«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қос азаматтық – қос мекенділік

0 17

Қалтасына қос мемлекеттің төлқұжатын салып алып, сайрандап жүретіндерге заң жүзінде
тыйым салынады. Кеше Мәжіліс депутаттары Тәжікстанмен көші-қон саласындағы ынтымақтас­тық туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады.

Осы келісім қос азаматтығы бар адамдарды тез табуға көмектеседі. Айтпақшы, Парламентте келісімді таныстырған Ішкі істер министр Қалмұханбет Қасымов мұндай заңдық құжаттар Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан, Қырғызстан, Армения және Грузиямен да жасалатынын мәлімдеді.
Министр мынадай мәліметті келтірді: бүгінге дейін 15 200 Тәжікстан азаматы қос елдің төлқұжатымен сол жақта тұрып, Қазақстанға келіп, зейнетақы алып жүріпті. Өйткені Тәжікстан конституциясы оларға қос азаматтық алуға рұқсат береді. 15200-дің 555-і жауапкершілікке тартылып, 102-сі елден қуылған, қалғаны айыппұл төлепті. Бұл – біздің шекара және әлеуметтік қыз­меттеріміз анықтаған деректер. «Келісімсіз бұл мәселе шешілмейді. Өйткені мәлімет сұрасақ, жеке адамға қа­тыс­ты ақпаратты құпия деп бермейді. Ал бүгінгі құжат арқылы өз азаматымыздың Тәжікстанға барып, азаматтық алғанын біле аламыз. Тәжік парламенті бұл келісімді 2018 жылы шілдеде мақұлдады» деп түсіндірді министр.
Ресми статистика бойынша,2018 жылдың 11 айында Қазақ­станға 493 мың тәжік азаматы кел­­ген. Соның ішінде тек 56 мыңы ғана тіркеліпті. Қалғандарының қайда жүргенін ешкім білмейді. Бір анығы, сол 56 мыңның 48-і былтыр, 59-ы биыл ұрлық жасап ұсталған. Бұдан былай, Қазақстанға келіп, 30 күн ішінде ресми тіркелмеген тәжіктер тиісті жауапкершілікке тартылады.
Қос азаматтыққа көптеген елдер қатаң тыйым салған. Мысалы, Әзербайжан парламенті 2014 жылы қос азаматтық үшін қылмыстық жаза енгізді. Қытай заңнамасы сол елдің азаматтығынан шықпай, басқа бір елдің азаматтығын алуға тыйым салады. Бұған Сыртқы істер министр­лігінің қос азаматтығы бар Қытай қазақтарын босатуға көп күш жұмсағаны дәлел. АҚШ-тың конституциясында: «Мен АҚШ азаматтығын қабылдай отырып, осы күнге дейін азамат болған кез келген мемлекетке адал болудан бас тартамын!» деген сөздер жазылған. Біздің Ата заңымызда қос елдің азаматы болу деген түсінік жоқ. Қос азаматтыққа заңмен тыйым салынған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды