«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қос дарынға қошемет

0 80

Еліміздің іргелі оқу орны – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі жазушы, кинодраматург, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Айгүл Кемелбай және ақын, журналист, халықаралық «Мәдениет майталманы» медалінің иегері Жұлдыз Тойбектің «Мизам шуақ» атты шығармашылық кеші өтті. Кешті Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, университеттегі «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі Кенжеғали Мыржықбай жүргізді.

Кешке елімізге белгілі ақын-жазушылар, профессор-оқытушылар, студенттер жиналды. Бірлестік жетекшісі Кенжеғали Мыржықбай екі талантты қыздың өмірбаянымен қысқаша таныстырып өтті. Сөз арасында Айгүлдің ұлылар мекені – Абайдың, Жұлдыздың Қаз дауысты Қазыбек би топырағынан екендігін және екеуінің де Семей полигонының қасіретіне куә болған жандар екенін тілге тиек етіп өтті.

Журналистика және саясаттану факультетінің студенттері ақын Жұлдыз Тойбектің өлеңдерін жатқа оқыды. Жазушы Айгүл Кемелбай студенттердің қойған сұрақтарына орай өз шығармашылығы жайындағы қызықты әңгімелерді тілге тиек етті. Қазақ әдебиетінің кешегі мен бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында тұшымды пікірлерін ортаға салды. Одан кейін Ж.Тойбек те өнегеге толы өз өлеңдерін оқып, тыңдармандарының ризашылығына бөленді.

Классикалық ән өнерінің мэтрі Кенжеғали Мыржықбай кездесуге келген қарындастарына арнап әуелетіп әдемі ән салып, кештің шырайын одан сайын аша түсті. Залда көрермен болып отырған студенттер сол жерде суырып салып шығарған өлеңдерін оқып беріп, кеш көрігін қыздыра түсті. Кеш соңында алыстан ат терлетіп, арнайы келген белгілі жазушы Мағира Қожахметова апай:

– Жастар, сіздер көбіне әншілерді, тележүргізушілерді, комментаторларды білесіздер. Бірақ сіздер Айгүл мен Жұлдыз сияқты ақын, жазушы қыздарды біле жүргендеріңіз дұрыс. Сіздердің алдарыңызға шыққан қыздар – біздің қазақ руханиятына еңбегі сіңген жандар. Жұлдыз ҚазМУ-ді бітірген соң менің шығармашылығым туралы диплом жазып, оны үздік қорғаған. Өте қарапайым адам. Бойындағы импровизаторлық қасиеті, ақындығы, журналистігі, ғалымдығы бола тұра, соны бағаламай келген осыншама қарапайымдылығына қайран қаламын. Өзінің бала-шағасының мұң-мұқтажымен жүріп, енді ғана елдің алдына шығып жүр. Бұл да бір ерлік деп ойлаймын, – деген жылы лебізін білдірді.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің политология кафедрасының профессоры Нәубат Қалиев:

– Айгүл Кемелбаева қазақ прозасының, қазақ әдебиетінің есігін еркін ашты. Елімізге 18 жасында танылды. Содан бері өсіп, шыңдалып келеді. Керемет бір құндылығы – Мәскеудегі атақты М.Горький атындағы Әдебиет институтының проза бөлімін бітірді. Айгүлдің қолыма тиген туындыларын оқып жүремін. Жазғандары адамның жанына әсер етеді. Биыл жазда «Алакөл» деген дүниесін оқыдым. Өмірдің шындығы. Жүрегің ауырмай, сыздамай оқу мүмкін емес. Әдебиеттің мақсаты, міне, осында.

Сахнадағы шығармашылық адамдар мен көрермендер арасында еркін сұхбат құрып, өлең оқылып, ән шырқалған кеш өте тартымды өтті.

Мақпал ЕШТАНАЕВА,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің

журналистика және саясаттану факультетінің аға оқытушысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды