-->

Қосман Айтмұхаметов су тасқынына қарсы жұмыстың картасымен таныстырды

erm_0322

Астанада су тасқынына қарсы жұмыс тобы құрылды.  Белгіленген жоспарға сәйкес, су басу қаупі бар 37 учаскеде кешенді шаралар қолға алынды.  Бүгін елордалық журналистер жауапты құрылымдардың жұмысымен танысты.

Мамандар, алдымен Есіл өзенінің жоғарғы ағысындағы қардың көлемі шамадан 20-30 %-ға көп екенін анықтаған. Ал қалыпты норма 50 мм болуы тиіс екен. Сәйкесінше, Астана су қоймасына 200-280 млн текше метр көлемінде су келуі мүмкін. Дәл қазіргі уақытта Астана гидроторабы маусымдық қар суын өткізуге толықтай дайын.

«Су басу қаупі бар алаптың бірі – «Көктал» тұрғын алабы.  Сарыарқа ауданында су тасқынына қарсы шаралар легі күшейтіліп, кешенді жоспар бойынша жұмыстар қолға алынды. Биылғы жауған қардың көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Соған қарамастан, қар жинау жұмыстары мен сақтық шаралары жоспарға сай жүргізілуде» дейді «Сарыарқа»  ауданының  әкімі Арман Тұрлыбек.

erm_0290

Жалпы, Астана су қоймасының қуаты 410 млн текше метрді құрайды. Бүгінде ондағы жиналған судың көлемі 285,9 млн текше метр.  Су ағынын қауіпсіз өткізу мақсатында қосымша сыйымдылықты дайындау үшін «Казводхоз» РМК мекемесімен бірлескен шаралар қабылданған.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов өз кезегінде  қаланың су тасқынына қарсы дайындығын көрсететін  картамен таныстырды. Онда қауіпті аймақтар мен учаскелер  белгіленген. Сонымен қатар, қар шығару жұмыстарының сызбасы да көрсетілген. Қала басшылығы Кіші Талдыкөлдің аумағына жауапты мемлекеттік органдар мен құрылыс компанияларын жұмылдырған. Төтенше жағдайлар департаменті де қауіпсіздік шараларын күшейтуде.

Жалпы, 13 наурызға дейін елорда аумағынан 4,9 млн текше метр қар шығарылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп.  Қар жинау жұмыстары 20 наурызға дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, маусымдық шараға 1,4 млрд теңге қарастырылған, бұл барлық қажетті шығынды жабуға жетеді, дейді елорда әкімдігі.

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*