«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қош бол, қаламгер әріптес!

0 112

Белгілі журналист, Президент грантының иегері, «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері Әлисұлтан Құланбай әулеті мен әріптес­терінің қабырғасын қайыстырып, 64 жасында кенеттен дүниеден өтті.

Қазақ журналистикасының еңбекқор өкілі күтпеген жерден ажалдың қапысыз оғына тап келіп, бұл дүниенің шынында жалған екенін танытты.
Бүгінде қатарына қадірменді, елге сыйлы болып үлгерген Әлисұлтан Мұқанәліұлы 1954 жылғы 21 қаңтарда Алматы облысы Ұйғыр ауданының Үлкен диқан ауылында дүние есігінен аттаған еді. Ал 1984 жылы Қазақ мем­лекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін республикалық «Еңбек таңы» журналында, «Ауыл» («Дала дидары») газетінде, «Қазақстан Республикасы бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссия­ның жаршысы» журналында түрлі қызметтер атқарды. Ал 1996 жылдың 1 наурызынан өмірінің соңына дейін табан аудармай «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет істеді. Тә­уелсіз еліміздің қалыптасу кезеңіндегі саясат, экономика мәселелері жөнінде өткір де бағалы мақалалар жазды.
Журналист ретінде ойы озық, қиялы ұшқыр, тілге бай қаламгер бола білген Әлекең адам ретінде барынша салмақты, салиқалы, кең жүректі, мол парасатты азамат еді. Оның адам баласына қылдай қиянаты, зәредей зияны жоқ еді. Қандай бір қиын мәселені де өзіне тән сабырлылықпен, ақыл-парасатпен шешетін.
Алла алдыңнан жарылқасын, бақұл бол, әріптес қаламгер!

«Астана ақшамы» газетінің ұжымы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды