«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қосымша жеңілдіктер қарастырылады

0 33

Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында шаһарда туберкулезге қарсы қолданылып жатқан шаралар мен осы ауруға қатысты эпидемиологиялық жағдай қаралды.


Отырыста депутаттар сауалдарына тиісті сала мамандары жауап берді. Атап айтқанда, құрт ауруына шалдыққандар жеңілдіктерге ие азаматтар санатына жатады. Оларға әлеуметтік төлемдермен қатар азық-түлік, қоғамдық көлікте жүру билеттері беріледі. Бұл тарапта осы ауруды емдейтін диспансер дәрігерлері ай сайын берілетін әлеуметтік төлемдер сомасын көбейтуді ұсынды.
Қоғамдық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Қамалжан Надыров Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшылығымен бірге туберкулезбен ауыратындарға қосымша жеңілдіктерді беру мәселесін қарастыратынын айтып, мысал ретінде Қызылорда өңірінің үлгісін келтірді. Оның айтуынша, Сыр бо­йында бұл дертке ұшырағандарды өмірде қиын жағдайда қалған адамдардың қатарына енгізіп, та­­быстарына қарамай, әлеуметтік төлемдерді 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін көтерді.
Ведомство басшысының сөзін қуаттаған туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Анна Цепке туберкулезбен ауырып болғандарды жұмысқа тұрғызу ісі басталғанын, қазір әлеуметтік бейімдеу мәселесі ілгерілеп жатқанын айтты.
«Қазір Жұмыспен қамту орталығымен бірге осы азаматтарды оқыту және әрі қарай жұмысқа орналастыру мәселесін қарап жатырмыз. Санаторлық-курорттық емдеу мәселесі қалада шешілген. Емдеу аяқталған соң науқастарды соған жібереміз. Туберкулезбен ауырғандарға ғана емес, тыныс алу жолдары ауруларымен ауыратындарға да Бурабайдағы бейімдеу орталығына жолдама беру мүмкіндігіне иеміз» деді ол.
Отырыста соңғы 10 жылда Астанада туберкулезден қайтыс болу көрсеткіші 4,4 пайызға азайғаны айтылды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, құрт ауруына шалдыққан әр бесінші адам Астанаға кейінгі бір жылдың көлемінде көшіп келген. Бұл дертке душар болған әр екінші адамның тұрақты жұмысы жоқтығы, олардың 25 пайызының табысы төмен екені анықталған. Мұның үстіне туберкулезбен ауырғандардың жартысының басында баспана болмай, жалдамалы пәтерлерде тұрғаны белгілі болған.
Осы дерт Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Әзербайжан, Моңғолия, Үндістан, Конго, Литва мен Украинадан келген мигранттарда да анықталған. Олардың көбі жеке кәсіпкерлер мен құрылысшылар. Ауруды емдеуді жалғастыру үшін оларды өз елдеріне жіберу керек. Алайда көші-қон режімі бұзылмаған жағдайда оларды қайтарудың тәртібі заңдық тұрғыдан түзілмеген. Сол себептен туберкулезге ұшыраған 54 мигранттың
23-і ғана қайтарылған. 12-сі емделудің толық курсын аяқтап, Астанада қалды. Жалпы, осы дертке шалдыққан бір адамды емдеуге мемлекет жылына 1 млн теңге бөледі.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды