ҚОСЫМША ҚАРЖЫ ҚАЖЕТ

Астана қаласының мәслихатында 2018-2020 жылдарға арналған қалалық бюджет жобасы талқыланып жатыр. Тұрақты комиссияның мәжілісінде заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс жасау мәселелеріне көңіл бөлініп, сол салаларға бөлінетін үш жылдық мемлекеттік қаржы жайы сарапталды.

Қалалық Ішкі істер департаментінің басшысы Амантай Әубәкіров ведомство атқарған жұмыстарға тоқтала келе, департамент қарамағында жұмыс істейтін қызметкерлердің мұң-мұқтажын айтып, депутаттардан қолдау сұрады. Қауіпсіздік саласында талмай еңбек етіп жүрген азаматтардың басым көпшілігі баспанасыз жүр. Департамент басшысы Амантай Әубәкіров жаңа үйлердің құрылысын бастауды, болмаса полицейлерге қызметтік жатақхана бөлуді ұсынды. Бұл жағдай реттелсе, жұмыстың өнімділігі артып, кадрлардың тұрақтануына сеп болатынын жеткізді.
Осыған ұқсас жағдай Ішкі саясат басқармасы мен Дін істері жөніндегі басқармасында да бар. Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Қаналимов бөлінген қаражат ақпараттық саясатты жүргізуге толықтай жеткілікті дей келе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, Астананың 20 жылдығына дайындық, «Мерейлі отбасы» мен «Жаужүрек полкі» сияқты маңызды мәдени және қоғамдық шараларды өткізуге қосымша қаржы бөлуді өтінді. Бұл ұсыныс­ты мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады.
Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Данияр Есин дін саласына 2018 жылға арналған бюджетті қайта қарастыруды сұрады. Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерғали Егемберді келер жылы қаржы көлемі едәуір ұлғаятынын жеткізді.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Сонымен қатар

АСТАНАДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІС

«Астана» баскетбол клубы ВТБ лигасы аясында өз алаңында Красноярск қаласынан келген «Енисей» командасын қабылдап, 92:75 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған