«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қорқаулар апаны

0 76

2015 жылы Астана қаласында кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл жасалды. Шолақ мылтықпен қаруланған белгісіз біреулер үй иесі мен оның әйелін және он жеті жасар баласын атып өлтіріп, ақша сақталған сейф пен қолға іліккен барлық құнды дүниелерді қолды қылған. Тек айқай-шу шыққанда кереуеттің астына тығылып қалған үй иесінің сегіз жасар кіші баласы ғана тірі қалыпты.

Білектегі жылан белгі

Із кесушілерге бұл қылмыс­тық істің ізін суытпай ашу мүмкін болмады. Қанішерлердің бұған алдын ала ұзақ дайындалғаны байқалды. Сақ­шылардың қолына ешбір салмақты дәлел ілікпеді.
Болжам бойынша сағат түнгі үштер шамасында үш-төрт адам дуалдан аулаға қарғып түсіп, коттедждің сыртқы есігін бұзып кірген. Осы кезде шырт ұйқыдан шошып оянған үй иесі қорғанбақ болып шкафтағы аңшы мылтығына ұмтылғанда басынан ауыр соққы алып, есінен тана құлаған. Ал әйелі мен он жетіге енді толған баласын жендеттер байлап тастап, үйдегі барлық қымбат заттарды қымқырған. Біраз уақыттан кейін есін жиған отағасының денесін қанішерлер үтікпен күйдіріп, ішіне бірнеше жерден үшкір нәрсе тыққан. Сейфті өздерімен бірге алып кетулеріне қарағанда ол қарсыласып, ақшаны өз қолымен бермегенге ұқсайды. Арада біраз уақыт өткенде кәсіпкердің тірі қалған сегіз жасар ұлы кәмелетке жасы толмағандармен жұмыс жөніндегі полиция қызметкеріне үйге түскен қарақшылардың біреуінің оң жақ білегінен жылан белгі татуировканы көргенін айтады.
Міне, жеткіншектің осы сөзі тергеуші Аслан Аймұқановтың қолына алғашқы ілікті ұстатқандай болды. Рас, қай­талап сұрағанда бала қорыққаннан екі қолымен екі құлағын басып алып, басын көтере алмағанын айтып, сөзін нақтылай алмады. Дегенмен тәжірибелі тергеуші «жылан татуировка» дегенді өзінше өрбітіп, барлық қылмысты іздестіру жоспарын осы төңіректе құрды.

Өткенге шегініс

Оның ұзақ уақыт архив материалдарын ақтаруына тура келді. Осы сөзді ол бұрын да бір жерден естіген сияқты болды да тұрады. Дегенмен дәл қай жерден естігені есінде қалмапты. Сондықтан айлап көз майын тауысып, бұрын қарақшылық шабуыл жасап, кісі тонап, адам өлтіріп сотталғандардың істерін қайта көтеріп, қарап шықты. Нәтиже болмады.
Арада үш-төрт ай уақыт өтті. Аслан Аймұқанов жұмыс барысымен көршілес Қостанай облысына барды. Негізгі шаруаларын тиянақ­тап алғаннан кейін қолы сәл қалт еткенде өзі тергеп жүрген түйінді қылмыстық іске де қатысты мәселелерді қаузай жүруді ұмытқан жоқ. Бұрын қарақшылық топ құр­ған қылмыскерлер туралы сұрастырды. Осында келгелі жол бастаушы болып, ол орналасқан қонақүйге жиі бас сұғатын майор Серік Есмұқановқа да жылан татуировка туралы айтып берді. Міне, осындай талмай ізденістің нәтижесінде іссапар аяқталар күні ойламаған жерден қолға алған жұмысына сеп болардай сәл де болса мәлімет алғандай болды.
Түскі үзілістің алдында Серік Есмұқанов осыдан жиырма жыл бұрын Жітіқарада кассаға қарақшылық шабуыл жасап, сотталған «Сава» деген лақап атпен тараған Савелий Пенчук туралы естіген мәліметін айтты. «Уақытың болса, мұрағаттан сұрау салып алдырытып қарауға болады» дегенді де қосып қойды. Сөйтіп астаналық тергеуші іссапар уақытын тағы бір-екі күнге ұзартты. Дереу сұрау салдырып, бұрынғы қылмыстық істі алдыртты. Оқиға 1992 жылы болған екен. Асықпай, бажайлап, қарап отырып, осы қылмыстық істің ішінен топ серкесі Савелийдің суретінен оның оң жақ білегіндегі жылан татуировка бейнесін айқын көрді.
Одақ келмеске кетіп, елді жаппай қиыншылық жайлаған кез. Міне, осы тұста жау жағадан алғанда, ит етектен тартқандай болып, жол мекемесінің кассасына қарақшылық шабуыл жасалған. Қара ниеттілер кассир мен оны алып келген жүргізушіні ауыр жаралаған. Ал тағы бір адам басына тиген оқтан ауруханада көз жұмыпты. Алайда сол жолы із кесушілер барынша жіті қимылдап әрі тұрғындармен сауатты байланыс орнатудың арқасында топтың бір мүшесін үш күннен кейін қолға түсіреді. Ал С.Пенчукті артынан бір айдан кейін Қарағанды қаласында тұтқындаған. Сол жылдың күзінде болған сот Евгений Нечаев пен Илхам Саламатиннің әрқайсысын жиырма жылға бас бостандығынан айырып, ал топ жетекшісіне жиырма екі жыл үкім кесіпті. Ана екеуінің тағдыры белгісіз. Ал Савелиий Пенчук темір тордан 2014 жылы босап шығыпты.

Түнгі жортуыл

Темір тордан босап шық­қанда Савелиий Пенчукті ешкім де күтіп тұрған жоқ еді. Жасынан теріс жолға түсіп, қаңғыбастықпен күн кешкен одан жақындары о бастан-ақ іргесін аулақ салған болатын. Ал бірде ауру, бірде сау жалғыз шешесінен бұл үш жылдан кейін хабар үзді. Жиырма төрт жасында мойнына адам қанын жүктеп «ит жеккенге» айдалған кісіні біреу-міреу есіне алады дегенге оның өзі де сенбейтін. Сондықтан ол өскен жері Жітіқараға ат ізін де салмастан, бірден Астанаға келіп табан тіреді.
Ащы өмірдің дәмін аяусыз тартқан ол алғашқы айларда әр қуысты паналап, бетегенден биік, жусаннан аласа тірлік кешті. Кей кезде жертөлелер мен көпқабатты үйлердің шатырларына түнеп жүрді. Сөйтіп жүріп өзіне қаңғыбастардан сыбайлас тапты. Александр Ермолаев пен Никита Лехті осындай үй-күйсіз жүргендердің ішінен өзіне тарта бастады. Расында, Савелийде адамды өзіне үйіру қабілеті болды. Қорқу дегенді білмейтін, асқан қатыгез. Сонымен қатар жанындағыларға достыққа адалдығын да таныта алады. Бір-екі рет осындай қабілетін байқатқаннан кейін жаңағы екеуі оның айтқанына құрақ ұшып тұратын болды.
«Бүгін кеште біз басқа қаладағы ломбардқа барамыз» деді ол бірде қасындағыларға. Сендердің міндеттерің тек маған такси ұстап, әзір тұру». Бұл 2015 жылдың наурыз айы болатын. Сөйтіп олар таксимен Астанадан Қарағандыға келеді. Қасындағы екеуін жүр­гізушімен бірге таксидің ішінде қалдырып, өзі бұрын көз қырына алып жүрген жас қыз ғана отыратын ломбардқа баса көктеп кіріп, барлық ақша мен алтын бұйымдарды еш айқай-шусыз беруін талап етеді. Жас қыз дабыл нүктесін баспақшы болғанда оны тамағынан пышақпен орып жібереді. Сөмкесіне қолына іліккеннің бәрін салып, есікке ұмтылғанда, алдынан кездейсоқ бір жігіт жолығады. Оған да ойланбастан қолындағы пышақты сұға салып, таксиге есіктің алдына келуді бұйырады. Жанталасқан қорқаулар тротуармен баса көктеп, үй-үйдің арасымен қаша отырып, үлкен жолға шығады. Міне, осы жерде ол машинаны тоқтатып, такси жүргізушісі Рамир Усмановқа еңбегің деп жүз мың ақша береді. Қалған олжаны сол жерде достарымен бөлісіп, Рамирге «сен ештеңе білмейсің, ештеңе көрген жоқсың» деп уәдесін алады. Алайда Осакаровкадан асқаннан кейін «басым айналып келе жатыр, сәл тынығып алайық» деген желеумен машинаны күре жолдан бұрғызады. Сөйтіп алдын ала дайындалған кендір жіппен қаннен-қаперсіз отырған жүргізушіні буындырып өлтіреді де, қасындағыларға «мынаның сөзінен сенімсіздік, көзінен үрей байқадым. Ал су жүрек адам біз үшін қауіпті» деп түсіп жүре береді.

Ақырғы жанталас

Осы үш адамнан тұратын қарақшылар тобы Арқалық, Көкшетау, Павлодар қалаларында да бірнеше үй мен адамды тонап, 2015 жылдың сәуірінен қыркүйек айына дейін он тоғыз рет қарақшылық шабуыл жасаған.
Елордадағы бизнесмен Ислам Иматовтың отбасына жасаған қастандығы қандықол С.Пенчуктің соңғы әрекеті болды. Жіптің бір ұшы қолына іліккен майор Аслан Аймұқанов оны жедел тұтқындау әрекетіне кірісті. Із кесу жоспары жасалып, тәжірибелі полицейлерден жасақталған арнаулы топ құрылды. Учас­келік инспекторларға тапсыр­ма берілді. Пәтерлерін жалға беретін, пәтер жалдайтындардың барлығы дерлік астыртын тексерілді. Біраз уақыт нәтиже болмады.
Арада екі ай уақыт өткенде Аманкелді Иманов көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің бірінің тұрғынынан қаңғыбастар кештетіп кіріп кетіп, үйдің шатырына түнейтіндігі туралы учаскелік инспекторға шағым түсті. Инспектор сол бойда аға тергеуші Аслан Аймұқановты хабардар етеді. Асықпай келіп, кіреберіске орнатылған бейнебақылауды қараса, расында да, кешкі сағат 21:00-ден кейін үш адам есік алдында күтіп тұрып, тұрғындармен бірге ішке енеді екен. Сосын баспалдақ арқылы тоғыз қабатты үйдің шатырына көтерілетін көрінеді. Алайда полиция басшыларына бір нәрсе түсініксіз болды. Осыншама қарақшылық шабуыл жасап, талай адамды тонап, құнды, бағалы заттарды қолды қылып жүрген адам осындай өте жайсыз шатырда тұруы мүмкін бе?
Банды тобын тұтқындауға арнаулы жасақ дайындалды. Төменгі үш қабаттағы тұрғындар уақытша басқа қауіпсіз жерге көшіріліп, тұтқиылдан шабуылдау уақыты да белгіленді. Деген­мен осы операцияға басшылық етуші полиция полковнигі полиция майоры Аслан Аймұқановқа шатырды өзі барып тексеруді тапсырды. Түнгі сағат он екілер шамасында көпқабатты үйдің жоғарысына көтерілген майор шағын ғана темір есікті көрді. Қолындағы шырағданының жарығын түсіріп итеріп көріп еді. Арғы жақтан «бұл кім?» деген қарлығыңқы дауыс шықты.
– Баламның батпырауығы шатырға ілігіп қалыпты, соны алайын деп едім.
– Мұнда ешқандай батпырауық жоқ, үйіңізге қайтыңыз, – деді жаңағы дауыс одан сайын зорайып.
– Жоқ, мен көрдім. Ілініп тұр, – дегені сол еді, арғы жақтан небір анайы сөздер естілді. – Сіз кімсіз, неге боқ­тайсыз? – дегені сол еді, қосауыз мылтықтың дауысы күрс ете түсті. Бір ажалдан аман қалған майор бірден шабуылға команда берді. Банды тобының үшеуінде де қару болып шықты. Барынша қарсыласып бақты.
Қорқаулар апанындағы жанталас кезінде Александар Ермолаев тоғызыншы қабаттан жерге секіріп кетсе, Савелий Пенчук өзін-өзі атып өлтірді. Тек ішіне оқ тиген Никита Лех қана қолға түсті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды