«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Құнды жәдігерлермен танысты

0 70

Ақмола облысы Целиноград ауданы Қараөткел ауылы­ның №2 орта мектебінің 9-сынып оқушылары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде болып, Күлтегін ескерткіші және Жазу тарихы мұражайын тамашалады. Мұражай меңгерушісі Тамара Қожамқұл оқушыларды құн­ды жәдігерлермен таныстырды.

Біздің тарихымыз тастан басталған. Күлтегін ескерткіші, оның жанынан ашылған Жазу тарихы мұражайы да тәуелсіздігіміздің жемісі. Күлтегін тасы 2001 жылдың 18 мамырында сонау Моңғолия елінен әкелініп, университетке қойылғанда, Елбасымыздың өзі ресми түрде ашқан. Бұл – баға жет­пес байлығымыз. Сондықтан да универ­ситеттегі осы музейді тамашалауға келу­шілер қарасы өте көп.
Жәдігерлерді көруге келген қалалық, аудандық мектеп ұстаздары үнемі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА ака­демигі Дихан Қамзабекұлына музейді тамашалауға келген оқушылармен жүз­десіп, тарих толқынынан сыр шертіп беруге өтінішін білдіреді. Бұл жолы да солай болды.
Алаштанушы Д.Қамзабекұлы оқушы­ларға тереңнен тартқан тартымды, тағы­лымды сөз қозғады: «Мемлекет бас­шысының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласына бір жыл толды. Соның ішінде Елбасымыз «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Жердің тарихы, елдің тарихына байланыс­ты көп жұмыстар жасаймыз. Өздеріңіз туған жерлеріңіз – Ильинканың бойында Бозоқ деген жер бар. Бозоқ қалашығын ең бірінші қазғандар да, тапқандар да біздің ғалымдар. Болашақта сол жерде аспан астындағы музей деген бір жоба атқарылайын деп жатыр» деп оқушыларға ұлттық мүддеге қатысты құнды жайттарды қарапайым тілде жеткізіп, санасына құйды.
Балаларды музейге бастап келген оқушыларға тарихи жерлерді, тарихи жәдігерлерді көрсетуге жаны құмар тарихшы Ләззат Көшерқызы: «Мектепте бір мың төрт жүзден астам оқушы оқиды. Мектеп директоры – Моңғолиядан келген бауырымыз, осы Еуразия ұлттық университетінің түлегі Буян Сажидсилян. Мамандығы – тарихшы. Мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Гүлшат Наушабекова да тарихшы. Тарихымызды зерделеуге аса мән берілген. Оқушыларымыз аудандық олимпиадалардан, облыстық, республикалық ғылыми жобалардан орын алды» деді. 9-сынып оқушылары Әлихан Тәліпжан, Айдын Қосман, Нәзира Жүсіпбекова алған әсерлерімен бөлісті.

Жұлдыз ТОЙБЕК,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің аға оқытушысы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды