Қуандық ҚАСЫМОВ, режиссер: НАҒЫЗ ДРАМАТУРГИЯ МЕН КӘСІБИ АКТЕРЛЕР «САЙҚЫМАЗАҚТАРДЫҢ» КӨЛЕҢКЕСІНДЕ ҚАЛЫП ҚОЙДЫ

Қазақ актерлік мектебі мен режиссурасы әлемнің ешбір мемлекетінің театр өнерінен артық болмаса, кем емес. Бұған белгілі режиссер Қуандық Қасымовтың спектакльдері қатысқан халықаралық фестивальдердегі жеңістерді айтар едік. Әлемдік деңгейдегі әр түрлі жарыстарда режиссердің «Медея», «Троя арулары» және «Қыз Жібек» бес рет бас жүлде, екі рет «Ең үздік әйел образы», екі мәрте «Ең үздік режиссура» номинациялары бойынша лауреат атанды. Қазақ театр өнерін Еуропа жерінде насихаттап жүрген режиссермен театр саласындағы өзекті мәселелер жөнінде әңгіме өрбіткен едік.

Ән айтуды әтештен үйреніп жүрміз

– Театр десе, Станиславскийдің жүйесі еске түседі. Сол жүйе ескіріп бара жатқан сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
– Жүйе ескірген жоқ. Театр өнеріндегі адамдар жаңарып, жүйесіздік жайлап барады. Сол Константин Сергеевич Станиславскийдің жылдар бойы ой елегінен өткізіп, көрген-білгенін түйіндеп жазған теориясын сіз бен біз терең ұғынып, жетік меңгердік пе? Күмәнім бар. «Неге?» дерсіз. Менің бағыма институтта дәріс берген ұстазым Қазақ елінің халық артисі, алғашқы кәсіби режиссер Асқар Тоқпанов ағамыз болды. Ол кісі сол Станиславскийдің шәкірттерінің бірі Сахновский мыр­задан Москвада оқып, білім алған. Сондықтан жүйенің егжей-тегжейін білетін жалғыз маман еді. Оның лекциялары мен сабақ беру тәсілі сол жүйеге негізделіп отырып жасалушы еді. Негіз дұрыс қаланса, жүйе әрқашан шығармашылықты өркендетуге көмектеседі. Станиславский – мәңгілік жүйе ойлап тапқан дарынды адам.

Білімсіздік басым болған жерде нигилистік ой өрбиді. Диплом бар, бірақ білім жоқ! Оған кінәлі актердің немесе режиссердің өзі.Тек қана өзі. Мен де ол жүйені сол кезде толық меңгеріп шықтым деуден аулақпын. Мүмкін 50 пайызын қабылдаған шығармын. Бірақ жылдар өте, сол жүйемен сахнада актер және режиссер ретінде жұмыс істей отырып мән-мағынасына жетуге тырыстым. Терең үңіліп зерттеген сайын бұл жүйе жаңа қырынан ашылады. Сондықтан Станиславскийден қашуға болмайды.

– Қазір театрда сөз арзандап, ұсақталып бара жатқандай көрінбей ме сізге? Театрды өмірлік сұрақтарға жауап беретін жоғары интенция деп айта аламыз ба?
– Ел арасындағы сөздің қадірі кеткен кезде ғана сөз арзандайды. Театрға да сөз драматургиямен енеді. Яғни, нақты адамның, драматургтің сөз саптауымен келеді. Оның өмірге деген көзқарасы мен пәлсапасы арқылы біз режиссерлер, актерлер, суретшілер сол драматургтың идеясын түсінгіміз келеді. Сол идеяны көрерменге жеткіземіз. Бүгінде сахна төріндегі кейіпкердің аузынан шыққан сөздің мағынасы тереңдіктен гөрі саяздыққа тартатыны рас. Әсіресе, сатирадағы арзан сөз актерлерге кері әсерін тигізеді. Өйткені олар қазіргі таңдағы интерактивті технологияны молынан қолдану арқылы адамның санасы мен сезіміне сол жадағай сөзімен қатты әсер етеді. Арзан сөзбен, арзан оймен улайды. Драматургия бар болса да күнделікті күйбең тіршілікті жырлайтын бір сыдырғы мағынасыз шығармалар қаптады. Бізге дәл қазір үлкен бір құбылыс керек сияқты.

Тарихқа үңілсек, орыс халқының «скоморох» немесе европаның «шут» деген кейіпкер маскалары болған. Бұл кейіпкерлер қара халықтың ойын алаңға шығып немесе хан сарайындағы патша алдында қорықпастан айта білген. Ал біздің сатирамыз сахнадан не айтады? Айтқан сөзінде мағына бар ма? Күлегеш халық былай шыққан соң неге күлгенін ұмытып қалады. Олар да театр деген айдар тағып алатын болды. Сондықтан көрермен, әсіресе, жас көрермен сөздің қадірін құндылығы аз, жадағай сөзі көп осындай «театрлар» арқылы ұғып, театр деген ұғымды сол арқылы бойына сіңіріп жүр. Ал нағыз драматургия мен кәсіби актерлер жаңағы «сайқымазақтардың» көлеңкесінде қалып қойды. Себебі біз интерактивті жүйелер арқылы қадірлі, маңызды, дәйекті сөзді сирек дәріптейміз. Сондықтан өміріміз арзан сөздің құлына айналып бара жатыр.

Егер шығармашылық адамға материалдық жағдай жасамаса, сол арзан күлкілі, жадағай сөзді ортаға итермелеп, оларды той-думаннан табамыз. Оларға сахнадан гөрі сол жер қымбат, әрі қызықты. Өмір сүруіне, жақсы өмір сүруіне қаражат табады. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» күн кешуді әдетке айналдырады. Қасиетті сахна актер үшін келіп кететін, мардымсыз айлық алатын «жерге» айналады. Соған қарамастан қазақ актерлік мектебінің ұшқындары кейбір спектакльдерде көрініп жатады. Тек ұшқындары ғана. Бұл – трагедия!

Шыны керек, телеарналарымыз рейтингтерін арзан сөзбен жинап жүр. Осы арзандарға әбден қанған көрерменге театр неге қызық? Театр сахнасындағы терең ойлы пәлсапаны естігенде жан дүниесі жиырылып, отырған орнынан тұрып, залдан шығып кеткісі келеді. Ал сатиралық театрлар қай қалаға барса да, олардың билет бағасының қымбатшылығына қарамастан есікті бұзып кіруге дайын. Ырқы кеткен, ырзығы жоқ, саяз, мағынасыз сөзді естіп, ыржыңдап шыққаны үшін ол қаражатын да, уақытын да аямайды. Неге? Себебі біздің қоғам терең сөзді сәйгүліктің ертоқымын сыпырып тастап, жалаң сөзді жайдақ атқа мініп жайбарақат өмір сүруге көшкен. Адамдардың дені миын қозғап ойланудың орнына ырбақай сөз, тыр­бақай әрекет жасауға құмар.

Сөздің қадірін тойдағы арзан сөзді асаба «шоумендер» де түсіріп бітті. Айына бірнеше тойға бас сұғатын қазақ ол жерден қандай сөз тыңдайды? Біз осыған мән бермейміз. Міне, осы себептердің бәрі театр сахнасындағы мәнді, мағыналы терең ойлы сөзге кері әсерін тигізеді. Осы жерде ойыма Абай атамыздың аудармасындағы Крылов мырзаның «Бұлбұл мен есек» мысалы еске түседі. Сонда бұлбұлдың әсем үніне баға берген есек: «Сен ән айтуды әтештен үйрен» дейді ғой. Қазіргі біздің қоғамның бейнесі осыған келеді. Бұлбұлдың сайраған үнінен гөрі, қиқулап қиқырған әтештің үніне құмар болып барамыз.

Комедия жанры – театрлардың күнкөрісі

– Кеңестік қазақ театрында қазіргі театрда жоқ қандай игі дәстүрді айта аласыз?
– Айтып отырмын ғой, актер шеберлігі саяздап барады. Бұның себебі неде? Кеңестік дәуірде сахнаға шыққан актерге талап қатқыл болатын еді. Және оқыған оқу орындарындағы дәріс беру бағдарламалары да қатаң тәртіппен енетін. Емтихан тапсыру біз үшін ең үлкен сын болатын. Әсіресе, мамандық бойынша жүретін сабақтар ең маңызды сабақтар болатын. Қазір де солай болар деген сенімдемін. Дегенмен, олай емес-ау деген күдік енеді санама. Себебі оқуды тәмамдап келген кейбір актер азаматтың біліміне көңіл қойсаң – кезінде өзіміздің санамызға енгізілген шеберліктің мектебінің негізін қалайтын кәсіби элементтерді білмей жатады. Бірақ қолдарында дипломдары бар, бірі қызыл, бірі көк. Жалғыз талантпен шауып бәйге ала алмайтынын сол жас актер сезбейді. Оның талантын шыңдайтын білім екенін ұқпайды. Оны ұғындырмаған ұстаз кінәлі деп есептеймін.

Кеңес дәуірінде кәсіби актер өнеріне, әсіресе, режиссураға көп көңіл бөлінетін. Олардың материалдық жағдайын жасауға терең мән берілетін. Әсіресе, өнер шеберлеріне, жеке тұлғасы мен шығармашылығына арналған жиыр­ма шаршы метр қосымша баспана берілетін. Бұл актер, режиссер, суретші, драматург жеке дара шығармашылықпен айналысуына, ізденіске енуіне мүмкіндік туғызу еді. Қазіргі кезде қосымша емес, негізгі баспананы алудың өзі қиямет. Егер шығармашылық адамға материалдық жағдай жасамаса сол арзан күлкілі, жадағай сөзді ортаға итермелеп, оларды той-думаннан табамыз. Оларға сахнадан гөрі сол жер қымбат, әрі қызықты. Өмір сүруіне, жақсы өмір сүруіне қаражат табады. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» күн кешуді әдетке айналдырады. Қасиетті сахна актер үшін келіп кететін, мардымсыз айлық алатын «жерге» айналады. Соған қарамастан қазақ актерлік мектебінің ұшқындары кейбір спектакльдерде көрініп жатады.

Тек ұшқындары ғана. Бұл – трагедия! Себебі актер өнері – күнделікті ізденіске сүйене отырып, адам психологиясын зерттеуді мақсат тұтатын, «инемен құдық қазғандай» еңбек етуді талап ететін өнер. Түсінесіз бе, ӨНЕР! Ал біз қазір бұл өнерді «қолбалаға» айналдырып барамыз. Бойымдағы талантымды күнделікті күйбең тіршіліктің қамына орай сатамын да күн көремін. «Қу тірлікке құл болып аяң басып, құлашымды жая алмай баратырмын» деген Мұқағали ақынның қанатты сөзі қазіргі кезеңнің театр өнерінің атмосферасына дәл келеді. Ертең ұшқын өшеді. Шоқ сөніп қоламтаға айналмасына кім кепіл? Қазіргі кезде қазақ театрында режиссура жоқ деген ұғым қалыптасып, соны дәріптейтін қайраткерлер пайда болды. Режиссура қашан қанат жаяды? Режиссура мамандығына толыққанды жағдай жасалғанда ғана, режиссер кең көсіліп шаба алады. Сахнаның патшасы актер болғандықтан, режиссер соның дарыны мен шеберлігіне тәуелді. Актерсіз режиссер, режиссерсіз актер тұл. Шабан атқа мініп бәйгеге қатыссаңыз не болатынын өзіңіз де сезетін боларсыз.

– Комедияға келгенде тақырыбымыз тапшы болып қалады. Әлі күнге дейін қазақ театрлары өзіңіз аударған Иброхим Содиковтің «Әпендінің бес қатыны» мен Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» секілді комедияларымен күн көріп жүр. Неге тақырып аясы соншалықты тар?

– Сөзіңнің жаны бар, комедия жанры Қалтай ағамызбен бірге кеткен сияқты. Негізі комедия жанры театрлардың күнкөрісі ғой, қалқам. Бірақ қазір ол жанр ешкімге керек емес болып барады. Сондықтан министрліктің театр бөлімі комедия жанрын дәріптейтін театр фестивальдерін ұйымдастыру керек. Сонда барып драматургтар қолдарына қалам алып жаңа шығармалар жазатын болар. Шымкент қаласындағы Сатира театрының негізінде «Тақиялы періште» немесе басқа да тақырыпта комедия жанрындағы спектакльдердің халықаралық фестивалі ұйымдастырылса, құба құп болар еді. Бұндай фестивальдер әлемде некен саяқ.

«Көшедегі пақырды әкім бол деп шақырды»

– Қазіргі таңда «Мәдениет туралы» заңға театр тармағы бойынша өзгертулер енгізілді. Осы өзгерістерге тоқталып өтіңізші.
– Иә, дұрыс айтасың. Бұл заң бойынша өткен ғасырда дамып, қанат жайып қалыптасқан театрдың режиссурасы құрдымға кетті. Оның атқарар ролі жойылды. Театрдың көркемдік деңгейі мен шығармашылық репертуарын қалыптастыру, актерлердің шеберлігін шыңдау директор мырзаға жүктелді. Сонда ол адам шығармашылыққа жауап бере ме, әлде шаруашылыққа жүгіре ме? Ендігі таңда директорлыққа мәдениет саласында бес жыл басшылық қызмет атқарған азаматтың кез келгені тағайындалуына мол мүмкіндік туды. Режиссер директордың «қолбаласына» айналып немесе тіпті де жойылып, көздің қарасынан бұлбұл ұшады.

– Сол өзгертулер енгізілген жиынға өзіңіздің де қатысқаныңызды айтып едіңіз. Неге айтпадыңыз осыны?
– Жалғыздың «үні шықпас» деген. Бекболат Тілеухан бастаған топ бұл өзгертулерді театр режиссерларының ойын тыңдамастан қабылдап, директорлардың ығына жығылды. Театр директоры әкімшілік тарапты басқаратын атқарушы орган екені бұрыннан мәлім. Ал бас режиссер мектебі театр жүйесіне енгелі бері театрдың шығармашылық труппасының болашағы мен оның қабілетінің өсіп өркендеуіне, сонымен қатар театр репертуарының толыққанды көркем шығармалармен толығуына жауап беретін лауазым ретінде қалыптасқан еді. Қазіргі таңда бұл лауазым қазақ театрына керек болмай қалды. «Көшедегі пақырды әкім бол деп шақырды» деген күйге енетін кезең басталды. Мен ондай директорлардың біразын көрдім де. Енді сол лауазым иесінің құқы бұрынғыдан да жоғарылады. Және заңды түрде. Режиссердің үні өшті.

Сөздің қадірін тойдағы арзан сөзді асаба «шоу­мендер» де түсіріп бітті. Айына бірнеше тойға бас сұғатын қазақ ол жерден қандай сөз тыңдайды? Біз осыған мән бермейміз. Міне, осы себептердің бәрі театр сахнасындағы мәнді, мағыналы терең ойлы сөзге кері әсерін тигізеді. Осы жерде ойыма Абай атамыздың аудармасындағы Крылов мырзаның «Бұлбұл мен есек» мысалы еске түседі. Сонда бұлбұлдың әсем үніне баға берген есек: «Сен ән айтуды әтештен үйрен» дейді ғой. Қазіргі біздің қоғамның бейнесі осыған келеді. Бұлбұлдың сайраған үнінен гөрі, қиқулап қиқырған әтештің үніне құмар болып барамыз.

– Білуімше, Ресейде заңдылық күші бар «Театр туралы» арнайы ереже бар. Міне сол ережеде директор мен көркемдік жетекші немесе бас режиссер деген лауазымдар немен айналысатыны анық жазылып, жік-жікке бөлінген. Бізге де осы керек шығар?

– Менің де айтып отырғаным осы. Шығармашылықпен, репертуарлық саясатпен, театрдың көркемдік деңгейін биік мақсаттарға жетелеу, актер өнерінің шеберлігін шыңдау бас режиссердің немесе көркемдік жетекшінің тікелей міндеті екенін мығымдап жазып қойған. Сол көркемдік жетекшінің немесе бас режиссердің көздеген мақсат-мүддесін іске асыру үшін жағдай жасау – директор мырзаның міндеті. Яғни, шығармашылық топқа жағдай туғызу әкімшілік тарапында отырған директор бастаған құрамның негізгі мақсаты болу керек. Бұл қыруар жұмыс пен білімді талап етеді. Театр өнерінің экономикасын меңгермеген маман театрдың экономикалық тұрғыдан өркендеп өсуін жоспарлай ала ма? Білімі мен мамандығы сай емес маманға театр басқаруды жүктеу қылмыспен пара пар.

– Кезінде өзіңіз еңбек еткен Айгүл Иманбаеваның музыкалық театры Македониядағы театр фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. Оған режиссер ретінде сіздің еңбегіңіз өлшеусіз болды. Қазір бұл «А.И» театры қайда? Жалпы, Қазақстанда жеке театрлар қаншалықты өміршең бола алады? Олардың аяғынан қаз тұрып қана қоймай, көрерменнің сүйікті өнер ордасына айналуына қаншалықты алғышарттар бар?

– Мен Айгүл Иманбаева деген қызымыздың көзсіз ерлігіне бас ием. Оның қазақ театрының тарихына енгізген жаңалығы үшін тәнтімін. Ерлік емей немене?Жоқ жерден өз қаражатына жеке театр ашу – бұл көзсіз ерлік. Айгүлдің істеген батыл қадамына, мүйізі қарағайдай елге танымал актер ағаларымыз немесе драматург мырзалар бара алды ма? Театр ұғымын ел арасына басқаша қырынан таныта алды ма? Барлығы тек мемлекет қолдау көрсеткен театр ұжымдарында ғана қызмет етіп, жеке дара театр ашып басын ауыртқысы келмейді.

Ал Айгүл шет елде қазақ театр өнерінің туын желбіретіп, намысын қорғап, қазақ театр өнерінің көптеген Еуропа елдерінен биік тұрғанын дәлелдеді. Жан Ануйдың «Медея» трагедиясы халықаралық театр фестивальдерінде екі мәрте бас жүлдеге ие болып, «Гран При» алуы – қайталанбас тарихи оқиға. Европа тамсанды,таңғалды. Македония мемлекетінің ақпарат көздері Айгүл Иманбаева ойнаған «Медея» спектаклін «театр өнерінің гауһары» деп бағалады. Сөйтіп қазақ театрларына Айгүлдің театры жол ашты.

Қазір бұл театр елордамыз Астанада. Жаңа белеске енгендей күй кешуде. Мемлекеттік тұрғыдан тікелей көмек көрмеген жеке театр ұжымы болашақта сөніп те қалуы ғажап емес. Айгүл Иманбаева қашанғы өз қаражатымен өмір сүрсін?!Жеке театрларға да мемлекеттік субсидия керек-ақ. Мемлекет қолдап, демеп жатса, жаңа бағыттағы, жаңа форматтағы театрлар саны көбейері сөзсіз. Әзірге олай емес. Меценаттар тапшы.

Театрға техник мамандар жетіспейді

– Әлемдік театр өнеріндегі қандай жаңалықтар бізге енбей жатыр?
– Егер театрлардың материалдық техникалық базасы жұтаң болса, қандай жаңалық болуы мүмкін? Материалдық техникалық база нығайған күнде де оны меңгеріп кететін мамандар жоқтың қасы. Сондықтан жаңалықтар енгізу үшін алдымен техник мамандарды оқытып, оларға жағдай жасауды көздейтін бағдарлама қабылдау керек. Менің айтып отырғаным – театрды жарықпен, дыбыспен қамтамасыз етіп, көркемдік дәрежеге көтеретін ең маңызды мамандар. Біздің театрларда, әсіресе, аймақтық театрларда, әзірге көбісі көшеден келіп, өз жеткенімен жеткеріп жүрген мамандар легі қызмет істейді. Оларға кінә тағуға болмайды. Себебі олар өзінің алдындағы жылдар бойы көрген-білгенімен қызмет істеген мамандардан үйренгенін алдыңа тартады.
– Мүмкіндігіңіз болса, Қазақстанның театр саласына қандай реформа жасар едіңіз?
– «Көркемдік кеңес» деген қоғамдық ұйымның көзін түбегейлі жояр едім.
– Неге?
– Бұл – актерге де, режиссерға да көмектеспейтін ұйым. Енді көз алдыңызға елестетіп көріңізші, Мұхтар Әуезов мыр­за қолына қалам алып «Абай жолына» кіріскенде бәріміз отырып алып жан-жақтан бұлай емес, былай жазу керек десек, ол кісі сол романды жаза алар ма еді? Орал Таңсықбаевқа суретті былай салмаңыз, былай салыңыз десек не болар еді? Мұхтар Шаханов «Танакөзді» жазған сәтінде оның өлең жолдарын талқыға салсақ, қандай поэма туар еді. Шығарма ол жалғыз адамның жанынан туатын, шабытпен келетін ерекше құбылыс. Осыған біз мән беруіміз керек. Кеңес дәуірінде кірген «кеңес» қазіргі таңда керек пе? Ол «кеңес» суреткерге сенімсіздік ұялатады.

Кеңестің кеңесіне жүгінген актер де, режиссер де өзіндік дара ойынан айырылып, бойына сенімсіздік ұялауы ғажап емес. Кеңес шығармашылыққа кедергі. Егер елдің кеңесін тыңдаса, Сальвадор Дали, Пикассо, Репин, Пушкин, Достоевский, Әуезов, Мүсірепов сынды дарындар болар ма еді.

Кеңестің арқасында қаншама дарындар нәубет жылдары өмірімен қоштасты. Шығармашылықтан түңіліп құрдымға кетті. Бүкіл әлемде жоқ кеңесу біздің қазақ театрында қайта жандана бастады. Жауапты құжаттарды директор мырза сол кеңеске жүгіне отырып қол қоюды әдетке айналдырып алды. Кеңеске жүгінген директорға тиімді. Құжаттан қате кетсе, «Мен оны кеңестің шешімімен қабылдадым» деп жауапкершіліктен тайқу оңайға айналады. «Көркемдік кеңес» – қазіргі уақытта директордың қолшоқпары. Оның сөзін сөйлейтін адамдарды өзі тағайындағаннан кейін көркемдік кеңестен не сұрайсыз? Сондықтан бұл ұйымды түбегейлі жою қажет. Режиссер мен актерге сенім арту керек.

Сұхбаттасқан:
Гүлжан РАХМАН

Сонымен қатар

БАЙ МЕН КЕДЕЙДІҢ АРАСЫ АЛШАҚТАП БАРАДЫ

Қуаныш аға суы бал татыған ұлттық қайнардан нәр алған азамат. Содан ба, оның бойынан қазақы …

One comment

  1. Өтен Ахмет

    Өте сауатты сұхбат. Бұл сөзді Қуандық мырзадан басқа ешкім айта алмас еді. Иесін дәл тауыпсыздар. Ол айтыпты. Жалпы, кеңес деген бәлені қай жерден де құрту керек.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған