«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қожанасыр хикаялары жыр тілінде сөйлейді

0 80

Кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында түрік ақыны Махмут Каяның қазақ тіліне аударылған «Қожанасыр жырлайды» кітабының таныстырылымы өтті. Кітапты қазақша белгілі ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершу сөйлетті. Кітапхананың ғылыми хатшысы Төрегелді Тұяқбай жүргізген  таныстырылымға түрік жазушысы Зафер Кибар, филолог ғалым Шерубай Құрманбайұлы, қаламгер, қонаевтанушы Ораз Қауғабай, түркітанушы ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің жары Оңайша Мақсұмқызы, Гарвард университеті Кеннеди басқару мектебінің түлегі Шыңғыс Мұқан, Мәдениет және спорт министрлігі мен Астана әкімдігінің, «Foliant» баспасының өкілдері қатысты.

Түрік тілінде өткен жылы ғана жарық көрген «Қожанасыр жырлайды» кітабын қазақ тілінде шығару құқығын «Foliant» баспасы иеленді. Бұдан бұрын Маржан Ершу аталмыш баспаның тапсырысымен Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памуктың «Сезім музейі» романын аударған еді. Бұл жолы да Қожанасыр хикаяларын жыр тілімен тәржімалау оның еншісіне бұйырды.

«Қожанасыр дегенде әзіл айтса да, орнымен айтатын, күлдіріп отырып ойландыратын әзілқой, әпенді, артынан зіл тастамай, тек жақсылықты ғана ертіп жүретін жақсы адамның бейнесі көз алдымызға келеді. Қожанасыр хикаялары түркі елдерінің бәріне ортақ. Қазақ, қырғыз, түрік, өзбек, түркімен, тәжік, парсы, татар, башқұрт, қарақалпақ, ұйғыр, башқұрт,  араб, күрд, грек, хакас, авар, шешен, иран,осетин және т.б. халықтар арасында Қожанасырдың астарлы, пәлсапаға толы әзіл-қалжыңдары кеңінен тараған. Осыдан 10 шақты жыл бұрын Қожанасырдың 600 жылдығын дүниежүзі атап өтті. Қожанасырдың шығу тегі, өмір сүрген дәуірі, туған-өлген жылы туралы әртүрлі деректер айтылады. Осы кітапта Махмут Кая оның Селжүктер заманында өмір сүріп, Ақшеһир қаласында тұрғанын, сол қалада оның моласы бары жайлы деректерді алдымызға тартады. «Бүгінгі заманымыздың оқырмандарына, әсіресе жастарға Қожа Насреддиннің хикаяларын қарасөз түрінде емес, жыр тілінде баяндасам, жүректеріне жетер деп ойладым» деген еді Махмут Кая өзінің кітапты жазудағы мақсаты жөнінде. Махмут Кая тұңғыш рет жыр жыр тілінде сөйлеткен Қожанасыр хикаялары енді менің аудармам арқылы оқырманға қанат қағып отыр» дейді М. Ершу.

Суретші Эрсан Перчемнің суреттерімен әдемі болып шыққан бұл кітаптың ерекшелігі де сол, Қожанасырдың хикаялары алғаш рет өлең түрінде жарияланып отыр. Өлеңдер қысқа да нұсқа, жеңіл тілмен берілген.   Таныстырылымға қатысушылар аударма жайлы жылы пікірлерін жеткізді. Зафер Кибар Түркияда Қожанасырды Қожа Насреддин атайтынын, ол өз дәуірінде имам болғанын, Махмут Кая ақын ғана емес, үлкен ғалым екенін қоса кетті. Жиын соңында Маржан Ершуға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Алғыс хаты тапсырылды.

 

 

        

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды