«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қосымша қаржы бөлінді

0 36

Кеше Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында елорданың 2018-2020 жылдарға арналған бюджеті нақтыланды. Сондай-ақ, мәслихат депутаттары 2016-2020 жылдарды қамтыған қаланы дамыту жоспарына енгізілген өзгерістерді мақұлдады. Күн тәртібінде басқа да бірқатар мәселе қаралды. Сессияға Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

Негізгі баяндаманы жасаған қалалық Стратегиялық және бюд­жеттік жоспарлау бас­қар­масының басшысы Расул Ораз­ғұлов басқармаларға бө­лінген қосымша қаржы көлемін, бұл қар­жы бағытталатын жұмыс­тарды атап өтті.
Оның айтуынша, қаланың кіріс бөлігі 2 млрд 659 млн теңгеге ұлғайды. Бұған қоса, бюджетті то­лық әрі нәтижелі игеру мақ­сатында белгілі бір бюджеттік бағдарламаларға бөлінген қаржы қайта қаралып, 10,1 млрд теңге қала дамуындағы маңызды ба­ғыттарға жұмсалады.
Білім басқармасына 1 млрд 370,9 млн теңге көлемінде қосымша қаржы бөлінеді. Бұл қаржының ең қомақты бөлігі мұғалімдердің жалақысын өсіруге бағытталады. Сондай-ақ, 1-4-сынып оқушы­ларын тамақтандыруға қосымша қар­жы қарастырылған. Бөлініп отырған қаржы балалар үйі ғи­маратын жөндеуге, техника алу­ға, мектепалды даярлыққа жұм­салмақ.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына балалардың жұқ­палы ауруханасының автономды жылыту жүйесіне, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған көліктерді алуға 97,6 млн теңге бөлініп отыр.
Қалада мүгедектер саны 220 адамға көбейді. Оларды ши­пажайларға жіберу, баспанаға зәру жандарға тұрғын үй сертификатын тапсыру, көмекке мұқ­таж адамдарға жәрдем беру, т.б. осы сияқты жұмыстарды ат­қаруға Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына 369,7 млн бөлу қарастырылды.
Өзге басқармаларға, аудан әкім­­діктеріне не үшін қосымша қар­жы бөлінгенін баяндаған Р.Оразғұлов еліміздің 2025 жылға де­йінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыруға бағытталған стратегиялық карта әзірленгенін, со­ған сәйкес 2016-2020 жылдарға ар­налған Астананы дамыту жос­па­рына өзгерістерді енгізу қа­жеттілігі туындағанын айтты. Жалпы алғанда, елорданы дамыту жоспарындағы 125 индикатордың 34-іне өзгеріс енгізілгенін, 4 индикатор оңтайландыру аясында жойылғанын жеткізді.
Жақында мұғалімдерге, дәрі­герлерге, полиция қыз­мет­кер­леріне баспана алу үшін 1 млн тең­ге көлемінде әлеуметтік кө­мек беру ұйғарылды. Құры­лыс және тұрғын үй саясаты бас­қармасының басшысы Руслан Ахметов тиісті ережені бе­кітуді сұрады. Сондай-ақ, ол М.Жұ­мабаев даңғылын А.Бай­тұрсынов көшесінен бас­тап №44 көшеге дейін салуға жә­не оңтүстік-батыс айналма жо­лының құрылысын жүргізуге жалпы 0,0590 га құрайтын екі жер те­лімін мемлекет мұқтаждығы үшін сатып алуға 134 млн тең­ге қарастырылғанын айтты. Де­пу­таттар бұл шешімдерді бір­ауыздан мақұлдады.
Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының бас­шысы Бақтыбай Тайталиев пар­кингтердің салықтық базалық ставкалары туралы баяндады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды