының 200 жылдығы, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың және Кеңес Одағының Батыры Иван Панфиловтың 125 жылдығы Қазақстанда ғана емес, ТМД кеңістігінде атап өтілетінін, бұл форум мәдениеттердің дамуына, мемлекеттердің жақындасуына үлкен үлес қосатынын айтып, ТМД елдерінің гуманитарлық саладағы бірлескен жұмыстарына арналған көрмені аралады.

ТМД­-ға қатысушы елдердің Халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры басқармасының тең төрағасы, РФ президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой Ресей басшысы Владимир Путиннің құттықтауын жеткізді. Халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры басқармасының төрағасы, Ресей Федерациясындағы Әзербайжан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Полад Бюльбюль оглы Қазақстанға келгелі осы жердің жылылығын, жергілікті халықтың ыстық құшағын сезінгенін айтып, форум мақсатына тоқталды.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «ТМД­-дағы диалог – ХХІ ғасырдағы гуманитарлық ынтымақтастықтың келешегі» тақырыбымен өтіп отырған бұл форум Астананың 20 жылдығымен тұспа-­тұс келіп отырғанын атап өтіп, былтыр «ЭКСПО-­2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында достастық елдерінің елордада өткізген шараларына тоқталды.

Сүндет Байғожин, Димаш Құдайберген, Мария Мудряк сынды дарынды әншілеріміздің даңқы ТМД кеңістігінен асқанын айтты. «Астана Опера» және «Астана Балет» театрларының озық өнерін көршілес елдер мойындағанын жеткізді. Қазақстан мен Ресей бірігіп түсірген «28 панфиловшы» фильмі 2016 жылы Ресейдің үздік фильмі болып танылғанын айтты. Биыл қос ел Астананың мерейтойына арнап, елорданың қалыптасуы туралы сыр шертетін 6 сериялы «Махаббат. Үміт. Астана» және Ұлы Отан соғысы жылдары Алматыға көшірілген мәскеулік екі киностудия жайлы «Эвакуация» аталатын фильмдерді түсіріп жатқанын айтты. Қазақстан-Ресей кинорежиссері Владимир Дворцевойдың «Айка» фильміне түскен қазақ актрисасы Самал Есләмованың Канндағы табысын еске алды.

Астанада жыл сайын өтетін «Еуразия» кинофестивалінен ТМД елдері қалмайтынын айтқан министр өткен аптада әзербайжан тілінде жарық көріп, Бакуде тұсауы кесілген Махмұт Қасымбектің «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» кітабын оқырмандар жылы қабылдағанын жеткізді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында атқарылып отырған жұмыстарды қысқаша таныстырып өтті. Соның ішінде «Би­би­си» телеарнасы еліміз жайлы түсірген фильмдерге, музейлердің біріккен жобасына тоқталды. Жиырмадан астам елде Қазақстанның мәдениет және әдебиет орталықтары ашылғанын тілге тиек етті. Бүкіл ел бойынша Астананың 20 жылдығына арналған 1800-ден аса шара өтетінін, Мәдениет және спорт министрлігі 100 жоба дайындағанын айтты.

Форум тақырыптарының бірі Қазақстан елордасының 20 жылдығына және Астананың мәдениет институттарының қалыптасуы мен дамуының тәжірибесіне арналды. Астанамен құрдас, осыдан 20 жыл бұрын елордада ашылған Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева «Достастық жұлдыздары» мемлекетаралық сыйлығының лауреаты атанды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды