«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Құдықтарға тор орнатылады

0 29

Қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында елордадағы құдықтардың аузы тормен жабылуда. Бұл тәжірибе қаладағы жылу желілеріне арналған дренажды құдықтар үшін 2012 жылдан бастап қолданылады.

«Астана-Теплотранзит» компаниясына қарасты құдықтардың бетіне орнатылған металл торлар екі ересек ер адамды көтеруге қауқарлы. Аталған ұйымның №1 пайдалану ауданы учаскесінің бастығы Ғаділжан Баймұратовтың айтуынша, жылу жүйе­сінің құдықтары «құрғақ» (басқару құдықтары) және «дымқыл» (құрғату құдықтары) болып екіге бөлінеді екен. «Басқаруға арналған құдықтардың тереңдігі – 40 сантиметр. Ол ешқандай қауіп төндірмейді. Құрғату құдықтары тас­жолды жабуға арналған. Егер жөндеу жұмысын жүргізу керек болса, біз сол жол учаскесін жабамыз. Бұдан кейін құбыр­дағы су құдыққа құйылады да, ол жерден сорғы немесе вакуумды көлікпен сорылып алынады. Ондай құдықтардың тереңдігі жылу трассасының те­рең­­дігіне байланысты 2-3 метрге дейін жетеді. Солардың бетіне темір тор қоямыз. Яғни адам беті ашық құдыққа абайсыз­да құлап кеткен күннің өзінде, тордың арқасында құдықтың ішіне түспейді» дейді ол.
Астана қаласының Отын-­энергетикалық кешені және коммуналдық ша­руашылық басқармасы мәліметіне сүйенсек, қа­зіргі таңда қалада 62142 құ­дық бар. Соның 13594-і­ «Ас­тана-Теплотранзит» ұйы­мына қараса, 34538-і – «Ас­тана су арнасы», 10340-ы – «Астана Таза­лық», 3661-і – «Астана-­АЭК», 9-ы «Астана қалалық жарық» ұйымдарына тиесілі.
Тұрғындар тарапынан «109» қызметіне беті ашық құдықтар туралы былтыр – 2804, ал осы жылдың басынан бері 626 шағым түскен. Бұдан бөлек, биыл құдық қақ­пағы ұрлығына байланыс­ты түскен 35 арыздың 23-і бойынша сотқа дейінгі тергеу істері басталды. Астана қаласының полиция департаменті өкілдерінің дерегінше, мұндай ұрлық көбінесе жарығы мен күзеті жоқ құрылыс нысандарында, сондай-ақ қара металл жоғары бағамен қабылданатын жерлерде болады. Алдағы уақытта құдық қақпақтарын композиттік материалдардан жасау көзделіп отыр. Бұл идеяны кейбір астаналық еріктілер іске асырып та үлгерді. Олар Железнодорожный тұрғын алабындағы тоғыз құдықтың бетін полимерлі қақпақтармен жауып шығып, төрт қақпақты – жеке сектор тұрғындарына, үшеуін – сол маңдағы мектеп директорына, ал тоғызын аудан әкімдігіне ұсынған. Заманауи өнеркәсіп талаптарын ес­кере отырып жасалған мұндай бұйымдар қауіп­сіздік техникасы мен эко­ло­гиялық нормалардың барлық талаптарына жауап береді әрі оларды темір қабылдау­шылар алмай­тындықтан, ұрылар­ға қақпақтарды жымқырудың пайдасы болмайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды